Қоғам

Денсаулық сақтау министрлігі жусан тозаңына қарсы препаратты сынақтан өткізе бастады

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі жусан тозаңына қарсы аллергияны емдеуге арналған отандық препараттың клиникалық зерттеулерінің екінші кезеңін бастады.

Р

Ведомство мәліметінше, бұл жоба Денсаулық сақтау министрлігінің 2024–2026 жылдарға арналған ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Негізгі мақсат – аллергияны емдеуді халық үшін қолжетімді әрі ыңғайлы ететін қазақстандық дәрі әзірлеу.

Мамандардың айтуынша, жусан тозаңына аллергия Қазақстандағы ең кең таралған маусымдық аллергиялық реакциялардың бірі саналады. Аурудың негізгі белгілері – мұрыннан су ағу, түшкіру, көзден жас ағу және тыныс алудың қиындауы. Бұл симптомдар көбіне жаз бен күз мезгілдерінде күшейеді.

Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, жаңа препаратты қазақстандық ғалымдар заманауи рекомбинантты аллерген негізінде жасаған. Өндіріс OtarBioPharm кәсіпорнында халықаралық GMP стандарттарына сай жүргізіледі.

Жобаның басты артықшылықтарының бірі – емдеу курсының қысқалығы. Егер дәстүрлі аллерген-спецификалық терапия ұзақ уақытқа созылса, жаңа препаратпен емдеу аптасына бір рет салынатын төрт теріасты инъекциясынан ғана тұрады.

Министрлік мәліметінше, бұған дейін еріктілердің қатысуымен клиникалық зерттеудің бірінші кезеңі сәтті аяқталған. Зерттеу барысында ауыр жанама әсерлер тіркелмеген, ал алдын ала нәтижелер аллергенге сезімталдықтың төмендегенін көрсеткен.

2026 жылғы 24 сәуірде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі препараттың екінші фазалық клиникалық сынағына ресми рұқсат берген. Зерттеу «Рахат» медициналық орталығы базасында өтеді. Оған жусан тозаңына аллергиясы расталған 138 пациент қатысады.

Тегтер: аллергия
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз