Өңір

Ділдар МАМЫРБАЕВА. Алматы және біз

АЛМАТЫ ЖӘНЕ БІЗАлматыдағы «Тастақ» базарына есіктің кілтін жасатуға бұрылдым. Шебер қолы да, аузы да қатар қимылдайтын жас жігіт екен.

Ділдар МАМЫРБАЕВА. Алматы және біз
– Жеңгей, Алматыға келіп көзім ашылып, адам қата­ры­­­на қосылдым. Ауылда малмен бірге мал болып кете жаз­дап­пын ғой, — дейді дайын кілтті тағы бір тексерістен өт­кізіп жа­тып. Ауылда өскен мен бейтаныс «қайнымның» сөзіне өзімше шамданып:– Қалада кілт жасап жетілдім де, — деп жақтырмай, суық жауап бердім.– Басқа қаланы білмеймін, Алматыға келгендер жетіледі, бұл шындық, — деді жігіт еш құйтырқысыз, қалаға деген ме­йі­рімі мен ризашылығы жүзінен байқалып.Мен ойланып қалдым. Алматы деген атаудың өзінде бір қасиет, қадір бар. Бұдан пәленбай жыл бұрын 4 баласы бар жиен ініміз ауылдан бір күнде көшіп, қолымызға келіп ал­ды. Келін екеуі 26-27-лерде. Балаларының арасы 9-айға жетер-жетпес. Алды тіліңді әзер ұғып, арты енді-енді ең­бек­­теуге жарап қалған. Біреуі жыласа калғандары түгел қо­сылып, бір бөлмелі үйіміз азан-қазан болады. Әрқайсы­сымыз бір баладан ұстап, жұбата алмай әлек боламыз да жа­­та­мыз. Осындай у-шулы күндердің бірінде: «Жыла­маң­дар, қазір Алматыға барамыз», — дедім. Төрт бала жым бола қалды. Жылағандары басылды, көз жастары құрғады. Есі кіріп қал­ға­ны киімге жүгірді. Киіндіріп келін екеуміз ба­лаларды көшеге алып шықтық. «Осы Алматы!» деймін басқа не ай­та­рымды білмей. Балалар жұбанды. Содан кейін күн сайын кіш­кентайлар киімдерін құшақтап келіп тұратын болды, «Алматыға барамыз» деп. Сөйтіп Алматыда тұрып, балалар­ды Алматымен жұбататын болдық.Қалада тұратын даланың баласы түсінде ауылды көреді. Ал мен түсімде ылғи да Алматыға асығып келе жатамын, же­те алмай қиналып оянып кететін күндерім жиі ұшы­ра­сады.Алматының көшесінде келе жатып, Алматыны сағынып кететін сәттерім де көп. Мүмкін ол ұлылардың жылы ізі қал­ған жерден олардың көзін көргім келетіндіктен бе екен…Біз Алматының халқы рухани жағынан өсіп, тұлға қала болып тұрған кезінде сту­дент болған ұрпақпыз. Өзгеше бір қасиеті болғандықтан шығар, емшектен шыққан баладай, енесіне жамыраған қозыдай жан-жақтан, түкпір-түкпірден Алматыға ағыла­тын­быз. Қаланың кесек мінезіне байланысты ма екен оның құшағына сыйып, сіңіп кететіндігіміз сондай, оқу бітіріп, жол­дама қолға тиіп, кетер сәт таянғанда шеше бауырынан енді шығар баладай Алматыдағы әр күнді, әр сәтті қайта-қайта еске алып, таңғажайып әлемнен бөлектенуің қиындай түсетін.Ауданға кеттік. Ол кездегі аудандық газеттің жұмы­сы­ның қиындығы шаш етектен. Аудандық баспахана жұмы­сы­ның дұрыс жолға қойылмағандығы журналистің жұмысын ауырлата түсетін. Газет беті линотип машинасымен теріле­ді. Онда істейтін маман жоқ. Линотипші қыздар шетінен өзімшіл. «Мынауың дұрыс емес» десең болды, жаңа ғана терілген қорғасын жолдарды алдыңа лақтырып тастап, машинасын тоқтатып, үйіне кетеді де қалады. Не мақала жазарыңды, не машина жүргізеріңді білмей, жұмыс тоқтап қалғанда: «Алматыда жүрсем осылай болмас еді-ау» деген бір торығудың соңы сағынышқа ұласып, төркінін аңсаған алыстағы қыздай өзгеше бір күй кернеп кететін.Содан газет нөмірі шықпай қалған соң ертесі аудандық пар­тия комитетінің  хатшысы шақырады. Әрине, шай беру үшін емес, ұрсу үшін. Оның жаныңа батар ызғарлы сөзінен ке­йін, қатты шөлдеп бір ұрттам су аңсаған жандай Алма­ты­ға деген сағынышым тағы үдейді. «Алматыда бұлай бол­маған болар еді, Алматыда бұлай сөйлемес еді», деймін салыстырып.Сөйткен Алматыға тағдыр жазып, оқу бітіргеннен кейін араға он жыл салып қайта оралдық. Сатып алған үйіміз шешен ұлты көп тұратын көшеден болып шықты. Күйеуім екеумізге де жұ­мыс жоқ. Сандалдық та қалдық. Көңіл-күйге байла­нысты шы­ғар, Алматы бұрынғыдай қызылды-жасылды емес, түсі суықтау секілді. Көрші шешендердің үлкені үлкенімізге, балалары балаларымызға тыныштық бермей, ары-бері жүр­гізіп, тұрғызбауға айналды. Ит екеш есіктегі байлаулы ит­теріміз, амалын тауып қан-жоса болып қырылысады да жа­тады. Осылар да қаланы бір-бірінен қызғана ма екен деп ойлап қоямын кейде. Бірде көршіміз біздің ауланың  ал­дына бір машина көмірін түсіріп тастады. Күйеуімнің ес­керту жасауы сол-ақ екен 3-4 үйден 3-4 шешеннің әйелдері шығып, шәңкілдеп жеп жібере жаздады. Мен қазақтың әйеліне ұқсап, ұрыстарына араласпайын деп біраз уақыт үйде болсам, жанжалдың басылатын түрі жоқ. Енді мен шықтым. Байлаулы итіміз де жүнін дүрдитіп орнынан тұр­ды. Бір шешеннің әйелі маған қолын көтере бергені сол еді, жуан шынжырда тұрған итіміз байлауын быт-шыт үзіп, ма­на­дан бергі көшені бастарына көтеріп тұрған әйелдердің ше­тінен көйлектерінің етектерін дар-дар айырып, үйді-үйіне қуып тықты. Бәріне жан керек екен, қорыққанда бетпақтықтары айдалада қалды. Бір қарасам мен көшенің ортасында итімді құшақтап, жылап тұрмын. «Сағынған Алматым осы ма, итімнен басқа пана жоқ екен-ау!» деймін өксігімді баса алмай. М. Әуезовтың 1936 жылы жазған «Ол күнгі Алматы» деген шығармасы бар еді. Сонда Балташ кейіпкер Алматыны: «Кәпір, жалмауыз қала, жат қала, суығың-ай! Бөтенің-ай», — дейтін жері бар. Сондай болмаса да сол күйге ұқсас өрт жайлап алды мені де. Сағынған Алматым осы ма? Өзгеге талануым үшін жүрегімді үзіп берердей болып келгенім бе? Неге сонша өліп-өшіп сағындым. Дәріс берген аяулы ұстаздарымды қимадым ба? Адамдары аяулы, ақын, жазушылары пайғамбардай болып көрінетіндіктен бе? М. Әуезов үйінде ай сайын өтіп, жаныңды тұңғиыққа елтіп әкететін әдеби лекцияларды сырласымдай сағынғандықтан ба? Жаныңа шұғыла нөпірін құятын ақын-жазушылардың улы-шулы да өнегелі кездесулерін бе? Үп еткен желге желпіне кетер жасыл жапырақтарды ма? Білмеймін. Сыйсыз қонақ секілді осылардың өзі түгіл көлеңкесін ұстай алмай далбасалап қалғандаймын.  Тоқта-тоқта… Дәл осы Алматыда Алаштың алыптары Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтердің ұлттық идеялары тұншықтырылып еді-ау. Өнер өшіп, әдебиет жетімсіреген. Бұл кезең де дірілдеп біраз тұрып, дүрілдеген уақытқа орнын босатқан.Қат-қабат, қатпар-қатпар мінезді Алматы халықтың жүрегінде өлмей қалған титтей отаншылдықтың ошағындағы отты қайта үрледі. Тарихтың жүгін тиісті орынға апарып қою үшін. Алаштың азаматтарына суық болып көрінген Алматы енді озбырлықтың бұғауына қарсы тұрудың символына айналды. Базарлы шақ қайта орнады.Ұсақ-түйегін айтпағанда Ал­маты да көп бейнет көрген қала. Қала тағдыры да адам тағ­дырына ұқсас. Бейнеттің жарасын, жарақатын кө­тере жүріп Алатаудың етегіндегі үлкен шаңыраққа айналды.Фото: jetsetta.co.uk
Тегтер: Без Тега
Қуаныш  Қаппас
Қуаныш Қаппас Қуаныш Қаппас

Оқыңыз