Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:02, 24 Қаңтар 2024

Депутат Дәулет Тұрлыханов кальян қолдануға тыйым салуды ұсынды

депутат
Фото: из открытых источников

Мәжіліс депутаты қазіргі таңда кең таралып кеткен вейб, кальян сынды зиянды заттарды қолдануға тыйым салуды ұсынып, үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды Zhasalash.kz.

"Кальянды қоғамдық орындарда қолдануға заң жүзінде тыйым бар. Алайда бұл норма орындалмай отыр. Өйткені 3 жыл бойы кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий болды. Тексерісті тоқтату деген заңды бұзуға болады деген сөз емес қой. Бірақ пайдаға дәндеген кәсіпкерлер мұны пайдаланып қалуға тырысты. Кальян таратушылар тек өздерінің ғана емес, қасындағы адамдардың да денсаулықтарына зиянын тигізуде", - деді депутат.

Сондай-ақ депутат ескерту тек тұтынушыларға ғана емес, оны ұсынатын кәсіпкерлерге шара қолдану қажет екендігін айтты. 

"Бұған ескерту жасап, шағым айтсаңыз, көп болса, кальян шегушіге әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынуы мүмкін. Оның көлемі небәрі 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сома ғана. Ал осыны ұсынып отырған кәсіпкерге ешнәрсе де болмайды. Өйткені ол заңда көзделмеген", - деді Дәулет Тұрлыханов.

Сонымен қатар, ол мемлекеттік органдар құқық бұзушыларға қарсы шараларды қолға алу қажеттігін баса айтты. 

"Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі бірлесе отырып, барлық көңіл көтеру орнына рейд ұйымдастырып, кальянның елге кіруіне, оның тұтынылу заңдылығына тексеру жүргізуі қажет. Екіншіден, ДСМ еліміздегі қолданылып жүрген кальянның құрамына, шығаратын түтініне сараптама жасап, оның адам денсаулығына тигізетін зияны бойынша қорытынды әзірлеуі тиіс. Сонымен қатар Үкімет елімізде кальянды қолдануға мүлдем тыйым салуды, оны бұзғандарға едәуір жауапкершілік тағайындауды көздейтін заң жобасын әзірлеуі қажет", - деп қорытындалды ол.

Айта кетейік, елімізде электронды темекі сынды заңсыз заттардың айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. 

▪️ сатқаны үшін ең жоғары жаза - 50 күнге дейін қамауға алу;
▪️ әкеліп, таратқаны үшін - екі жылға дейін бас бостандығынан айыру;
▪️ қылмыстық топ жасаған не аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған әрекеттері үшін - 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.