Қоғам

Десантшылар 26 жылдық мерейтойын атап өтті

6 шілде – Қазақстан Қарулы күштері құрамындағы Десанттық-шабуылдау әскерінің құрылған күні.

Десантшылар

 Биыл олар 26 жылдығын атап өтіп жатыр. Осы уақыт ішінде десантшылар қалыптасу кезеңінен өтіп, еліміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ететін ең ұтқыр, жауынгерлік әзірлігі жоғары бөлімдердің біріне айналды.

Қазіргі геосаяси жағдай мемлекеттерден қорғаныс әлеуетін үнемі жетілдіруді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Қарулы күштерінің алдында елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау, заманауи қауіп-қатерге жедел ден қою және әскери даярлық деңгейін тұрақты арттыру міндеті тұр. Бұл бағытта десанттық-шабуылдау әскерлерінің орны ерекше.

Десанттық-шабуылдау әскерлер – Жоғарғы Бас қолбасшының резерві саналады. Сондықтан бұл құрама кез келген жағдайда қысқа мерзім ішінде жауынгерлік тапсырмаларды орындауға, қауіп төнген аймаққа жедел жетуге және күрделі операцияларды жүзеге асыруға дайын болуы тиіс. Кейінгі жылдары бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Қазір десанттық бөлімдердің жауынгерлік даярлығы заман талабына сай жетілдіріліп жатыр. Әскер құрамында ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелер кеңінен енгізіліп, барлау мүмкіндіктері айтарлықтай артты. Сондай-ақ әуе-десанттық даярлық жетілдіріліп, жеке құрамды десанттау, жауынгерлік атыстар өткізу және заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану бойынша кешенді тактикалық оқу-жаттығулар тұрақты өтіп тұрады.

Қазақстан Қарулы күштерін жаңғырту ісінде халықаралық тәжірибе алмасу маңызды рөл атқарады. Десанттық-шабуылдау әскерлері жыл сайын халықаралық және республикалық оқу-жаттығуларға қатысып, кәсіби даярлығын дәлелдеп келеді. Сондай-ақ қазақстандық әскери қызметшілер Біріккен ұлттар ұйымының бітімгерлік миссиялары аясында қызмет атқарып, еліміздің халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосып отырған үлесін көрсетіп жүр.

Биыл да десантшыларды ауқымды жауынгерлік даярлық бағдарламасы күтіп тұр. Қазақстан аумағында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Орталық Азия өңіріндегі Ұжымдық жедел әрекет ету күштерімен бірлескен «Шекара-2026» оқу-жаттығуы және «Бауырластық шыңы-2026» халықаралық оқу-жаттығуы өтеді. Бұдан бөлек десанттық-шабуылдау әскерлері «Батыл тойтарыс-2026» республикалық оқу-жаттығуына, сондай-ақ «Өзара іс-қимыл-2026», «Мызғымас бауырластық-2026» және «Орман бауырластығы-2026» халықаралық оқу-жаттығуларына қатысады.

Бұл жаттығулар жауынгерлік машықты жетілдіруге, серіктес мемлекеттердің қарулы күштерімен өзара іс-қимылды нығайтуға және қазіргі заманғы әскери іс-қимыл тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік береді.

Қазақстан Қарулы күштері кейінгі жылдары әскери әлеуетін күшейтуге басымдық беріп келеді. Әскерді заманауи қару-жарақпен жарақтандыру, цифрлық технологияларды енгізу, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану және әскери білім беру жүйесін жетілдіру жұмыстары жүріп жатыр. Мұндай жұмыстар армияның ұтқырлығы мен жауынгерлік қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жеке құрамы осы өзгерістердің алдыңғы қатарында тұр. Мұнда әскери борышқа адалдықты, кәсібилікті және кез келген жағдайда тапсырманы орындауға дайын болуды басты қағидаға айналдырған сарбаздар мен офицерлер қызмет етеді. Олар аға буын қалыптастырған жауынгерлік дәстүрді жалғастырып, жастарды патриотизмге, ерлікке және Отанға адал қызмет етуге тәрбиелеп келеді.

«Бізден басқа ешкім емес!» деген ұранды ұстанған қазақстандық десантшылар еліміздің қорғаныс жүйесінің сенімді тіректерінің бірі саналады. Олардың кәсіби дайындығы, жоғары жауынгерлік әзірлігі мен заманауи мүмкіндіктері Қазақстан Қарулы күштерінің әлеуетін нығайтып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды фактор болып қала береді.

Елназым Қуанқызы

Тегтер: Десантшылар
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз