Сараптама

Дабыл: 36 мың адам жапа шекті!

Елімізде киберқылмысқа ұрынушылар күн сайын өсіп отыр. Қазақстандық полицейлер осылай деп дабыл қағуда.

Дабыл: 36 мың адам жапа шекті!

Жыл басынан бері республикамызда алаяқтық оқиғасы бойынша 36 миллионнан астам адам жапа шеккен.

Қылмыстың осы түрімен айналысушылар абонементтерге банк қызметкері атынан қоңырау шалған. Полицейлер «антифрод» жүйесі арқылы тұзаққа түсушілерді 3 есеге азайтқан. Айлакерлер сонда да дес бермей тұр. Қарағанды қаласы бойынша жарты жылда 1001 киберқылмыс  тіркелген. Мамандардың айтуынша, қылмыстың осы түрі қазір 21,8 пайызға өскен. Ауыр қылмыс санатына жататын алаяқтық  фактісі 30,7 пайызға артқан. Бұл дегеніміз – 277 мәліметті құрап отыр. Деректер базасы былтырғы жылмен салыстырғанда 22,8 пайызға толыққан. Кішігірім алаяқтық оқиғасының өзі 148-ге жеткен. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы аталған санаттағы көрсеткіш 5 пайызға кем болған. Былтыр 822 ірі алаяқтық орын алса, соның 576-ы орташа, ал 141-і жеңіл дәрежедегі қылмыс түріне жатады.

Қарағандылық Дәмелі Тоқсанбайқызы телефонмен арбаушының шылауына іліккен.

«Еңбек демалысын алып, ауылда жүрген едім. Өткен аптада кешкілік өзін «Kaspi» банкінің менеджерімін деп таныстырған жігіт қоңырау соқты. Ол «сіздің үйіңізді сырттай әлдекім кепілдікке салып қойды, одан хабардарсыз ба?» деп хабарласты. Қатты қобалжығаным соншалық, тұтқаны тастай салдым. Таңғаларлық жайт, киберқылмыскер менің ЖСН нөмірімді тақылдатып айтып тұр. Сол күні түні бойы қан қысымым көтеріліп, ертеңінде таңертең жеделдетіп қалаға жеттім. Бірден өзіміздің ықшамаудандағы «Kaspi» банктің бөлімшесіне барып, қаржыгерлерге мәселенің мән-жайын түсіндірдім. Банк қызметкерлері менің деректерімді тексеріп, алаяқтардың әрекетіне тап болғанымды айтты. Менің басымдағы жайт өзге жандарға да түсері анық. Кибер қаныпезерлер талай адамдардың денсаулығына зиян келтіріп, қалтасын қағуда.  Алаяқтарға аяусыз жаза қолдану керек, – деді жәбірленуші.

– Алаяқтар көбіне өздерін полициядан, кей кезде ұлттық қауіпсіздік өкілдеріміз немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкеріміз деп таныстырып: «банктің жұмыскерлері заңсыз іс-әрекет жүргізіп жатыр. Бұл құпия операция, ол жайында ешкімге тіс жармаңыз. Одан әрі полиция қызметкерлері сіздің үстіңізден заңсыз іс жүргізгелі жатыр дегенде, егер сіз солай ма?» – деп қалсаңыз немесе «иә» десеңіз, қармаққа іліндіңіз деген сөз.

Одан кейін ол қорқытуды үдете береді. Ақыры бопсалаған ақшасын есепшотқа аудартып, желіден ұшты-күйлі жоғалады.   Егер сізге бөгде біреу полиция қызметкері яки танысыңыздың атын жамылып телефон соғып, қылмыстық жауапкершіліктен шығуға көмектесетінін айтса, сенудің қажеті жоқ. Байланысты бірден үзіп, 102 нөміріне қоңырау соғыңыздар, – деп жұртты сақтандыруда облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Аслан Өскенбаев.

Ел аумағындағы киберқылмыс пен интернет алаяқтықты әшкерелейтін «Киберпол» арнайы бөлімшесі пилоттық жағдайда жұмыс істеп жатыр. Ішкі істер министрлігінің құрамына енетін жаңа құрылым былтыр желтоқсан айында қызметке кіріскен болатын. Жаңадан жасақталған бөлімше республиканың өзге өңірлерінде жаз айынан бастап қызметке кірісті. Киберполдың құрамында   криминалистер, кәсіби тергеушілер, жедел өкілдер мен AI мамандар бар. Соңғы үлгімен жарақтандырылған цифрлық зертханада ұялы телефондар мен алаяқтар қолданатын желілік бағдарламалар тексеріледі. Өткен аптада «24 kz» арнасына сұхбат берген ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының басшысы Жандос Сүйінбай республикамыздың барлық өңірінде киберқылмыскер қаулап келе жатқанына алаңдаушылық білдірді.

– Алаяқтарға жеке код, есепшот деректерін ешқашан бермеу керек. Киберполицейлер бұрын шағымдарды шамамен  20 күннің ішінде қабылдайтын еді. Қазір бұл жұмыс үш есеге жеңілдеді. Киберполицейлер тергеу тәсілдерін жәбірленушілердің қатысуымен жүргізеді. Айта кетерлігі, киберпол бір терезе қағидасы бойынша әрекет етеді, – деген маңызды ақпарат берді.

Мамандардың мәлімдеуінше, кейінгі бес жылда киберқылмыс бес есеге көбейген. Қабылданған 500 заң бұзушылықтың бетін киберполицейлер ашқан. Алаяқтар жымқырған 90 млн теңге кері қайтарылса, 30 млн теңге нақты иесін тапқан.

Тегтер: Без Тега
Айтбала Сүлейменқызы
Айтбала Сүлейменқызы Айтбала Сүлейменқызы

Оқыңыз