Бұрынғы вице-министр Ақмәди Сарбасов пара алғаны үшін төрт жылға сотталды
Үкімді Алматы қаласының Алмалы аудандық соты шығарды.
Бұл іс бойынша барлығы бес адам сот алдында жауап берді. Олардың барлығы Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен Бірінші кредиттік бюро арасындағы заңсыз ынтымақтастыққа қатысты айыпталған.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бұрынғы басшысы Дәулет Арғандықов пен Бірінші кредиттік бюроның экс-басшысы Руслан Омаров 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылды. Сот оларды бірнеше бап бойынша, соның ішінде сыбайлас жемқорлық және зиянды бағдарламаларды пайдалану бойынша кінәлі деп таныды. Дегенмен, кейбір айыптар бойынша ақтады.
Орталықтың тағы екі қызметкері Тәуке Болатбаев пен Ақжол Дошимов зиянды бағдарламаларды пайдаланғаны үшін үш жылға сотталды. Алайда рақымшылық заңына сәйкес олардың жазасы екі жылға дейін қысқартылды. Екеуі де сот залында қамауға алынды.
Руслан Омаров пен Дәулет Арғандықовқа мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салынды. Ал Болатбаев пен Дошимов бір жыл бойы ақпараттық жүйелермен жұмыс істей алмайды.
Сотталған бес адам да жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Бұдан бөлек, 75 мың доллар (шамамен 39 миллион теңге) мемлекет кірісіне тәркіленеді.
2 миллиард теңгеден астам шығын өндірілмейді
Сот отырысында мемлекеттік орталықтың 2 миллиард теңгеден астам болжамды шығынын өтеу мәселесі де қаралды. Алайда судья бұл соманы қылмыстық іс аясында өндіріп алудан бас тартты. Соттың түсіндіруінше, аталған қаражат тікелей келтірілген залал емес, орталықтың ала алмаған табысы, яғни жіберіп алған пайдасы болып саналады. Сондықтан жәбірленуші тарап бұл соманы өндіріп алу үшін азаматтық сотқа жеке талап арызбен жүгіне алады.
Еске салайық, Ақмәди Сарбасов бес жылға жуық уақыт Еңбек вице-министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2025 жылдың сәуірінде Еңбек ресурстарын дамыту орталығын басқарды. Алайда бірнеше айдан кейін тергеуге алынды.
Былтыр 28 маусымда Алматыда 75 мың доллар көлемінде пара беру кезінде Бірінші кредиттік бюроның бас директоры Руслан Омаров, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басшысы Ақмәди Сарбасов және орталықтың бұрынғы басшысы Дәулет Арғандықов ұсталған еді.
Тергеу нұсқасы бойынша, Бірінші кредиттік бюро басшылығы қазақстандықтардың жеке деректерін алу үшін орталық басшылығына жүйелі түрде пара беріп отырған. Күдіктілердің үйлерін тінту кезінде 370 мың доллар (шамамен 191 миллион теңге) және 4,5 миллион теңге тәркіленген. 30 маусымда сот үшеуін екі айға қамауға алу туралы шешім шығарған.