Қоғам

Цифрлы кеңістік құру – заман талабы

Жаһандану заманында әлеуметтік желілер цифрландырудың нақты көзі саналады. Сондай-ақ цифрлық сауаттылық – ақпараттық қауіпсіздіктің негізі әрі ХХІ ғасырдағы ең маңызды тақырыптардың бірі болып отыр.

Цифрлы кеңістік құру – заман талабы

Сонымен қатар қазіргі дамыған заманда әрбір адамның цифрлық сауатты болуы өте маңызды. Әрі цифрлы сауаттылық кез келген салада, кез келген технологияда қолданылады. Сол себептен де болар, елімізде цифрландыру арқылы қай салада болмасын, бәсекелестік артып, халықтың өмір сүру сапасы жақсарып келеді. Әсіресе білім беру саласында цифрлы сауаттылықты арттыруға қатысты нақты жұмыстар атқарылып, оқу-тәрбие процесі, ұстаздар мен балаларға, ата-аналарға жүктемелер де біршама азайды. Нақты айтсақ, осы орайда, Қазақстандағы барлық мектепте «Білім беруді цифрлық трансформациялау жағдайындағы инновациялық менеджмент» тақырыбында біліктілікті арттыру курстары жүргізілуде. Аталмыш курс барысында көптеген маманның білім беру сапасын арттыру туралы түсініктері қалыптасқаны анық.

Білім беру саласынан бөлек, цифрландыру елдегі экономиканың дамуына, өнеркәсіп пен халықтың әл-ауқатын жақсартуға, елдің ұлы көштен қалмауына айтарлықтай үлес қосатыны анық. Соған орай, Қазақстанда арнайы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылып, соған орай жастарға жаңа технологияларды меңгеруіне жағдайлар жасалынып келеді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауларында цифрландыру бір саланы бағытты дамытуда ғана емес, алдымен елдің экономикасы мен өнеркәсіптің дамуына түбегейлі өзгеріс әкелуі керектігін баса айтқан еді. Міне, осы цифрландыру арқылы елдегі индустрияларды өркендетуге күш салуға тиіспіз. Индустрия дегенде, ең бірінші онлайн-сауда, мобильді банкинг, денсаулық сақтау саласында болсын, білім беру саласында болсын онлайн қызмет алуға әлі де біраз жағдайлар жасалынуы керек. Мәселен, денсаулық сақтау саласын алатын болсақ, халық онлайн түрде өзіне керекті қызметін онлайн, мобильді қосымшалар арқылы алуы тиіс. Екіншіден, білім беру саласында өткен жылдардағы пандемия кезіндегі жағдайлар немесе климаттық өзгерістерге байланысты оқушылар мен ізденушілер қашықтықтан кез келген уақытта білім ала білуі үшін әрқашан дайын болуымыз керек. Бұған қатысты жағдайлардың жартысы жасалынып та қойды. Дегенмен де әлі де біраз жаңа өзгерістер қажет-ақ. Ал сауда нарығына келсек, халық үйден шықпай-ақ өзіне қажетті дүниесін тапсырыс арқылы алуда. Яғни елімізде онлайн-сауда қазірдің өзінде дамып кетті деп айта аламыз. Әрі халық та цифрландыру жағынан өте сауатты.

Ал тағы қандай салаларға цифрландыру жағы басым болу керек деген сұраққа келсек, бүгінгі таңда халық ең көп жүгінетін арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында осы саланы әлі де біраз дамыту керек. Егер осы салаларға өзгерістер енген жағдайда халық үйден шықпай-ақ, әрі ұзынсонар кезекке тұрмай-ақ өзіне қажетті қызметті онлайн жүйе арқылы алады. Ал цифрландырудың дамуы үшін елімізде білікті ІТ мамандарды әлі де біраз дайындау қажет. Бірақ қазір бір қуантарлығы, Қазақстанның кез келген аймақтарында цифрландыру үдерісі айтарлықтай дамып келеді. Мәселен, қоғамдық көліктердегі қолма-қол ақшамен төлемнің орнына онлайн, немесе арнайы карта арқылы төлем жүйелері дамыған. Әрі бейнебақылау жүйелері де барлық жерге қойылып, халықтың қауіпсіздігі де сақталып келеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жыл басында өңірлерге жасаған сапарларынан түйген ойларын бөлісті. Оның пікірінше, «еліміздің кез келген өңірлерінде цифрландыруға байланысты нәтижелердің бар екені бізді қуантады. Атап айтсақ, қоғамдық көліктерде қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 2 жылда отыз төрт пайыздан сексен пайызға дейін артқан. Қаражаттың оңай түсуінің арқасында қоғамдық көліктердің де жағдайы біршама жақсарып келеді. Сонымен бірге, елдегі бейнебақылау жүйесінің енгізілуі – өлім-жітімнің азаюына біршама әсер етті. Осы орайда, біз Ішкі істер және индустрия, инфрақұрылымдық даму министрлігімен біріге отырып, үлкен тасжолдардағы апаттардың алдын алу мәселелерін шешуді қолға алып жатырмыз. Сонымен қатар Астана Hub-қа биыл барлық облыс орталықтарына ІТ хабар ашуды тапсырдым. Қазіргі таңда олар тек 7 қалада ғана бар. Әкімдіктерден біз тек инфрақұрылым мен базаны сұраймыз. Әрі өңірлерге барған сайын жергілікті ақпараттық технологиялық мамандарының көптеген идеялары бар екенін білемін. Бірақ оларға әлі де аздап тәлімгерлік пен қаржылық қолдау жетіспей жататынын байқаймын» дейді.

Министр айтпақшы, ІТ саласын дамытуға қатысты өңір-өңірлерде көптеген жұмыстар атқарылып жатқандығы рас. Мәселен, Түркістан облысында алдағы уақытта өңір жастары үшін ІТ бағыты бойынша жоғары оқу орындарын ашуға байланысты бастама көтеріліп, жұмыстар жүргізілуде. Соған орай, жуырда ғана Америка Құрама Штатының Pen State Пенсильвания университетінің түлектер және халықаралық бағдарламалары жөніндегі деканы Ствен Барнс арнайы келіп, ІТ университетінің филиалының ашылуына байланысты өз тәжірибелерімен бөлісіп кетті. Әрі ол Түркістанда арнайы ІТ мамандарын даярлайтын оқу ордасын қысқа уақыт ішінде ашып, білікті мамандарын уақытша жіберіп, қазақстандық оқытушылардың біліктілігін көтеруге дайын екендіктерін айтты.

Ал Шымкент облысында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде Астана Hub халықаралық ІТ стартап технопаркі Шымкент қаласы бойынша филиалын құру мәселелері қолға алынған. Қызылорда облысында да дәл солай ІТ парк жұмысын қолға алып, енді елдегі цифрландыру аясында ІТ парк ішінде 3d моделдеу технологиясы, VRAR студия технологиялары, ІТ өнімдерге арналған коворкинг, техно-зертханалар, мен конференц қызметтерді жүзеге асыруда. Бұл  туралы облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары И.Ақжігітов талантты жастарды өздерінің стартап жобаларын әзірлеп, оларды жүзеге асыру үшін инвесторларды тарта алатындықтарын айтқан болатын.

Әзірге Қазақстанда ІТ саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың легі осындай. Бірақ атқарылып жатқан жұмыстар тоқтап қалмай, еліміздің әлеуетін, ресурстарын интеграциялау мен біріктіру жай тренд болып қалмай, әр өңір тұрақты дамуы үшін әлі де ІТ саласында біраз жұмыс атқарады деп ойлаймыз.

Тегтер: Без Тега
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз