Черчесовке айыппұл салынды - ҚФФ
Қазақ тілін мазақ еткен ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовке айыппұл салынды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов мәлімдеді.
«Қателер бар. Бұл туралы кеше ғана журналистермен сөйлесіп, сауалдарға жауап бердік. Черчесовтың әзіл-оспақтары, әрине, шектен шығады. Оның әзіліне қатысты Черчесовпен жеке сөйлестім, мемлекеттік тілдің өзектілігі мен басымдығын түсіндірдік. Барлығын түсіндірдім, әңгіме-дүкен құрдық, жұмыс істедік. Оған айыппұл салынғанын да айтқым келеді. Біз этика бойынша жұмысты жалғастырамыз. Әрқашан», - деді Барменқұлов
Оның айтуынша, айыппұл көлемі 200 АЕК, яғни — 738 400 теңгені құрайды.
Айта кетейік, бұған дейін Черчесовтың баспасөз мәслихаттарында журналистердің қазақша қойған сауалдарын мазақ еткен видеолары тараған.
Аталған жағдайға қатысты ҚР Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан Черчесовтің қазақ тіліне қатысты әрекетіне түсініктеме беруді талап ететінін мәлімдеп, оның әрекетін «орынсыз қалжың» деп бағалады.