Біз білмейтін балдыркөктің қандай пайдасы бар?
Балдыркөк теріс калориялы өсімдіктер қатарына жатады. Ол қалай болуы мүмкін? 100 грамм балдыркөкте 19 ккалорий болса, оны қорыту үшін ағзамыз 25 ккалорий жұмсайды. Сонда балдыркөк жеп калория қоспайсыз. Осы себепті мінсіз сымбатқа қол жеткізуді армандайтындар балдыркөк емдәмін ұстап жатады.
Балдыркөктің құрамында полисахаридтер бар. Ол - қабынуға қарсы әсерге ие. Осы себепті ас ішуде балдыркөкті жиі пайдаланатын адамдар салқын тию мен жұқпалы аурулармен сирек ауырады. Сонымен қатар бірнеше пайдалы тұстары бар.
- Қартаюды баяулатады. Балдыркөк арықтауыңызға ғана себін тигізіп қоймай, жастығыңызды ұзағынан сақтауға да көмектеседі. Оның құрамында ағзаңыздағы барлық жасушаларды зақымдалудан сақтайтын белсенді антиоксиданттар бар. Антиоксиданттар қартаюды баяулатады.
- Құрамында кездесетін пектиндер себепті балдыркөк жұқпалы аурулар, шылым шегі, радиация, ішімдік пен есірткі салдарынан ағзаға түскен зиянды заттардан, токсиндерден арылуға көмектеседі.
- Бағзы замандардан бері халық емшілері әлсіздік сезінген адамдарға бір ас қасық балдыркөк шырынын шай қасық балмен араластырып ішуге кеңес берген. Ол адамның күшін арттырып, иммунитетін көтереді.
Трендке айналған балдыркөк шырыны денсаулыққа пайдалы екені рас па?
Соңғы кездері әлеуметтік желіде балдыркөк негізіндегі смузи ішіп, арықтауға болады деген ақпарат көп тарап жатыр. Алайда кейбір адамдар "таяқтың екі ұшы бар" екенін ұмытып жатады. Балдыркөктен дайындалған смузи шынымен салмақ тастауға көмектесе ме? Ол басқа ағза мүшелеріне зиян тигізбей ме?
Дәрігер Маржан Әбдіғалиева балдыркөк денсаулыққа айтарлықтай зиян тигізбейтінін айтты, дегенмен оны кейбір адамдарға жеуге болмайды.
"Балдыркөкті кімдерге жеуге болмайтынына тоқталған дұрыс секілді. Біріншіден, оны бала емізетін, жүкті әйелдер тұтынбағаны абзал, әрине, егер сирек тұтынса, ол кері әсер туғызбайды, ал күнделікті көп мөлшерде жейтін болса, жатыр жиырылып, жүкті әйел түсік тастау қаупі жоғары. Бұдан бөлек, әйелде етеккір циклі басталғанда алғашқы күндері балдыркөк тұтынса, етеккір мөлшері артуы мүмкін. Екіншіден, варикозды тамырлары барларға, үшіншіден, бет аурулары бар адамдарға бұл көкөністі тұтынуға кеңес бермеймін", - деді ол.