«Қазақтелекомның» екі қызметкері екі күн ішінде қаза тапты
4 және 5 тамыз күндері «Қазақтелеком» АҚ-ның екі қызметкері Жамбыл және Қостанай облыстарында байланыс бағаналарын ауыстыру және бөлшектеу кезінде қаза тапты.
Екі жағдайда да жұмыстар кран-манипуляторлардың көмегімен жүргізілген. Бұл туралы Halyqstan телеграм арнасы жазды.
Алғашқы қайғылы оқиға 4 тамызда Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы Аса ауылында болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, 61 жастағы кран-манипулятор жүргізушісі әрі электрмонтер Азалхан Тұрсынов КамАЗ көлігімен байланыс бағанасын ауыстырған.
Жұмыс барысында техника жақын маңдағы электр беру желісінің сымына тиіп кеткен. Соның салдарынан ер адамды электр тогы соғып, оқиға орнында көз жұмған.
Жұмысқа жауапты болып Жамбыл желілік-техникалық цехының жетекші инженері тағайындалған. Ол тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полицияға жеткізілді. Ал кран-манипулятор айғақты зат ретінде Тараз қаласындағы арнайы тұраққа қойылды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, бірқатар сараптама тағайындалды. Құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап, қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексереді.
Екінші қайғылы жағдай 5 тамызда Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы Москалевка ауылында болды.
56 жастағы электрмонтер Мүбарак Бектауов жұмысшылар бригадасымен бірге Апрельская көшесіндегі ескі ағаш байланыс бағаналарын бөлшектеп жатқан.
Кран-манипулятор жүргізушісі бағаналардың бірін көтерген кезде техниканың ілгегі үзіліп кеткен. Құлаған бағана электрмонтердің басына тиіп, алған жарақатынан ол оқиға орнында қаза тапты.
Оқиға орнына келген дәрігерлер ер адамның көз жұмғанын растады. Бұл ақпаратты құқық қорғау органдары мен Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаменті де растады.