Кейіпкер

Дәния ЕСПАЕВА. "СЫЛАҚШЫ"

Негізі еңбек жолын қара жұмыстан бастағандар алысқа шабады. Бұған мысалды сәлден кейін келтіреміз.

Дәния Еспаева

Бір қызығы, кезінде қара жұмыстың қамытына жегілгендер "желкесіне жал" біткен соң өткен күндердің ауыртпалығын ұмытып қалады. Ал Құрылтайдың вице-спикері, "Ақ жол" партиясының төрайымы Дәния Еспаева ондай адам емес. Бұл кісі ашығын айтады. Ашығы сол: біздің бүгінгі кейіпкеріміз еңбек жолын сырлаушы-сылақшы (маляр-штукатурщик) болып бастаған.

Дәния Еспаева
Фото ашық дереккөз/Дәния Еспаева

"Тұңғыштан" бас тартудың сыры

Бастапқыда "Тұңғыш" деген тақырып қойып алып, "заулатып" бара жатқанбыз. Бірақ орта жолдан кілт тоқтадық. Себебін сезіп отырған шығарсыз, Нұрсұлтан Назарбаев пен оның айналасындағылар "тұңғыш" деген сөздің қадірін кемітіп, бәсін төмендетіп жіберді. Әйтпесе, Назарбаевтың да, Еспаеваның да тұңғыш екені рас еді. Өйткені Назарбаев бірінші болып ел тізгінін ұстаса, Еспаева – президенттік "таққа таласқан" алғашқы әйел ретінде есімін "тасқа қашады".

Осы жерде бір қызық ұқсастық бар. Қазақстанның бірінші президенті еңбек жолын Теміртауда темір балқытып жүріп бастағанын білесіз. Сол тұста оған "домна пешінің сегізінші разрядты екінші горновойы" деген біліктілік берілген. Жан-жағына жалын шашыраған алып пештің астын ұзын көсеумен "түртіп отырған" екінші горновой уақыт өте келе Қазақстандағы бірінші адамға айналды. Біздің кейіпкеріміз де оқимын-тоқимын деп айналасындағы жұрттың басын ауыртқан ерке қыздардың санатынан емес. Оқудан құлап қалған жылы құры отырмай, қолына қалақ ұстап, сылақшы әйелдердің қатарына қосылған. Тірсегі майысып, зәмбіл-зәмбіл лай тасыған. Маңдайынан шүмектеп аққан терді алақанының қырымен "қағып" тастап, қат-қабат тірліктің ырғағымен жөней берген. Дегенмен кейіпкеріміздің қабырғаға лақтырған әр шөкім лайы діттеген жеріне дөп түскендей көрінеді. Себебі Дәния Мәдиқызы есепке жүйрік болып шықты. Ақымақ қыздар құсап, аспандағы айды сұрамай, Алматы бухгалтерлік есеп және несие техникумын бітіріп алды.

Осыдан кейін кейіпкеріміздің оқу оқып, "миын ашытқан" кезі жоқ. 1993 жылы ғана Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономика мамандығы бойынша бітіргенін есепке алмасаңыз, техникумнан кейін бірден тіршілікке араласты. Жоғарыда аталған академияның өзі – күнделікті шаруамен қатар алып жүре беретін "тірлік" қой, негізі. Қараңыз, басынан бастайық: Дәния Мәдиқызы 1961 жылы Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында өмірге келген. Алматыда қалақ ұстап, қабырға сылаған кезі – 17 жасында. Техникумның дипломын қолына алған уақыты – 1982. Кейіпкеріміз осыдан кейін бірден еңбекке араласқан. 1982 жылы КСРО мемлекеттік банкінің Ақтөбе облыстық басқармасында қызмет істеді. Содан кейін, 1988 жылдан бастап Промстройбанк облыстық басқармасының аға экономисі болған. "Аға экономист" дегеннің не екенін екінің бірі ұқпай жүргенде, кейіпкеріміз "Тұран" бірлескен кәсіпорны Ақтөбе филиалының бас есепшісі қызметін атқарды. Осыдан кейін ұдайы өсті де отырды. "БТА банк", "Қазкоммерцбанк" секілді ірі банктердің Ақтөбе облыстық филиалын басқарды. "Ақ жол" партиясынан Мәжіліске барғаны – 2016 жыл. Міне, содан бастап Парламенттен кеткен жоқ. Қазақстанды штрафстанға теңеген Азат Перуашев тұғырынан түскенде, "Ақ жол" партиясына бас болды. Мәжіліс пен Сенат тарап, "балапан басына, тұрымтай тұсына" дерліктей заман туғанда, кейіпкеріміз кейбіреулердей "қоңыз теріп" кеткен жоқ. Сайлауда 8 мандатқа ие болған партияның басшысы ретінде жеті әріптесін жетектеп, Құрылтайдың есігін ашты. Дәния Еспаеваны елден бөлектеп тұратын тағы бір артықшылығы бар. Мәжілісте вице-спикер болып, Қошановтың қасында отырған кейіпкерімізге кеше Дәдебайдың да оң жағы бұйырды. Демек, Мәжіліс пен Құрылтайда вице болған тұңғыш азаматшаңыз да – осы кісі.

Жеті үміткердің жарысы

Қазақстанда Дәния Еспаева есімді ірі саясаткердің бар екенін жұртшылық 2019 жылы өткен президенттік сайлауда білді. Ерлер жағы қопаңдап, алға ұмтылғанда, Дәния Еспаева тып-тыныш барып құжатын өткізген. "Апыр-ай, үлкен сайлауға әйел адамның қатысқаны қалай болар екен?" деп "қамыққандар" кездесті. Бірақ онда тұрған не бар? Әйелдің еркектен несі кем? Керісінше, нәзік жандылар шындап кіріссе, бөріктілерден басым түсетінін сол сайлау көрсетті.

Негізі Дәния ханымның біраз жерге баратыны қазақ тілінен мемлекеттік емтихан тапсырғанда-ақ байқалды. Кезінде талай кандидатты "құлатқан" лингвистикалық комиссия біздің кейіпкеріміздің білімдарлығына ауыздарын ашып, көздерін жұмыпты. Сынақтың алғашқы кезеңінде "Ұлы даланың жеті қыры" тақырыбында жазбаша жұмыс тапсырылған. Естеріңізде болса, Нұрсұлтан Назарбаев "Ұлы даланың жеті қыры" деген мақаласын 2018 жылы жариялаған. Соны түсініп оқып, түйсігіне шегелегені шығар, үміткер тапсырманы тастай қылып жазып, шығармасын комиссияның алдына көлденең тастапты. Сосын Мұқағали Мақатаевтың екі бірдей өлеңін нәшіне келтіріп тұрып, мәнерлеп оқыған. "Қоғам және демократия" тақырыбында 15 минут тоқтамай сөйлеп, қоғам мен демократияның байланысын талдап-таразылап берген…

Кандидаттар жабыла құжатын тапсырып, ілдәлдалап сынақтан өтіп, енді үлкен додаға кірісерде, Дәния Мәдиқызы өзінің не үшін сайлауға түсіп жатқанын былайша түсіндірді: "Кезектен тыс президент сайлауына қатысу маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Сайлаушылар тарапынан қызығушылық бар. Бұл – маған плюс".

Шынын айту керек, өте орынды сөз. Жеті үміткердің ішіндегі жалғыз әйел болған соң сайлаушылар неге қызықпасын?! Қызығады және дауыс береді. Демек, "жыныстық тұрғыдағы жалғыздық" – біздің кейіпкеріміз үшін плюс болғаны рас. Өкінішке қарай, кейіпкеріміз сол тұста өзін минусқа "жетелейтін" тағы бір сөз айтты: "Жеті үміткердің ішінде жалғыз нәзік жанды ретінде үлкен жауапкершілік болды. Жақтастарыммен бірге ол жауапкершілікті де абыроймен атқардық деп ойлаймын. Қазақстан тарихындағы тұңғыш әйел кандидат ретінде тіркелуім – менің алғашқы жеңісім болатын. Сайлау қорытындысынан да жеңіс күтемін".

Былай қарасаңыз, білдей кандидат бәйгеге қосылғанының өзін жеңіс санап отыр. Ендеше, оған басқа жеңістің не керегі бар? Осындай ойға келгендер "Ел үміт артқан Еспаева өзіне-өзі сенбей отыр-ау" деп топшылады. Осының да әсері болды ма, әлде басқа да себептері бар ма, әйтеуір кейіпкеріміз күткен жеңіс келмеді. Додаға түскен тұңғыш әйел бәйгеде қара үзіп шыға алмады. Бұл енді Дәния Мәдиқызына көзсіз сенгендер үшін ғана өзекті өртер өкініш болса керек. Әйтпесе, Тоқаев пен Қосановтан кейінгі үштікке іліну – оңай-оспақ жетістік емес. Каратист Жамбыл Ахметбеков 2 пайызды да игере алмай, қаламгер Сәдібек Түгел 1 пайызды да "түгендей" алмай аласұрып жүргенде, Дәния Еспаева 5 пайыздық межеден асты да, төрт бірдей кандидатты басып озды. Үлкен саясаттан хабары барлар "Дәнияның 5,2 пайыз дауыс жиғаны маңызды емес, маңыздысы – оның сайлауды "сәндеуге" қосқан үлесі ескерілді. Ол саяси карьерасында ешқашан өзгермейтін "5" деген баға алды" дейді. Мұның анық-қанығын қайдам, бірақ кейіпкеріміздің көші өрге тартып келе жатқаны – атқан таңдай ақиқат.

Дәния Еспаева
Фото ашық дереккөз/Дәния Еспаева

"5" қалай "3-ке" айналды?

Дәния Еспаева президент бола алмағанымен, "Ақ жолға" бас болғанын жоғарыда айттық. Маусымда партияға төрайым болған кейіпкеріміз тамыздағы Құрылтай сайлауына партияластарын бастап шықты. Байқасаңыз, мұнда да "саусылдаған" кілең еркек. Бар партияның төрағалығы өңкей еркектерге бұйырған. Дегенмен "Шегірткеден қорыққан егін екпейді" демекші, Дәния Мәдиқызына шегінетін жер қалмаған еді. Бір қызығы, аяқасты "Әділетке" айналған кешегі "Аманаттың" әңгімесі қоғамда қызу талқыланып жатқанда, "Ақ жол" мен "Respublica" өз-өзінен майдандасты да кетті. Әңгіменің дәл неден басталғаны белгісіз, бірақ екі партия бір-біріне демегенді деп, айтпағанды айтты. "Respublica" төрағасының орынбасары Олжас Құспеков "Ақ жолды" сынап, "іс жүзінде кішкентай сәндік пони ғанасың" деп кемсітті. Оған "Ақ жолдың" мүшесі Қазыбек Иса "қатырып" жауап берді. Белгілі ақын И.Крыловтың мысалына сүйенді де, "Пілге үрген кәнден секілді" деп қағытты. Кейін Екібастұз қаласында пілге үрген кәнден бейнеленген мурал пайда болды…

Былай қарасаңыз, мұнда тұрған не бар? Сайлау болғаннан кейін бәсекелестердің ақпараттық алаңда "сайысып" жататыны заңдылық. Сайлау осысымен де – қызық, сайлау осысымен де – сайлау. Бірақ байқағандарыңыздай, партия мүшелері "жанжалдасқанымен", төрағалар тіреспеген. Осы "әдемі әдепті" Айдарбек Қожаназаров бұзды. "Respublica" төрағасы өздерін айғыр партияға теңеді. Мұны жұрттың бәрі "Ақ жолға" бағытталған "сәлемдеме" деп ұқты. Себебін түсініп тұрсыз ғой, айғыр бар жерде бие де болуы керек. Ендеше, ол кім? Көрдіңіз бе, партияаралық жанжал қалай жыныстық бағытқа қарай қисайды?!

Білімпаздығы шығар, кейіпкеріміз айғыр-Айдарбекке сөз шығындап, қадірін түсірген жоқ. Естімеген, естісе де, бәсекелесінің сөзін қабылдамаған адамның кейпіне енді. Есесіне, дебатта басты қарсыласы Қожаназаровтың құлағын қызартты. Эфирдегі саяси сайысқа ден қойғандар "Еспаева қарсыласының екпінін басып тастады" деп бағалады. Өйткені Айдарбек андағайлап, асығыс сөйлеуге құмар болса, Дәния сабырмен пікір айтып, дәлел-дәйекті орнымен қолдана алатын салқындылығымен ерекшеленді.

Өкініштісі, сайлау қорытындысында "Respublica" партиясы "Ақ жолды" ауызға ұрып кетті ғой. "Әділет" алақанымен көсіп алғанда, саусақтарының арасынан "сусып кеткен" дауысты өзге партиялар жапа-тармағай бөліскен. Міне, сонда "айғайласып" жүрген екі партияның алдына 10 мандатқа ие болған "Ауыл" шықты. "Ақ жолдың" сөзімен айтқанда, "пілге үрген кәнден" 9 мандат алды да, "пілдің өзі" 8 мандатқа әрең қол жеткізді. Әрең дейтініміз, ЖСДП партиясы да 8 мандат алды. Бұдан төмен алған ешкім жоқ. Демек, 8 – ең төменгі шек. Бес пайыздық дауыс жинай алмай, Құрылтай сайлауынан құр қол қайтқан Халық партиясының бағасын "2" деп бағаласақ, ЖСДП мен "Ақ жолдың" деңгейі "3" болуы тиіс.

Бұл, әрине, Қожаназаровтар үшін қол шапалақтауға лайық көрсеткіш. "Пілдің түріне бір қарап, біздің түрге бір қара" десе де, "айғыр екенімізді ақыры дәлелдедік" десе де, ешкім олармен дауласа алмайды. Бірақ бұдан Дәния Еспаева осал екен деген ой тумауы керек. Себебін жоғарыда айттық қой, кейіпкеріміз қазір – Құрылтай төрағасының орынбасары. Демек, Қожаназаров қолын созса да, жете алмайтын биікке көтеріліп, сайлаудағы "3-ін" қайтадан "5-ке" түзеп қойды.

Уәделер "үйіндісі"

Кейіпкеріміздің президенттік додаға түскендегі сайлауалды бағдарламасын оқысаңыз, оқи бергіңіз келеді. Неге? Өйткені онда Қазақстанды дамытудың дайын жобалары бар. Соның бірі – жемқорлықпен күрес. Үміткер сол тұста жемқорлықты жоюдың жүйелі жұмысын тәптіштеп тұрып түсіндіріп берген. Алайда президенттік таққа отырмағаннан кейін "Баяғы уәдең қайда?" деп ешкім Дәния Еспаеваны жазғыра алмайды. Бірақ бір қызық мәселе бар. Кейіпкеріміз Мәжілістің депутаты кезінде де жемқорлық мәселесін жиі көтерді. Алайда 2024 жылы "Ақ жол" төрағасының орынбасары Дмитрий Васильевті жемқорлық бабымен Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұстады. Міне, саған безгелдек! Осы кезде ғой, "біздің Дәния ханым жемқорлықтың зияндылығын басқа түгілі, өз партияластарына ұғындыра алмаған ба?" деген сауалдың күш алғаны.

Дегенмен бұған бола Еспаеваны айыптаудың жөні жоқ. Кімнің қай жерде не істеп жүргенін кейіпкеріміз қайдан біледі, мысалы? Әйтсе де, "Сайлаудан кейін Еспаева жап-жақсы уәделерін есінен шығарып алды" дейтіндер бар.

Бұл не сөз? Мұны түсіну үшін Дәния ханымның сайлауалды бағдарламасына тағы да үңілеміз. Оның ең керемет тұсы – кәсіпкерлікті дамыту. Үміткердің сол тұстағы сөзімен айтқанда: "Тұрақты дамудың негізі – бәсекелестік пен жаппай кәсіпкерлік". Ал кәсіпкерлікті дамыту үшін не істеу керек? Дәния Еспаева мұның бәрін жіліктеп берген. "Кәсіпкерлікке кедергі келтіргені үшін шенеуніктердің жауапкершілігін күшейту", "несие бойынша мөлшерлемені төмендету", "қосымша құн салығын каскадсыз әдіспен алынатын сату салығына ауыстыру"…

Ал қазір не болды? ҚҚС мөлшері 16 пайызға өсті. Ұлттық экономика министрі – Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің жобасы шағын және орта кәсіптің кеңірдегінен алған қысыммен тең болды. Жылдың алғашқы тоқсанының өзінде 207 мыңнан астам кәсіпкерлік жабылып қалды. Жыл соңына дейін тіпті бұл сан 300-400 мыңға дейін ұлғаюы мүмкін деген болжам айтылады.

Ал енді бұған Дәния Еспаеваның не қатысы бар? Тікелей қатысы жоқ. "Бірақ экономиканы терең білетін адам ретінде неге қарсы тұрмады? Жұманғаринді жағасынан алмаса да, жаппай кәсіпкерлікті жандандыруға ҚҚС пайызының кері әсер ететінін неге ашық айтып, айғай салмады? Әлде жаппай кәсіпкерлік туралы жобасы "сайлауды сырлау" үшін ғана жазылып па еді?" дейтіндер бар. 

Дейтін ел дей береді ғой, бірақ. Ақпарат әлеуметтік желімен-ақ желдей тарайтын заманда кімнің аузына қақпақ болғандайсыз?! Дей тұрғанмен, мына бір мәселеде Еспаеваның есімі жиі аталады. Оны енді келесі бөлімде тарқатайық.

Дәния Еспаева
Фото ашық дереккөз/Дәния Еспаева

"Жетімін жылатып, далада қалдырған…"

Құрылтайдың жалауы көтеріліп, партиялар үгіт-насихат жұмыстарына кіріскенде, Дәния Еспаева ағынан жарылды. Ауылда өсіп, сиыр сауып, қой баққанын айтты. Бірақ бұған ешкім таңдана қойған жоқ. Өйткені сайлау жақындағанда, үміткерлер мен партия жетекшілерінің неше түрлі "өнер" шығаратынын көз көріп жүр. Мысалы, 2022 жылғы президент сайлауында үміткер Қарақат Әбден кер биенің бауырына отыра қалып, сауыншы екенін көрсеткен. Жаңылмасақ, Жигули Дайрабаевтың да алақанының қырымен жілік шаққаны сол тұста. Сондықтан Еспаеваның "от жақтым, қой бақтым" дегені – көпшілік үшін әншейінгі дүниедей көрінді.

Жұртты таңдандырып, бастарын шайқатқан сөзі сәл кейінірек айтылды. Сайлаушылармен кездесіп тұрған "Ақ жол" төрайымы "Жетім өстім. 1 жаста анасыз қалдым, 12 жаста әкесіз қалдым…" деді. Сұмдық сөз! Қиын тағдыр! Жетімдіктің зарын тартып жүріп жетілген кісі сөзінің соңын "Әр адамға мүмкіндік бар. Ниетім таза, оны ашық айта аламын" деп аяқтады.

Елдің ет-жүрегі елжіреді. Көрікті келбетіне көркем сөзі үйлескен кейіпкерімізге таңдана да, тамсана қарады.

Дегенмен Дәния Еспаеваның осы сөзінен кейін жұрттың жадына ілгерідегі Гаухар Танашеваның оқиғасы оралды. Білесіздер ғой, депутат Танашева Мәжіліс тарихында болмаған сөзді айтып, әріптестерінің көзін алақандай қылған: "Мұндай жағдайда патриоттық тәрбие туралы айтудың өзі ұят. Біз бе, біз жетімін жылатып, далада қалдырған, халқын ойламайтын, аямайтын үкіметтен тұратын мемлекетпіз".

Әйгілі сөзінен кейін Гаухар Танашева Парламенттен "жер аударылды". Бір сұхбатында экс-депутат Мәжілістегі осы пікірін айтқанда, 4-5 еркек парламенттен былай шыға арқасынан қаққанын, мақтау-мадақ айтып, "қолдаймыз" дегендерін мәлімдеген. Бірақ сол 4-5 депутат Танашеваның тағдыры таразыға түскенде, "ізім-ғайым" болған ғой. Басқадай айтсақ, "Танашеваны өз орнында қалдырайық" дейтін қалыс сөз айтуға да жарамаған. Әнеки, еркек дегеніңіз – сол. Бұтына шалбар киіп, талтақтағанымен, жеме-жемге келгенде, жер шұқып қалуы мүмкін. Ал әйелдер ше? Әйелдер бөлек, әсіресе қазақ әйелдері. Түсініп тұрсыз ба, әңгіменің ауаны қайда бұрылғанын? Түсінсеңіз сол, "Танашева ақиқатты тіліп тұрып айтқанда, артынан Еспаева ілесуі керек еді" дейтіндер көп. Мұндай ойдағылардың түйсігімен өлшесек, "Танашеваның көтергені – көпбалалы аналар мен жетім балалардың тағдыры. Ал оны түсінетін бірден-бір адам Еспаева болуы тиіс еді".

Шыны керек, біз бұлай ойлайтындармен келісе бермейміз. Себебі әрнәрсенің қорытындысы соңынан белгілі болады. Енді қараңыз: Танашева айтты, артынан кетті. Енді үлкен саясатқа қайта оралуы неғайбыл. Ал Еспаева үндемеді, үйдей бәледен құтылды. Қазір көтеріліп келе жатыр. Сонда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Мұны екшеуді оқырманның өз еншісіне қалдырамыз.

Түйін

Сылақшының қызметін Қазақстанда – өзбек ағайындар, ал дамыған елдерде – роботтар атқарады. Демек, бара-бара жойылып тынуы мүмкін мамандықтың бірі – осы. Сондықтан технологияның даму қарқынын бағамдап отыратын ғалымдар қалақ ұстаған қауымға басқа кәсіпке бейімделу қажеттігін жиі ескертіп жүр. Алайда бұл ескертпенің біздің кейіпкерімізге қатысы шамалы. Өйткені көлденең кезіккен кедір-бұдырды сылап-сипап жіберу шеберлігі – қара жұмыста да, саясатта да жоғары бағаланады. Мойындаңыз-мойындамаңыз, біздің кейіпкеріміз қазір – екінші сатыда.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз