Қарағандыда жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілер ұсталды
Қала аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жедел басқару орталығы қызметкерлері бейнебақылау жүйелері арқылы жол қозғалысы жағдайына тәулік бойы тұрақты мониторинг жүргізеді.
Мониторинг барысында қала көшелерінің бірінде көлік жүргізушілер тобының жол қозғалысы қағидаларын өрескел және әдейі бұзу дерегі тіркелді. Анықталғандай, олар қауіпсіздік талаптарын елемей, қауіпті маневрлер жасаған, қарсы қозғалыс жолағына шыққан, қауіпсіздік белдігін тақпаған, сондай-ақ қозғалыс кезінде автокөліктен денелерін шығарған. Бұл әрекеттер азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген.
Аталған құқық бұзушылықтар туралы ақпарат дереу патрульдік полиция жасақтарына берілді. Жедел қабылданған шаралар нәтижесінде бес автокөлік Күнгей шағынауданы аумағында тоқтатылып, құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғалар ұсталды.
Тексеру барысында әкімшілік заңнаманы бірнеше рет бұзу деректері расталды. Атап айтқанда, маневр жасау қағидаларын өрескел бұзу, қарсы қозғалыс жолағына шығу және көлік құралын басқару кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау фактілері анықталды.
Барлық құқық бұзушыға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Материалдар соттың қарауына жолданды. Көліктер арнайы айыппұл тұрағына қойылды.