Дастан Рыспеков. «ЗЫМЫРАН»
Байқоңырдан көтерілген Ресей зымырандарының темір-терсегі кейде Ұлытау облысына құлайтынын білесіз. Ал кейіпкеріміз, керісінше, Ұлытаудан «көтерілді» де, Алматы мен Астананы «бір айналып» келіп, өзі туған өңірге сәтті «қонды».
Бұл жағынан қарағанда, «сүйек-саяғымен» аспанды «былғайтын» Ресейдің « өлімтік» зымырандарынан гөрі, ұшып-қона беретін Илон Масктың өміршең зымырандарына көбірек ұқсады. Ресейдің көздегені – табыс, Илон Масктың көздегені – Марс, ал Рыспековтің көздегені не? Ол қандай отын түрімен «қозғалады». Біз бүгін осының бәрін ой елегінен өткізіп, «отандық зымыранның» болашағына «бағдар» жасаймыз.
Тоқаевтың ескертуі
Естіген шығарсыз, Қазақстан 2026 жылдың 30 сәуірінде шын мәнінде ғарышқа зымыран ұшырды. «Бәйтерек» жобасы арқылы Байқоңырдан көтерілген «Сұңқар» зымыран-тасығышы жоспарланған траекториядан ауытқымай, аспанға зу ете түсті. Көптеген ақпарат құралдары бұл тарихи сәтті «Қазақстан әлемдегі санаулы ғарыш державаларының қатарына қосылды» деп сипаттады. Солайы солай енді...
Салыстыру үшін айтайық, біздің кейіпкеріміз «Сұңқардан» бұрын «қозғалған». 2024 жылдың қоңыр күзінде Дастан Рыспеков Ұлытау облысына әкім болып тағайындалғанда, «Түу, бәтшағар, зымырандай зу ете түсті ғой, тегі!» деп таңданғандар аз болмады. Таңданыстың төркінін түгендесек, екі мәселе алға шығады. Біріншісі – Дастан Рыспеков «ең жас әкім» деген «атақты» Серік Шәпкеновтен «тартып» алды. Өйткені Шәпкенов 43 жасында Атырау облысына әкім болып барса, Рыспеков Ұлытау облысының тізгінін 40 жасында ұстады.
Екіншіден – ірі шенеуніктердің жүріп өткен жолына көз салсаңыз, қызметтік өмірбаяны «сала-құлаш» екенін байқайсыз. Себебі шенділердің дені талай орындықты «тоздырып» барып, облыс басшысының креслосына қонжияды. Ал кейіпкеріміздің қызмет жолындағы өмірбаяны – баланың торкөз дәптеріндей жұп-жұқа. Қараңыз: кейіпкеріміз 1984 жылы Жезқазғанда өмірге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін және ҚазМЗУ Алматы заң академиясын тамамдаған. Еңбек жолын Алматы қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінен бастаған. Ахметжан Есімовтің кезінде ЭКСПО-ның шаруасына «жегіліп», департаментке басшы болды. Егер Павлодар облысында басқарма басқарғаны мен Мәдениет және спорт министрлігінде комитетке төраға болғанын есептемесеңіз, Дастан Рыспековтің «болып-толған» жері – «Ұлытау облысы әкімінің орынбасары» деген лауазымы. Кейіпкеріміздің «туған жеріне туын тіккен» сәті – 2023 жылдың тамызы. Бір жылдан кейін Берік Әбдіғалиұлы кете қалғанда, орынбасары орнына «келе» қалды...
Байқадыңыз ба, күні кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрт облыстың әкімімен телефон арқылы тілдесіп, оларға аймақтарды дамытудың жаңа тәсілдерін енгізу қажеттігін ескертті. «Президентпен «қалтырап-дірілдеп» отырып сөйлескен әкімдер – кімдер?» десеңіз, айтайық: Серік Шәпкенов (Атырау облысы), Ербол Қарашөкеев (Жамбыл облысы), Нұрдәулет Қилыбай (Маңғыстау облысы) және Сіз бен біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Дастан Рыспеков.
Естеріңізде болса, алдыңғы үшеуіне «Шенеуніктің шинелі» айдары арқылы біз де «ескерту» жасағанбыз. Одан қандай қорытынды шығарғандарын өздері біледі.
Бірақ «Жас Алашты» үнемі қарап отыратын президенттің ескертуі әкімдердің есін – екеу, түсін – төртеу еткені анық. «Төбедегі төртеудің» арасында біздің қаламымызға ілікпей қалған кісі – жалғыз Рыспеков қана. Баласынғанымыз емес, «орайлы сәтін» күткенбіз. Енді президенттің ескертуінен кейін де үндемей қойсақ, «көңіліне алып» қала ма деген жанашырлық – осы мақаланың жазылуына басты себепкер болғанын «ескертудің» өрескелдігі жоқ шығар деп ойлаймыз.
«Зымыранның» қымыранға айналған сәті
Әсілі, Ұлытау облысы жаңа құрылғанда, оның тұңғыш әкімі болған Берік Әбдіғалиұлы да – осы өңірдің тумасы еді. Беріктің өзгелерден бір ерекшелігі, белгілі тарихшы, ұлтқа жанашыр адам. Алайда бұрынғы әкімнің әлсіз жері ретінде «иі жұмсақ» деп бағалағандар кездескен. Өйткені үлкен саясаттан хабары бар адамдар облыстың әкімі болу үшін «айғырдай азынап» тұру керек деп ойлайды. Айналасын қырып-жоятын айбары болмаса да, өзгелерді ықтыратын сұсы мен мысы болуы шарт деп есептейді. Әбдіғалиұлы кетіп, Рыспеков келгенде, ел-жұрт бұл ауыс-түйістен анау айтқандай жаңалық аңғармады. Дегенмен «бұл да соның сортынан» дегендер қателесті. Үлкен бастықтың орнына отырған кешегі орынбасар «иі қатты» екенін көп ұзамай-ақ көрсетіп берді. Көрсеткенде, кейіпкеріміз көпбалалы анамен соттасып, соңында жеңіп шықты ғой.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҰЛЫТАУДЫҢ ӘКІМІ ТӨРКІНДЕП КЕЛГЕН ҚЫЗҒА АЙЫППҰЛ САЛАДЫ
Оқиға былай болған: Әсел Айтмағамбетова есімді көпбалалы келіншек төркіндеп, Жезқазғанға келеді. Келеді де, ұсқыны қашқан қаланың «талқаны шыққан» тұстарын таспаға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялайды. Жай ғана жариялай салмай, облыс әкімі Дастан Рыспековке сын айтады. Әкімнің жауабы көп күттірген жоқ. Кейіпкеріміз «жалған ақпарат таратты» деген айыппен көпбалалы әйелді сотқа берді. Сот әкімнің арызын қанағаттандырып, Әсел Айтмағамбетоваға 495 432 теңге айыппұл салған.
Сол тұста «Жас Алаш» тілшісі әкіммен айқасқан әйелге хабарласып, жөн сұраған. Ал Әсел Айтмағамбетова сонда былай деген еді: «Халқын тоздырып жіберіпті» дедім. Сол сынды көтере алмады. Сот та едел-жедел өтті. Өйткені Рыспеков оларды да сатып алған сияқты. Көпбалалы, декретте отырған анамын. Табыс көзім жоқ. Жезқазған КСРО уағында қалай құрылды, әлі сол күйінде тұр. Ештеңе өзгермеген. Жақында облыстың 3 жылдығын тойлады. Неменеге жетісіп тойлайды?! Жарыған ештеңесі жоқ. 100 мың ғана халқы бар қала, ең бай өңір. Дубай жасап жіберуге болады ғой. Байлықтар қайда кетіп жатыр. Шахтаға жұмысқа тұрғың келсе 5 млн, зауыт-фабрикаға барғың келсе 2 млн теңге бересің. Мектеп, балабақша – бәрін жемқорлық жайлаған. Бірнеше жылда бір үй салына ма, оның өзін халық ала алмайды. Лауазымды адамдар бөліп алып, сатады».
Иә, өте ащы айыптау. Бірақ оның қаншалықты растығын соттасқан екеу мен сол өңірдің жұрты біледі. Дегенмен кімнің жеңетіні сот басталған тұста-ақ белгілі болған. Бірақ білдей бір облыстың әкімі жұмыссыз әйелді ойбайлатып, жарты миллион айыппұл салдырады деп ешкім ойлаған жоқ. Әрине, айыппұлдың мөлшерін әкім емес, сот белгілейді. Есесіне, сот залында біраз «есін алған» соң, кешірім жасаймын десе, әкімге ешкім қой демес еді. «Төркінге келсеңдер, тыныш келіп, тыныш кетіңдер. Бүгінгі сот саған сабақ болсын. Осымен сөз тамам» деп орнынан тұрып, жүре берсе, қарсыласының да қабағы ашылар ма еді, кім біледі. Бірақ оның бәрін айта беретін несі бар, болар іс болды, өтер сот өтті.
Енді осы сот Рыспековке не берді дегенге келейікші. Шындығын айту керек, бергені бар. Бастысы, Жезқазғанға төркіндеп келетін қыздардың «тілі қысқарды». Қаланың әлеуметтік жағдайына күйінетін қыздар кездессе, ата-анасының өзі «ұнамаса, көзіңді жұмып жүр, Рыспековпен соттасатын жағдай жоқ» деп тыйып тастайтын болды. Басқаша айтсақ, қыздар да, оның туған-туыс, ет-жақындары да «тәртіпке» келді. Көпбалалы ананы шырылдатып, айыппұл төлеткен әкімнің ешкімді аямайтынын елдің бәрі түсінді. Бұл жеңісі кейіпкеріміздің «зымырандық» сипатына сай келетін де сияқты.
Дегенмен қазақта «Қырсыққанда қымыран іриді» деген мәтел бар екенін білесіз. Рыспековтің де жеңісі көп ұзамай «іріп» кетті. Себебі көпбалалы ананы «қалпақпен қағып» алған соң, әлсіз бен күштінің соты туралы әңгіме бүкіл республикаға тарады. Былай қарасаңыз, қатын-баламен соттасу – ауылдық жердегі әкімдердің «тірлігіне» ұқсайды. Рас, облыс басқарғандардың да әлдекімдермен соттасқанын білеміз. Бірақ көп жағдайда, екінші тарапты әкім емес, әкімдік сотқа беретін. Ал бұл жолы... Бұл жолы сол, Рыспековтің өзі сотқа арыз түсірді де, «жұмыссыз әйелді жеңген әкім» атанды. Мұның бір «залалды» тұсы, Ұлытаудың әкімі біреудің әйелімен соттасып жүргенде, журналистер әкімнің әйелі туралы зерттеу жасай бастаған. Ал білетіндер «Өзінің әйелі мықты болған соң, өзгенің әйелін ұрғаны бар ма?!» деген әңгіме шығарды. Бұл не сөз? Жауабын келесі бөлімде тарқатамыз.

Әйелі – кәсіпкер, әкесі – «оптовик»
Негізгі әңгіме әйеліне қатысты болса да, әкесін алдыға шығарсақ, қазақтың салт-дәстүрін жақсы білетін кейіпкеріміз оған бола өкпелемейтін шығар. Бар болғаны қырық жасында зымырандай зу ете түсіп, облысқа әкім болғанда, журналистер жаңа әкімнің «жан-жағына» үңіліп, қызықты деректерді су бетіне шығарған. Әкімнің әкесі Адай Рыспеков деген кісінің мықты кәсіпкер екенін жұртшылық сонда білді. Adata.kz сайтының мәліметіне қарағанда, Адай Рыспеков төрт компания мен бір қожалыққа иелік етеді. Petromax ЖШС 2006 жылдан бері Жезқазған қаласында жанар-жағармайды көтерме бағамен сатумен айналысады. Оның тең қожалары ретінде Денис Кругляк, Петр Пашник және Хусаин Тілеубергенов деген тағы үш адамның аты аталған. Bura Logistics ЖШС да кең ауқымды тауарларды көтерме бағада сатумен шұғылданады. Бұл компания 2010 жылы Астанада тіркелген.
Ал Nurly Saulet ЖШС 2005 жылдан бері Алматыда құрылыс жобаларын әзірлеп келеді екен. Негізін қалаушылар қатарында – Денис Кругляк пен Нұрлан Отарбаев та бар. Corum Group, LLC компаниясы да тауарларды көтерме бағада сатуға маманданған. 2003 жылы Алматыда тіркелген. Оның тең иесі қатарында тек Денис Кругляктың аты-жөні жазылыпты. Сонымен қатар әкімнің әкесінің Алматы облысында «Рыспеков. А.К» деп аталатын шаруа қожалығы бар көрінеді. Бір қызығы, осы компаниялардың Nurly Saulet серіктестігінен басқасы, үкіметке көк тиын салық төлемеген.
Енді біртіндеп әкімнің әйеліне келейік. Күйеуінен үш жас қана үлкендігі бар Сәуле Қалыбаева «үлкен» шаруалармен ерте айналысқан секілді. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген келіншектің DS Travel аталатын бизнесі бар. Аты айтып тұрғандай, бұл – туристік агенттік, әрі жеке мүліктерін Астанада жалға берумен де айналысады.
Үлкен шаруаны ерте бастаған-ау дейтініміз, Сәуле Қалыбаева 2009 жылдан 2017 жылға дейін «Казюрконсалтинг» ЖШС-ның негізін қалаушылардың бірі болған. Ал оның бизнес-серіктесі – Ерлан Бұзырбаев еді. Ерлан Бұзырбаев кім? Ол – кезінде Әлия Назарбаеваның аты шулы «Оператор ROP» серіктестігінде атқарушы директор болған адам. Міне, осыны ескергендер әкімнің әйелін Әлия Назарбаевамен «жақындастырғысы» келеді. Ал бізше болса, біреумен біреуді «қосақтау» үшін құрғақ болжам, құры сөз емес, бұлтартпас дәлел, нақты айғақ керек. Көзге ұрып тұрған жалғыз дүние – Сәуле мен Әлияның жастары қарайлас. Назарбаевтың кенже қызы 1980 жылы туған. Ал Дастан Рыспеков 1984 жылы өмірге келген. Егер әйелінің үш жас үлкендігін есепке алсақ, Сәуле Қалыбаева не 1980, не 1981 жылы туған болуы мүмкін.
Бірақ онда тұрған не бар? Кім кіммен құрдас болмай жатыр дейсіз? Сондықтан Әлияны әңгімемізден «сызып» тастап, Сәулеге қайта ораламыз. Журналист Дмитрий Шишкиннің дерегінше, әкімнің әйелі Алматы мен Астанадағы төрт жылжымайтын нысанға салық төлеп тұрады. Демек, Сәуле Қалыбаева қайын атасына қарағанда, мемлекетке пайда келтіріп жатыр деген сөз. Бір ескеретін мәселе, әкімнің әкесі мен әйелінің бизнесіне қатысты деректер осыдан екі жыл бұрын жарияланған. Қазір қайсысының қай бизнесі көкке өрлеп, қай бизнесі құлдырағаны – Дастан Рыспековке қатысты тағы бір дау туғанда айтылуы мүмкін. Ал негізі, даудың тумағаны жақсы. Ол үшін не істеу керек? Жауап оп-оңай – жұмыс істеу керек!

«Әкімнің жұмыртқасы осы ма?»
Ұлытауға әкім болғанына бір жыл толғанда, Дастан Рыспеков Үкімет жиынында есеп берген. Білетін шығарсыз, әкімдердің есебі ұдайы «дәмді» шығады. Өңір экономикасында тұрақты өсім бар, тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші бойынша республикада алға шыққан, жаңа жобалар іске асырылған, жоспардағы жұмыс одан көп... Әкімнің есебі осылай жалғасып кете береді. Тіпті аймақтық басылымдардың бірі кейіпкеріміздің сондағы сөзінен «шабыттанып», «Ұлытауда ұлы істер атқарылып жатыр» деген тақырыппен мақала басты.
Әсілі, ұлы істер қарапайым дүниеден басталады. Мысалы, Ұлытау өңірі – республикадағы азық-түлік бағасы ең қымбат аймақтардың алдыңғы легінде. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің саны 19 болса, Ұлытауда соның үшеуі ғана өндіріліп келді. Олар қандай өнімдер? Ұн, нан өнімдері және ет. Болды, қалғаны өзге аймақтардан тасымалданады. Дастан Рыспеков әкім болғалы өңірде тағы бір өнім «пайда» болды. Ол – жұмыртқа. Кейбір деректер бойынша, Ұлытау қазір өзін 40 пайызға қамтып қана қоймай, көршілес облыстарға да жұмыртқа жөнелтіп жатқан көрінеді.
Сондықтан шығар, базарға барған ел «Өу, әкімнің жұмыртқасы осы ма? Әкелші, дәмін көрейік» деп дорба-дорба жұмыртқа сатып алады екен» дегенді естігенбіз. Бұған сенуге болады. Өйткені жергілікті тұрғындар үшін де өңірде өндірілген өнім – бағалы. Алыстан келмеген соң, құны да арзандау болуы тиіс. Енді осы жұмыртқа аймақта қалай көбейді? Әрине, Дастан Рыспеков ешқайдан «қора-қора тауық айдап» келмегені белгілі. Әкім болғанына екі ай толғанда, Жезқазғандағы құс фабрикасының ашылуына қатысқан.
Ал Кеңгір ауылындағы құс фабрикасы жұмысын 2023 жылы бастап кеткен. Демек, фабрикалардың құрылысы мен құс шаруашылығын дамыту идеясының қожасы – Әбдіғалиұлы болғанымен, жұмыртқаға – Рыспеков ие. Кейбір деректерге қарағанда, «Кешке дейін жұмыртқа жей бергенше, тауық сойып, ет қылайық, құс еті өндірісін дамытайық, тауықтың сорпасына қосатын картопты да өзіміз өсірейік» деп қамданып жатқан секілді. Мұны қолдаған дұрыс.
Алайда кейіпкеріміз өзі бастап, бүкіл әкімшілік мамандары қоштап, жабыла кетпен ұстаса да, Жезқазғанда барлық жеміс-жидек пен көкөністі өсіре алмайды. Сонда не істеу керек? Ең дұрыс жол, логистиканы дамытқан жөн. Шиелінің қауыны мен Жетісайдың қарбызы Ұлытауға жеткенше әлденеше есеге қымбаттап шыға келеді. Себебі жер шалғай, жол нашар. Жыры бітпеген «Қызылорда-Жезқазған» тасжолы 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деген ақпар бар. Жоба сәтімен бітсе, қиындықтың бірі еңсеріліп, тағы бірі ғана қалғалы тұр. Ол не? Ол – жердің шалғайлығы. Мұны ешкім қысқарта алмайды. Есесіне, алыстан ыңыранып жететін ауыр көлік иелерін ынталандыруға болатын сияқты. Қалай? Қалай деріңіз бар ма, біз жоғарыда айтқан жанар-жағармайды көтерме бағамен сататын кәсіпкерлер бар емес пе? Міне, соларды жақсылап тексеріп, 2024 жылға дейін неге салық төлемегендерін анықтап, сосын «Оңтүстіктен жеміс-жидек әкелетін көліктерге жеңілдікпен жанармай сатасыңдар!» деген талап қойса, мәселе бітті ғой, алыстан жеткізілетін азық-түлік өз-өзінен арзандап шыға келеді.

«Қазақмысқа» қараған күн...
Ұлытау облысы экономикасының 70 пайызын «Қазақмыс» көтеріп тұр. Дастан Рыспековтің «Ұлысмедиаға» берген сұхбатына қарағанда, ілгеріде «Қазақмыстан» түскен қаржының 90 пайызы Қарағандыға жөнелтіліп отырған. Жезқазғанның жұтап кетуіне негізгі себептің бірі – осы. Бірақ оған бола, біреуді жазғырып, біреуді айыптаудан пайда жоқ. Мәселе – ендігі шаруаны дұрыс атқарып, ендігі қаржыны көзін тауып жұмсау. Сол сұхбатында әкім бүй дейді: «Қазақмыста» орташа жалақы 700 мыңдай, кеншілердің орташа жалақысы 900 мыңдай. Ең кішкентай айлық – 400 мың. Менің мамамның өзі сол жақта, жылу электр орталығында жұмыс істейді. Оның айлығы да сол, 400-500 мыңның аралығында».
Халықтың табысын «Қазақмыстың» жалақысымен өлшеуге болмайды. Өйткені бүкіл Ұлытау жұрты «Қазақмыстың» шахтасында жүрген жоқ. Жұтаған Жезқазғанды жайқалған қалаға айналдыру – бір мәселе болса, өңір халқының әлеуметтік жағдайын көтеру – екінші мәселе. Ол үшін «Қазақмыстан» түсетін тиын-тебенге қарап отыру жарамайды. Төрт облыстың әкімін «мұрнынан тізгендей» етіп тұрып, тапсырма берген президенттің де негізгі айтпағы осы секілді. «Аймақты дамытудың жаңа тәсілдерін табыңдар!» деген ескерту – «жалпайып отыра бермей, ізденіңдер» дегенмен бірдей.
Сонда әкімдер ізденгенде не істейді? Оны әр әкім өзі біледі. Өзі бас болған аймақтың табиғи ерекшеліктерін, географиялық орналасуын ескереді. Соған орай қам жасайды. Өңір халқының ең өзекті мәселесі не екеніне назар аударады. Соны сатылап шешудің жоспарын түзеді. Халықпен етене жұмыс істейді. Көбейген тауық пен жиылған жұмыртқаға малданбайды. Өзіне сын айтқандармен соттаспайды. Елге жақын, шаруаға шебер әкім ондай ырың-жырыңға алтын уақытын қор қылмайды...
Мұның бәрін не үшін айтып жатырмыз? Ақылымыз тасқаннан емес, Дастан Рыспеков сондай әкім болса деген үмітпен айтамыз. Бірақ болу-болмау – өзінің шаруасы. Біздікі – тегін кеңес қой, айтқанымыз үшін ақы сұрамаймыз.
Қазақстанды ғарыштық державаға айналдырған «Сұңқардың» сұлбасы біздікі болғанымен, «өкпе-бауыры» Ресейдікі. Сол себептен де Самарадағы «Прогресс» орталығында әзірленген зымыран-тасығыштың толық «есім-сойы» – «Союз-5/Сұңқар». Ал біздің «зымыран» ше? Басынан қара тырнағының ұшына дейін – отандық. «Сұңқардың» бір ерекшелігі, «ықшамдап бассаң», Жер орбитасына 17 тоннаға дейін жүк шығара алады. Білесіз, біздің кейіпкердің де мойнына артылған жүктің салмағы зіл-батпан. Дастан Рыспеков Ұлытау облысын ұшпаққа шығара ала ма? Міне, ең маңызды сұрақ – осы. Сондықтан еліміздегі ең жас әкімді қолымыздан келгенше қамшылауға тырыстық. Атына сай болып, «ұшып-қонып» жүре берсе екен деген ақпейіл ниет – біздікі. Әйтпесе, білесіз ғой, зымыранның құлауы – өзіне де, елге де жаман...
Сансызбай НҰРБАБА