Қоғам

Бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцов төрт жылға сотталды

Алматыда Ресей православ шіркеуінің (РПШ) бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцовқа қатысты сот үкімі шықты.

Иаков Воронцов

Сот оны алты жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдаған. Алайда жаңа Конституция қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылық қолданылып, жаза мерзімі төрт жылға дейін қысқартылды. Воронцов тағылған айыпты мойындамаған.

Істі Алматы қаласы Медеу аудандық сотының № 2 соты қарады. Воронцов Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі бойынша өткізу мақсатынсыз психотроптық заттың аналогын аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алып, сақтағаны үшін кінәлі деп танылды.

Тергеу мәліметінше, Воронцов тұрған үйді тінту кезінде 2,44 грамм 3-CMC меткатинонының аналогы табылған. Бұл мөлшер аса ірі көлемге жатқызылған.

Сот мәліметінше, айыптау тарапының дәлелдері ретінде тінту нәтижелері, сараптамалар, куәгерлердің жауаптары және іс бойынша басқа да материалдар ұсынылған. Ақпан айында жүргізілген медициналық куәландыру Воронцовтың каннабиноид қолданғанын көрсеткен. Бұған дейін ол каннабиноид қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 тәулікке қамалған.

Бұл бап бойынша үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот Воронцовқа алты жыл жаза тағайындап, кейін рақымшылықты қолданып, мерзімді үштен бірге қысқартқан. Нәтижесінде ол төрт жылға сотталды.

Сот процесі жабық өтті.

Воронцов ақпан айында ұсталған. Бастапқыда оған есірткі притонын ұйымдастырды деген айып та тағылған. Кейін прокуратура бұл айыпты алып тастаған.

Сот процесі 16 қыркүйекте басталған. Алғашқы отырыста прокурор істі журналистер мен көпшілікке жабуды сұраған. Қорғау тарапы бұған қарсылық білдірген. Осыдан кейін Воронцов аштық жариялаған.

Оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов бұған дейін қылмыстық қудалауды саяси деп бағалап, сот отырыстарының жабық өтуіне қарсылық білдірген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз