Дауыс ұрлап әкім болған Көлбайдың оқиғасы
Үш күн үшкіртіп, бес күн бақсы ойнатсаң да, өңіңді қойып, түсіңе кірер жай емес. Кеше ғана кердеңдей басып кекіріп, май жұтып, кілегей түкіріп жүрген әкіміміз бір-ақ күнде түбі шіріген теректей орнынан опырыла құлады.
«Уф-ф» дегенге желп ете қалатын қауқарсыздар кауымынан емес секілді еді, алдын ала желдей есетін дабыра-дақпыртсыз жалпасынан кұлағанына бас шайқасып, таңдай қағыстық. Сол-ақ екен, ел құлағы – елу деген емес пе, жұрт арасында соңғы жаңалық отқа май құйғандай лапылдады:
– Ақ деп жүргеніміз ала боп шықты. Аудан экономикасын іштей үңгіп, тышқанша тасымалдапты.
Шаруашылықты кезіндегі Аралдың айдынындай-ақ шалқытты ғой. «Алтын көрсе, періште де жолдан таяды» деген, Ақша-ару өзіне кімді табындырмаған. Ептеп, шетпұшпақтан жырмаласа, жырмалаған шығар. Қолында тұрғанда ертеңін ойлап, қор жинағанының несі айып?
Бұл жолы табанын тірерге таяныш таппапты. Қорғап қалуға жоғарыдағы қолдаушысының да құдіреті жетпепті.
– «Қылаң етіп қылт етіп, сылаң етіп сылт еткен» ерке кербезі бар билікті беліне байлап, көрпе астында көсемдік құрып, төсекте төрелік жасаған деседі ғой.
– Алтын сырғаны сылқымының құлағына апарып сыбырлатып қойып, саусағына кигізген бриллиант жүзікке билік айттырып, күздікке тай мен тайыншаны, соғымға ту бие мен атан түйені алып ұрып, «шіңи, шиңи дегенің шиқа-шиқа май болды» деп, шылқытып қазы мен қарта, жал мен жая шайнаған қайран күндер келмеске кетті десеңші.
Еркелетудің де жөні бар емес пе. Әйелін тым әспенсітіп жіберген ғой. «Қатынды хан тұтса, байына теке боладының» кері келген екен, ә!
«Шабаннан желмес туады, сараңнан бермес туады, саңыраудан шақырса, келмес туады» демекші, енді Құдай атасы жаман біреудің тастандысына табындыра көрмесін. Кім болса да, алаған қолы берегендер тегінен келсе екен.
Жылма-жыл шілде айында Сочиде немесе Қырым жағалауларында болып, қыздырынып, денесін күнге күйдіріп қайтпаса, құс келер уақытта ерке бикештей еті қышитыны да рас еді. Жолдамамен шетелдік сапарларға шығып тұру да оның пешенесіне жазылған басқа әйелдерден «артықшылығының» бірі болатын.
Енді, міне, сол ерке бикешті алыс сапарларға аттанарында сылаң қаққызып шығарып салып, қайтып келерінде күлім қаққызып күтіп алу жұмыстары мен қоймадағы дефицит заттарды жұрттың көзін ала бере тиісті адамдарға тасымалдап беретін тападай тал түсте жасалатын мәдениетті талан-тараждың талай-талай куәсі болған екі бірдей қызмет көлігі иесіз қаңтарылып, екі аптадан бері жымқырма жұмыссыз қалды.
...Кең көсіліп, көрпе үстінде қисайып жатып, табақтағы буы бұрқыраған кешкі асқа бес саусақты шеңгелдеп сала бергенім сол еді, көрші көшеде тұратын Малдыбай «кеш жарық» деп маңырай кірді.
– Уа, Мәке түбі түскен шелекше даңғырлап, мақтап жүреді екенсің. «Дәмді астың басына, жақсы келер қасына» деген, кел, кел, – деп, мақалды мәнін өзгерте тақпақтап, кұрақ ұшып, қолымдағы етті сорпасын сорғалатқан беті апарып соның аузына тығып жібердім. Өйткені ол қанша құрдас болғанымен, қазір әкімнің «көшірмесі», нақтылай айтқанда, құлаған бастықтың қызметін уақытша атқарушы болатын.
– Қиыстыруың қисынға келеді. Аузың бүтін, тісің түгел тұрғанда ішіп-жеп қал, – жетектеп апарып, қақ төрге қонжиттым.
– Иә, Мәке, айран сұрай келіп, ыдысыңды жасырмағаның жөн. Тіліңді тура жолға бұр, – дедім алыстан орағытып.
– Аңқылдағым-ау, арғы жағымдағыны аңғарып отырған да боларсың. Аузымды ашқаннан-ақ көмекейімдегім көрініп тұрған жоқ па. Сандықтағы ақшаңа, төрдегі текеметіңе қолқа салмаймын...
– Шыдамаған жүрек жарылып кетер, құстың сүтін, қасқалдақтың қанын сұрай келсең де, майпаздамай, төте тартшы! – дедім сөзін бөліп.
– Шабыңа шоқ түскендей тулап, алқымың ісіп, неменеге ит көздене қалдың?
– Жыбырлақ еріндеріңдегі жымысқы сөздерді жұмбақтай бермей, ашық ағытпайсың ба!
– Ағытсам, маған сенің дауысың керек.
– Дауысың дейді. Бағанаданғы бақылдағанымның бәрін жинап-теріп ала бермедің бе?
– Жо-жоқ, Аңқылдақ, сен мені дұрыс түсін. Бұл күндері еліміздегі «а» деп білетін адамдардан бастап, қыбырлаған жәндіктерге дейін өздерін-өздері қайта құрып жатқанын жақсы білесің. Сол бетбұрыс бағытымен кешегі тыран асқан бастықтың орнына жаңа әкім халықтың қалауы бойынша, демократиялық негізде сайланып қойылмақ.
– Өте дұрыс болған! Көбік ауыз, көк айылдарды мұндай қызметке жуытпау керек!
– Менің бар өмірім көз алдыңда өтіп жатыр. Бұрынғыларды айтпағанда, соңғы он жыл бойы тапжылмастан орынбасар боп омалып отырдым. Аз күннен бері ғана әкімнің «кешірмесі» болып күмпиюдемін. Өзің айтшы, толық әкім болып дүрілдеуге менің де қақым бар емес пе?
– Сонда маған бұйрық шығар демексің бе?
– Сайлайды деп отырса, бұйрығы несі-ей! Таяуда аудан кеңсесінде үлкен жиналыс болып, сонда ішінде мен бар, басқа да бірнеше орынтақтан дәмелі адамдарды дауысқа салады. Жоқшылықта жеген жарты күлшенің дәмі кетпес деп кезінде бір үзім нанды бөлісе қаужасқан қанды көйлек құрдасына сол сайлауда бүйрегіңді бұрсаң деген ғой.
– Жоғары оқу орнына тест тапсырып, конкурстан өтем бе, өтпеймін бе деп қалтырап жүрген абитуриенттерше жаным мұрнымның ұшында тұр десеңші. Бейшара-ай, калың мүшкіл екен! Ал бүйректі бұрдым дейін, одан арғысын айтшы.
– Жілікті жігіт, білікті мамансың. Арық қойдай тырысып, сіңіріңе ілініп жүріп-ақ еңбегіңмен елдің еркесі, әріптес жұмысшыларыңның ортасындағы серкесі атандың. Сен түшкірінсең, басқалардың сіңбіріп салары сөзсіз. Біраз дауыс жинауға көмектес.
– Сонда қалай? «Әкім біздің Малдыбай болсын!» деген айқайды үй біткенді аралап жүріп, әркімнің аузынан магнитофонға жаздырып алуымыз керек пе?
– Жо-жоқ, өйтіп сенделмей-ақ, сайлау жиналысында менің ныспымды атағанда жыпырлатып жапатармағай қолдарыңды көтерсеңдер болғаны.
– Е-е, олай болса, жұртпен жақындасып, азаматтармен ақылдасып көрейік, – дедім.
– Тағдырым өзіңнің қолыңда, сенен басқа сенерім де жоқ, – дейді аузы кемсеңдеп, көзі кілегейленіп.
– Сенімі жоқ адамның сенері де аз болады. Үмітсіз сайтан ғана деген, кеуде ұрып, көптің атынан көку күпірлік болар. Таңғы несібені Тәңірден сұрап көрерміз, – деп соқыр үміттің сойылын ұстатып, Малдыбайды табалдырықтан ары аттатып жібердім.
...Төрт бүктетіліп төсекте жатып, ала таңды көрер көзбен аттырдым. Ойды ой ұрлап, ілгергісін кейінгісі жұтып қойып, бірін-бірі тып-типыл етеді. Космос кемесіне мініп қиғылық сап қусаң да ешқайсысының ұшығынан ұстатар түрі жоқ.
«Ойпырым-ай, – дедім өз көкірегімді өзім тырмалап. – Уақыт дегенің үнсіз жүріп-ақ үстемдік құрып, тіршілік атаулыны табындырып, басбұзарларды да дегеніне багындырып, ақыл-ес иелеріне табанын жалатып, бақайшығын санатып қоятын қанды балақ құдіреттің өзі екен ғой. Кеше көкке қарай көкиіп, жоғары жақтағылармен ғана ауыз жаласып, аспанмен таласып, еңістегілерді етігімен кағып, өкшесімен соғып өтетін Малдыбайлар бүгін тәубесіне келіп, тәрбиеге көніп, «төменгі таппен» төмпешік болып сөйлесуге көшіпті. Өрмекшіге ұқсап өрмегін тоқып, дәнін теріп, құмырсқаша құжынаған карапайым еңбек адамдарының да қолына қарға саңғырып, билікке араласатынын түсінген екен».
Таңертеңгілік тамақты қарныма тоғытып алып, жұмысқа жиналып жатқаным сол еді; «Қайырлы таң!» деп қабырғаларды қақырата айқайлап, темекі түтіні ыстаған көкірегі көксау тоқтыныкінше сырылдап, түнімен сілтеген «қырық градус» ішін өртеп, ішегі аш қасқырдікінше шұрылдап, ауданның шаруашылық басқармасының бастығы Әпербақан жетті.
– Әдетте, алдыңа тартқан адал ас, бірер шөлмек арағымызды жеп-ішіп, соңынан әйелімді балағаттап, өзімді сабап, бала-шағама қырғидай тиіп, ұлардай шулатып кетуге кештетіп келуші едің. Ол шиқылың бұл шиқылыңа ұқсамай тұр ғой.
– Мына бір тоқтыны тамақтап, жиендерге көже-қатық болсын деп алып келдім.
– Саған қашаннан нағашылық дарып, елді есіркейтіндей ес кірген?
– Өткен уақыт, ескі тірлікті жартасша жаңғыртып қайтесің. Қайта құрылған деген осы болады.
– Сөзіңнің төркінін түсіндім. Саған керегі дауыс қой.
– Төбесінде тесігің, көзіңде көріпкелің бар пәлесің-ау, оны қайдан сезіп тұрсың?
– Бұйырғанын күйсеп, тып-тыныш жан бағып жүрген момақан малды пышаққа жығып, маған әкелуің етін жеп, сүйегін мүжіп, өтеуін «дауыс» қып қайтар деген бақай есебін емей, неменең?
– Ах-ха-ха, бұл жұмбақтың шешуін шекілдеуікше шақтың. Соған қарағанда, дауысыңды менен бұрын еншілеп алғандар бар-ау деймін.
Осы сәт басыма бір пасық ой сап ете қалып, алқымымнан алып, азғырмасы бар ма:
«Аттөбеліндей ғана ым-жымы іштерінде болатын ұялас топ – басшы қызметкерлердің көбі сендейлерден пара алып байып, ұрттары майланып, ұрлыққа семіріп жүрген жоқ па. Сен де тартынба, әкелді екен қайтарма. Дала тағысының аузында, қарға-құзғынның тұмсығында да кететін бір тоқты. Үйелмелі-сүйелмелі бүлдіршіндеріңнің пайдасына шеш».
– Қорықпа, – дедім оған жүзімнен жылылық танытып. – Дауыс сенікі!
Міне, бұл осынша ғүмырымдағы өмір сахнасында ойнаған артистік алғашқы рөлім еді.
– Әп, берекелді, жарайсың! – деді арқаға қағып. – Ендеше, он бес дауыс сенің мойныңда. – Солай деді де, Әпербақан атына мініп, «Ауди» машинасының кілт сұғарын бұрап жіберіп, бүлкілдете жөнелді.
Әншейінде аяғына бас ұрып жалынсаңда, малды қойып, маңына жуықтатпайтын адамның бүгін қойды өз аяғымен әкеп, қара қазаныңа салып беріп тұрғанына сенгің де келмейді екен. Бұйырған асқа дау бар ма. Бас-сирағын бөлек кесіп алып, «тонын» сыпырып, етін жіліктеп бұтарлап, тоңазытқышқа тығып тастап, жұмысқа тарттым.
Күні бойы қол-аяғым қимыл үстінде болғанымен, санам сан-саққа шабуылдауда:
«Кеше Малдыбайға үміт отын үрлетіп жіберіп, бүгін Әпербақанға уәде беруіме жол болсын. Малдекең, қанша айтқанмен, орынбасар ғой. Шаруашылық басқармасына қарағанда әкімдікке бір табан жақындығы бар». – Бұл – бүйірге түртіп түрған бірінші ойым. Екіншісі – қылышын сүйретіп, оған қарсы қаһарын төге төнеді, «Қайнап тұрған қазіргі кезеңде кәдесіз іс оңға басқан ба? Бетбұрысқа лайық қайта құрылатын уақыт жетті ғой. Бұрын асатуды ғана білсең, енді асауға да машықтану – кезек күттірмейтін өзекті іс. «Құрғақ қасық ауыз жыртады», «жалғамасыз» болса, орынбасар орнында отыра тұрсын. Таққа қарай тоқтылыны сүйреген жөн».
Сонымен, тоқты иесін тұғырға көтеріп қондыруға «әуп» деп көмектесер дауыс жинауға бекіндім.
Жұмыстан шаршап шығып, жығылып-сүрініп үйге келсем, есік алдына жекеменшік көк «Тойотасының» тұмсығын тіреп қойып, ауданның орталық әмбебап сауда үйінің бастығы Көлбай отыр. Амандық сұрап, қол алысқан беті қапсыра құшақтап апарып машинасына отырғызды да, уысында умаждалған «мыңдықтарды» төс қалтама сүңгітіп жіберіп, бір жәшік арақ пен бір жәшік сыраны арқалатты.
– Менің сауда үйімде адамның жанынан басқаның бәрі бар. Ақша да жетерлік. Тек дауыс жоқ, – деді ол, салған жерден ағынан ақтарылып. – Бүйтіп көпіртіп шашып, көлдете кешіп жүретін күндер қашанғы күлімдеп тұра береді дейсің, бірде болмаса, бірде аяқ астынан қағылып, қамығып қаламын ба деп күдіктенемін. Құлдырап кетпей тұрғанда, әкімдікке жетіп алуым керек. Соған жұртыңды жұмылдыр! Халықпен тонның ішкі бауындай араласып жүрген қарапайым еңбеккерсің, әріптестеріңнің тамырын дөп басып, көңілін табу, бір келсе, сенің ғана колыңнан келеді. Мол дауысқа мені бір кенелтші, Аңқылдақжан! Жақсылығыңды көзім жұмылғанша жадымды сақтармын.
– Жарайды... жақсы, – дедім оның қолын қысып тұрып. – Қазіргі жағдайда мол бергенге жол беруге дайынмын. Жиналыс өтетін күнге дейін барлық жұмысшыларды жұмылдырып, дауыстардан хор ұйымдастырып қоямын. Алаңсыз саудаңды судай сапыра бер!
– Келістік қой!
– Айттым бітті, кестім-үзілді!
– Аузыңа – май, астыңа – тай! – «Тойотасының» төрт дөңгелегі жерге бірде тиіп, бірде тимей, заулап бара жатты.
Бір бөтелке сыраның қалпағын тісіммен тістеп қайырып жіберіп, көмекейлете дем алмастан тарттым. Әп-сәтте-ақ жаным жадырап сала берді. Басқаларын көтеріп апарып кілеткеге кіргізіп, есігіне шәугімдей қара құлыпты қарауылға койдым. Сонан соң ауладағы сәкіге келіп жайғастым да, ысқырып қаратып алып, саусағымды ғана қыбырлатып, әйелімді қасыма шақырдым.
– Байғұс-ау, өзіңді-өзің әкім сайлап қойғаннан саумысың, әмірлісің ғой, – деп су тегін сөзімен қажай келіп, он қапталыма тізе бүкті. Шытырлатып санап, төс қалтадағы ақшаның үштен екісін бөксесінің астына бастыра қойдым.
– Тыныш, дымыңды ішіңде сақта! – дедім, жан-жағыма жапалақша жалтақтап. – Осы сенбіге конақ қабылдауға қамдан. Қазанға бүгінгі сәлемдемеге келген етті тұтас салатын бол. Бас-сирағы да қалмасын.
– Оларың кім тағы?
– Жаңа ғана көз алдыңда өзіңді жарылқап кеткен Көлбайды көтермелеуге көмектесетін, қолдарында кұдіреті бар адамдар.
– Сорлы-ау, Әпербақанның әңгір таяғының астында тыпырлағың келмесе, тоқтысында нең бар?
– Бәйбіше, бып деме. Ол қыстағанда өлексесінің құнын қайтарып алар. Оның есесіне сауда үйінің саңлағынан қалта толтыра қамтып қап отырғанымызды ұмытпа.
– Дегеніңе құлдық, бай-еке! – деп, жамбасы астындағы «жалақысын» ышқырына қыстыра сап, томпаңдай жөнелді.
Сол сенбінің кешінде ауданның маңдайалды он бес қоғалығының он бес бірдей билік иелері мен бес құрылысшы-жастар бригадасының бас жетекшілері біздің түтіннің астында бас қосып, желдей есіп, желпініп отырысты. Бойларын «жынды су» жайлап жаулап, балбыратып балқыта бастады-ау дегенде, Көлбай жайлы әңгіменің тиегін ағытып кеп жібердім. Басында көбісі Көлекеңнің жылтыр жаулықтан, пом барқыттан, шетелдік етіктерден, құндыз бөріктен, тіпті бертін келе арақ-шараптан да қолдарын қағып тастағандарын айтып, қасарыса қарсыласып бақты. Мен құйып жатырмын. Суша сіміріп жатыр, сабаздардың тартынар бірі жоқ. Бір жарым жәшіктен «жан» кеткен шамада:
– Сендерді де айналамда арқасүйер азаматтарым бар деп алданып жүріппін ғой. Сөйтсем, шеттеріңнен көздің құрты – дүние-мүліктің құлына айналып кеткен безбүйрек екенсіңдер, – деп салдым.
– Не дейді мынау?
– Апырым-ай, ә, шынымен өкпелегенің бе? – Елеңдесіп, бір-бірлеріне қарасты. Мен соққыны үстемелете түстім.
– Көңіл шіркін бір атым насыбайдан қалады деген рас екен-ау! Бұдан былай сендерге сенім білдіргенше, сол қолқасы құрығырды суырып алып, мойныма байлап буынып өлгенім артық болар.
– Әй, Аңқылдақ, қалжыңды түсінуден де қалғансың ба? Б-біз сені қа-қайтер екен, сынайық деп... – Біреуі сөз бастады. Жұтқыздым тағы да.
– Саған, өзі, не керек, тоқетерін айтшы, – деп екіншісі іліп ала жөнелді.
– Маған менің жарты жанымнан да жақын досым Көлбайға дауыс керек, – деп басымды соққыладым.
– С-сен үшін б-бәріне де келістік, береміз дауысты... Әкел, құй! – деп бұйырды қосыла шуылдасып. Тартқыздым. Осы оңтайлы сәтті пайдаланып, әркайсысына бір-бір көк қағаздан ұстата-ұстата қойдым.
– Мынаған әрқайсы, он-оннан дауыс сатып әкелесіңдер, менің Көлбайым үшін, яғни мен үшін, – деп шірендім.
– Сол да сөз болып па? Бүкіл қожалықтағыларды, бүкіл бригада мүшелерін орталық сауда үйіндегі серке досыңның алдына әкеп, қаз-қатар тізіп қойып дауыс бергіземіз.
– Міне, міне, енді жөнге келе бастадыңдар. Сол адамдарыңның кез келгенін шырт ұйқыда жатқанда шошытып оятса да, қолдарын көтеріп, «Көлбай!» деп күңіренетін болсын! – Бұйыра сөйлеп тұрып, алдырып-алдырып жібердім.
– Қорадағы қойлар да «Көлбай» деп маңырайтын болады! – Қожалық көсемдерінің сөзі.
– Кірпіш «Көлбай» деп қаланатын болады. – Бұл барылдап отырған құрылысшы-бригадирлер жағы.
Дауыс жинап, даурығып жүргенде, уақыттың ұрланғаны да байқалмапты. Әкіреңдей әкім сайлайтын күн де қылаң берді. Сәрсенбінің сәтіндегі осы бір кешкі жиналысқа қатысуға ауданның мәдениет үйіне қарай ауыл адамдары құдалары алдарына тартар қос табақ астан құр қалардай асығыс ағылды.
Мәжілісті облыстан келген өкіл бастады. Алдымен аудан экономикасына қысқаша шолу жасады. Одан басқару ісіндегі опырайған олқылықтарды тіліне тиек ете келіп, шаруашылықты аяғынан тік тұрғызып, ұршықша иіріп әкететін іскер маман-басшы керек деген тоқетер тоқтам айтты. Келесі мәселе бойынша, әкім тағынан үміткерлердің бірі ретінде алғашқы боп Әпербақан дауысқа түсті. Қарсы болғандар саны қостаушы дауыстардан екі есе көбейіп кетіп, Әпекеңнің танауы тасқа тиді.
Мардымсыз марапаттаушылары Малдыбайды да орнында малтықтырды.
Ендігі кезекте Көлекеңнің аты аталды. Зал іші дауылды күнгі кемедей толқыды. Жақтаушы, жанашыр «дауыстар» үні қабырғаны қақырата жаздады. Яғни көпшілік дауыспен Көлбай әкім болып, діңк ете қалды.
Дауыс шығындап шөлдегендер жиналыстан соң Көлекеңнің үйінде көлдетіп отырдық.
Десе де... мөрі бар төрден дәмелерің болса, ұялмай-ақ бізге келе беріңдер. Дауыстан дауыл тұрғызуға бармыз. Тек, қалталарың қалың болса, болғаны.
Еркін Жаппас