Әлеумет

Демалыс орындары халыққа қызмет етсін

«Атамекен» палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев туризмді дамыту комитетінің басшылығымен кездесу өткізіп, демалыс орындарын халыққа қолжетімді ету туралы тапсырма берді.

Демалыс орындары халыққа қызмет етсін
Соңғы кездері туризмді дамытып, шетелдік туристерді тарту мәселесі жиі сөз болып жүр. Бұл сала ел экономикасын нығайтуға зор септігін тигізетіні де жиі айтылады. Тіпті туризм саласы үкіметтің жобалық кеңсесіне қосылды. Туризмді дамыту  «олимпиадалық жолдың» алты негізгі басымдығының бірі екенін, 2022 жылға дейінгі Ұлттық экспорттық стратегияға енгенін ескерсек, бұл салаға әр аймақ өзінше үлес қосып қалуға тырысатыны анық. Үкіметтің тапсырмасымен әзірленген Бірыңғай туристік картаға жеті өңірден 60 туристік нысан енген.Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы әсіресе инфрақұрылым мәселесіне мән беру керектігін айтады. Өзгелерді қызықтырады деген туристік нысандардың көбінде сервистік қызметтің дұрыс жолға қойылмауы турист тартуға әжептәуір кедергі келтіріп отырғаны анық.«Халық еліміздің түкпір-түкпірінен мәдени мұра ескерткіштерін тамашалау үшін келеді, ал ол нысандарда ешқандай инфрақұрылым жоқ. Әр аймақта халық демалуға баратын табиғи көрікті жерлер бар, осындай демалыс аймақтарын да өңірлік туристік картаға қосып, онда мәдени тынығуды қамтамасыз етіп, қызмет көрсету сапасын арттыру қажет», – деді төраға.Тимур Құлыбаевтың айтуынша, аймақтағы көрікті жерлер ғана емес, еліміздің екі ірі мегаполисінің өзінде де демалыс орындары аз, болса да инфрақұрылымы сапасыз. 1,5 миллион тұрғыны бар Алматының тұрғындарына табиғат аясында демалатын орындардың аздығын, Астанада да демалыс күні баратын жердің жоқ екенін сөз етті. Төрағаның ұсынысы – экономикалық туризмді дамыту. «Бүкіл демалысты теледидар алдында отырып өткізу дұрыс емес. Халық табиғат аясындағы демалысқа мұқтаж, балалар серуендеп, құмарын қандыруы қажет. Бұл да өмір сапасының бір белгісі».Отырыста келушілердің көңілін қалдыратын «фотосуретке түсіруге болмайды» сияқты тыйымдарды алып тастау, туристерге арналған автобустар бөлу, әр нысанның жеке сайтын ашу, туристерге жан-жақты танымдық ақпарат беретін жағдай жасау туралы да сөз болды. Сонымен қатар бұл тарапта әр іс бастаушыға салықты жеңілдету туралы да ұсыныс айтылды.Туристік қызмет көрсететін мамандардың тапшылығы да негізгі түйткілдердің бірі. «Атамекеннің» төрағасы мұны да шешуге болатынын ескертті. Туризм және қонақ күту саласына арнап маман дайындау үшін мемлекет тарапынан қаражат бөлу керек екенін, жоғары санатты мамандарды Алматы мен Астанада, орта санаттағы мамандарды өңірлердегі кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде дайындауға болады.«Мемлекет инфрақұрылымды құруға және еліміздің брендін танымал етуге арнап ауқымды қаражат бөледі. Біздің міндетіміз – бөлінген қаржыны тиімді жұмсау, ішкі туризмді дамыту», – деген ҰКП басшысы алдағы уақытта отандастарымыз мәдени, белсенді әрі арзан демалысқа қол жеткізуі керек екенін айтады.
Тегтер: Без Тега
Қуаныш  Қаппас
Қуаныш Қаппас Қуаныш Қаппас

Оқыңыз