Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 12:37

Бұл – сенім эрозиясы

Шалқар Нұрсейітов
Шалқар Нұрсейітов. Фото: Азаттық Радиосы

 Қазір қоғам арасындағы әуежайдағы оқиғаны қойылым деп атап жатқандар көп. Биліктің қанша проблеманы көрмей, осы әрекетке келгенде жылдам реакция танытып, Мұса Әбдірайымды бірден мараппаттауын да сынап жатыр.

 Бұл "Тасмағамбетовтың мәлімдемесініе орай ұйымдастырылған спектакль" деп айтып жатқандар да бар. Бұдан бөлек, "20 мыңдық" блогерлердің осы оқиғаны белсенді жазуы да қоғам арасында күдікті күшейте түсті. Осы орайда Jas Alash саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовқа бірнеше сұрақ қойды.

Бұл жердегі басты мәселе – сенім эрозиясы. Әлеуметтік ғылымда сенім кризисі, сенім эрозиясы деген түсінік бар. Жұрттың не үшін сенбей жатқанын осы сенім эрозиясы арқылы түсіндіруге болады. Яғни жылдар бойы, біздің жағдайда ондаған жылдар бойы биліктің уәдесінде тұрмауы, коррупцияға белшесінен батуы азаматтардың жергілікті биліктен, соттан әділеттілік іздеп, оны таппауы, бұдан бөлек, 30 жылдық тарихымызда бірде-бір рет ашық, әділ сайлау, референдум өтпеуі, билік қабырғасында азаматтардың пікірі, даусы естілмеуі, түрлі саяси репрессиялар мен даулар, мемлекеттік пропаганда, осыған дейін халықтың көңілін аулау үшін түрлі манипуляцияның қолданылуы себептерінен мемлекеттік институттардан азаматтардың көңілі қалып, сенімсіздігі арта береді. Бұл Қазақстан сияқты автократиялық мемлекеттерде де, демократиялық елдерде де бар құбылыс. Кешегі әуежайдағы оқиғаға азаматтардың күмәнмен қарауын осымен түсіндіруге болады.

Ал Шерзат Болаттың кейсінде билік барынша полицияны қорғауға тырысты. Өйткені кез келген авторитарлық биліктің арқасүйер күші – күштік құрылымдар. Оның ішінде әрине, полиция да бар. Қаңтар оқиғасы, Жаңаөзендегі трагедияда да бұдан басқа қаншама азаматтардың бейбіт протестері, митингілері кезінде полицияның азаматтарды қорғаудың орнына, керісінше, олардың конституциялық құқығын атқарушы биліктің бұйрығымен шектегенін көрдік. Сондықтан Шерзат Болаттың кейсінде азаматтар әділет талап етіп, наразылыққа шығуы мүмкін деген үреймен билік барынша алдымен Шерзат Болаттың туыстары мен әкесін көндіру арқылы олардың аузымен елді тыныштыққа, бірлікке шақыруды тұрақты түрде байқадық. Ақырында ондай әдіс әділеттікке қол жеткізуге мүмкіндік бермейтінін Шерзат Болаттың әкесі түсінгесін, оның өзі наразылыққа шыға бастады. Тіпті президенттің өзі бұл іске араласып, сұхбатында азаматтарды жікке бөлуге тырысты. Сондықтан бұл жерде полиция мен атқарушы билік, жалпы саяси режим бір тарап екені көзге ұрып тұрды. Бұл таңғалатын нәрсе емес. Ол жерде билік жылдам әрекет етуге немесе Шерзаттың өлімін тезірек зерттеп, әділетті жылдам орнатуға ниетті болған жоқ. Ең басты мақсат – барынша наразылық көңіл күйдің ауқымды жайылуына жол бермеуге тырысты. Шерзаттың туыстары қалада көшені жауып, бейбіт шеру өткізгенін көрдік. Сол кезде қала әкімінің және полиция мен прокуратураның іс қимылынан да бұл жағдай көзге ұрып тұрды. Меніңше, атқарушы билік пен полиция азаматтарға қарсы бір тарап болған кезде, өкінішке қарай, әділетке қол жеткізу мүмкін емес.