Саясат

Депутат деген екен...

«Жүре берсең, көре бересің» демекші, елімізді мекендеп отырған өзге ұлт өкілдерінің талайы қазаққа қарсы тас атып, былапыт сөз айтқанын да көріп жүрміз.

Депутат деген екен...

Ол аздай,  енді, қара  көз  өз  қандасымыз да өз  руханиятымызға  қарсы   шауыпты. Мұны  қалай түсінсек екен? Айтқымыз  келгені, мына  жайт: осыдан бірер күн  бұрын елордадағы мәслихат депутаты Мирас Шекенов астаналық кітапханаларды жауып  тастау  жөнінде   ұсыныс айтыпты.  Оның  айтуынша,  кітапханалар анахронизм санатына енеді-мыс.  «Өйткені, – дейді  әлгі  депутат,  – кітаптардың  барлығы цифрландырылған  һәм  ғаламторда бар».  Бұл  қаншалықты ақиқат. Қазақстан  ғаламтормен  қаншалықты  қамтылғаны  пандемия  кезінде  білініп  қалды.  Демек, цифрландыру  толықтай жүзеге асқан  жоқ. Олай  болса, кітаптардың  барлығы ғаламторда  қатталды, – деп айту әлі  ерте. Онымен  қоймай, әлгі   халық қалаулысы: «Астанада тек  бір кітапхана  болса да  жеткілікті (18 кітапхана  бар).  Қалалық  бюджет ғимараттарды  ұстап  тұрудан және ондағы қызметкерлерге  жұмсалатын қаржыдан үнемдер еді», –   дейді.  Бұған  не  дейміз?!.. «Байдың асын  байғұс қызғанадының»  кері  ме,  әлде…   Онсыз да  ана тілімізді  (мемлекеттік  тіл)  өз  деңгейіне  көтере алмай  пұшайман  болып  жүргенде,  руханиятымыздың  кепілі  болатын  кітапханаларымызды іске  алғысыз  етіп,  өз  қолымызбен  жауып тастасақ,  не  болғаны?  Әлде,    ғимараттар мен  санаулы жұмысшылардың  біріне  тартса біріне  жетпейтін  азын аулақ нәпақасын  үнемдегенде,  шекеміз  шылқып шыға келе  ме?  Ақиқатын айтсақ, адамның  білімін арттырып,  жандүниесін байытатын кітапханадан аяғанды  ит жесін. Басқа айтарымыз  жоқ.  Депутат  мырза астанада түкке алғысыз, жобаларға  бөлініп  жатқан миллиард-миллиондаған   қаржыны  неге  өстіп есепке алмайды екен?  Бәлкім,  Шекенов  секілді депутаттар  ол  жерге бас сұқпайтын  шығар. Ал кітапханаға  жұрт бармайды  емес,  барады.  Кітапхана  мәдени  ошақ, білім ордасы.   Оны  жабуға  болмайды.  Қысқасы,   мәслихат депутаты  Мирас Шекеновтың   айтқаны  оның жеке көзқарасы, жеке  пікірі  болғанымен,  ел  үшін өте қауіпті  бастама.  Ертең   тағы  бір  жерден «Әне, астанада кітапханаларды жауып, экономдап  жатыр. Бізде  сүйтейік», – деп  доғал  ойлы, бір көксоққан Шекеновты  қолдай  кетуі де әбден мүмкін. Біз өзі сондай  науқаншылдыққа  бейім  тұратын   елміз  ғой. Кітапханаларды  жауып,  рухани  ашаршылыққа  ұшырап жүрмесек  болды. Нағыз  трагедия сол  болмақ. Сондықтан  мұндай,  ойланбай айтылған  әңгімелерді  жөргегінде  тұншықтырып тастаған әбзел  болмақ.  Кейбір  деректерге  жүгінсек, елімізде  ұзын  саны  11  мыңнан астам кітапхана  бар көрінеді. Оның  бес мыңға  жуығы  көпшілікке арналған. Сол  5  мыңға  жуық   кітапханаға  5 миллионға  жуық  адам тіркелген. Өкініштісі, халық қалаулысы,  депутат  мырзаға  «кітапхана керек  жоқ» демес  бұрын, осыны  зерттеп алу керек еді-ау. Амал  қанша, «атың  шықпаса, жер  өртенің» керін келтіріп отыр  енді...

Әміржан Қосан: «Кітап культі керек, кітапхананы қолдау — популизм емес!»

Әрине, «Бұл неткен надандық?! Кітап секілді киелі дүниеге тіл тигізген ол өзі қандай оңбаған?!», – деп бір ашуланып, оны жерден алып, жерге салып, содан кейін тақырыпты жылы жауып қоюға да болатын шығар. Әйтпесе, бір тақырыпқа бір апта хайп ұстап, әлеуметтік желіде улап-шулап, кейін оның бәрін ұмытып кететін халықпыз ғой.

Бірақ меніңше, «іріген ауыздан шыққан шіріген сөз», шын мәнінде, қазіргі қоғамда орын алған бірқатар трендті еске салады.

Біріншіден, бізде кітапқа, қала берді, мәдениетке, рухани салаға менсінбей қарау, оларды екінші сортты дүние деп санау салты орныққан. «Алдымен экономика» деген заманда, ондай теріс әдет заңды да: әлеуметтік сала да, ғылым мен білім де, мәдениет пен өнер де, саясат та экономиканың құлы болып, жетім баланың күйін кешуде. Мына сөз – сондай мемлекеттік саясаттың бір көрінісі.

Екіншіден, жеке тұрғыдан алғанда, бұл депутаттың өз сөзі ғой. Ал психологияда «Фрейдке сәйкес» деген ұғым бар, яғни адам не туралы ойлайды, соны айтып қалады. Бәлкім, ол депутатқа, шынымен де кітапхана керек емес шығар. Кім білген...

Үшіншіден, депутат кімге тиісерін біліп отыр! Аса мәдениетті де тәрбиелі кітапханашы қауымынан ол қорықпайды екен. Әйтпесе, үнемдеу керек болса, неге оның басқа, биліктің жанды жеріне тиетін жолдарын айтпайды? Мәселен, шенеуніктер санын қысқарту, даңғаза да түк пайдасы жоқ мемлекеттік бағдарламаларды қайта қарау, мұнай мен газдан түскен ақшаны бюджетке қайтару дегендей, тиімді де, өтімді жолдары бар емес пе?

Төртіншіден, шынын айту керек, қазіргі технология мен коммуникация құралдары дамыған кезде дәстүрлі кітапханалар да заман көшінен қалмауы тиіс. XXI ғасыр оқырманы бөлек, оның талаптары мен мүмкіндіктері мүлдем басқаша. Көп дүниені планшет пен смартфоннан, электронды кітаптардан оқып-біліп жатады. Сол себепті, кітапханаларға да өз реформасы керек-ақ. Және де олар мемлекет қолдауы мен нарық заңдарын ескере отырып, оқырманға қызмет көрсетудің жаңаша жолдарын меңгерген мәдениет ошағы болуы тиіс.

Бір нәрсе анық: қай формада, қай әдіс-тәсілмен жұмыс істемесін, дәстүрлі кітапханалар қала бермек, бола бермек! Кітапханаға қарсы депутаттар келеді, кетеді, кітапханалар және оның қорғаушылары қалады!

Тегтер: Без Тега
Күлтегін Бек
Күлтегін Бек Күлтегін Бек

Оқыңыз