Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:08

«Доллар бүгін 500, ертең 600...». Сүлейменовтің сабыры қанша тұрады?

Тимур Сүлейменов
Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Өткенаптада қор нарығында бір доллардың бағасы 497,89 теңгеге жетті. Сол-ақ екен, елдегі валюта айырбастау орындары көк қағазды 507 теңгеден сата бастады.

 Доллар қымбаттаса, инфляцияның да ырыққа көнбей тулайтынын білетін қарапайым халық «елді жаппай қымбатшылық жайлай ма?» деп қауіп күтіп отыр.

Алайда біздің Ұлттық банк әдеттегідей мамыражай мәлімдемелер жасаудан танбайды. Мәселен, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин үшін доллардың 500 теңгеден асуы бұл – жай ғана сан екен. «Оған байланып қалудың қажеті жоқ. Доллар бүгін 500 теңге, ертең 600 теңге болуы мүмкін. Ол жай ғана сан», – дейді ол.

Ал сала мамандары Ұлттық банктің мұндай бейқамдығына таңғалып отыр. Олардың ойынша, доллардың бұлайша қымбаттауы экономикамыздың демігіп тұрғанын көрсетеді. Әрине, бас банктің де, үкіметтің де мұндай сыни пікірлерді қабылдай қоймайтыны анық. Ұлттық банк пен үкімет біздің экономикада өсім бар дейді. Төлем балансының жағдайы жақсы. Қаржы нарығына үлкен қауіп төніп тұрған жоқ. Қазір жылдың соңы таяғаннан кейін кейбір компаниялар доллар күйінше қарызын қайтарып, салық төлеп жатқандықтан биржада көк қағаз қатты сатылып жатыр. Бұл үрдіс те долларға деген сұранысты арттырып, теңгені құнсыздандыруға ықпал етуде. Сондықтан бас банк теңге-доллар қатынасына қатысты ұстанып отырған саясатын өзгертпейді. Әзірге валюталық бағамды реттеуге кіріспейді.

Қазір тек Қазақстанның ғана емес, жаһандық экономиканың тұрақтылығына кері әсер ететін болжамдар айтылып жатқан тұс. Сарапшылар әсіресе Трамптың Ақ үйге оралуы доллардың құнын одан әрі көтеретінін, бұдан әлем экономикасы қинала түсетінін құлаққағыс жасап отыр. Трампты «доллардың драйвері» деп атайтын экономистер ол жеңіске жеткелі АҚШ валютасы қымбаттай бастағанын алға тартады. Әрине, Трамптың «экономиканы ынталандырамын, салықты төмендетемін, реттеу тетіктерін жеңілдетемін» деген саясаты долларды күшейтпей қоймасы анық. Әсіресе кейінгі апталарда доллар әлемдік басқа валюталарға қарағанда бірден бірнеше пайызға күшейді. Сарапшылар «бұған Трамптың Қытай мен Еуропа одағынан келетін импорт тауарларға тарифті көтеруі себеп болды» деседі. Бұл жерде ескеретін дүние – импортқа тариф өссе, нарықта шетелдік тауар азайып, инфляция шарықтайды. Ол инфляцияны тежеу үшін несиені, долларды қымбаттату қажет болады. Ал доллар құнының күрт қымбаттауы әлемдік экономиканың тұрақсыздығына апарып соқтыратыны белгілі. Әлемдегі операциялардың 90 пайызы АҚШ долларымен жасалатынын ескерсек, бұл арада біздің Ұлттық банк өкілі Виталий Тутушкин айтқандай, «бұл – жай ғана сан» деп бейқамдық танытуға болмайды. Тіпті алдағы бірнеше айда доллар 7 пайызға дейін күшейіп, еуродан да қымбаттауы мүмкін екені айтылып жатыр.

Сүлейменов Келімбетов пен Ақышевті қайталап жатыр

Ал мұндайда бізге не істеу керек?! «Барлығы бақылауда, алаңдауға негіз жоқ» деп отыра береміз бе? Теңгенің тағдыры қандай болмақ?!

«Жас Алашқа» пікір білдірген экономист-ғалым Оразәлі Сәбденнің пікірінше, нақ қазіргі сәтте Ұлттық банк өкілдерінің доллардың қымбаттауына байланысты «жай ғана сан» деп мәлімдеме жасауы үлкен олқылық. Доллардың 500 теңгеден асып кетуі экономиканың кері кетіп жатқанын, елдің жағдайының төмендегенін көрсетеді. Оның пікірінше Ұлттық банк нарыққа араласып, теңгені қолдан тұрақтандыруға кіріспей болмайды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрын үкіметке «экономиканың жаңа моделін жасаңдар» деп тапсырма берді. Сол кезден бастап үкімет экономиканы әртараптандыруға жаңа үлгілер ұсынуы керек еді. Бірақ бұл жұмыс істелмеді. Экономиканың жаңа үлгісінің ешқандай алгоритмі жасалған жоқ. Жаңа ұсыныстар айтылмады. Қазір қымбатшылық, Ресей мен Украинадағы жағдай, санкциялардың салынуы осыншама қиындықтың барлығы бір қазанға құйылып жатыр. Сол себептен де бізге дереу жаңа экономикалық саясат ұстануымыз керек еді. Бұл бір жылда, бір күнде пайда болған дүние емес. Байыптағанға жағдай өте қиын. Қазір енді «жансақтап» қалу үшін бірінші қадам – елдегі тұрмысы төмен, күнкөрісі нашар адамдардың тобына мемлекеттік қолдауды арттыру керек. Мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыларды индекстеп, халыққа қосымша әлеуметтік қолдау көрсету қажет. Екінші, тапсырманы орындай алмаған үкіметті де, парламентті де отставкаға жіберу қажет. Бізге құр сөзден іске көшетін үкімет керек. Үшінші, амал жоқ, енді бюджеттің жыртығын жабудан бөлек, теңгені тұрақтандыруға қосымша қаражат қажет болады. Сондықтан бізге Ұлттық қорға тағы да қол салуға тура келеді. Өткенде ғана Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов «теңге құнсызданбайды, доллар қымбаттамайды, алаңдаудың қажеті жоқ» деп мәлімдеме жасады. Ал қазір бір доллардың құны 500 теңгеден асып кетті. Елдегі бас банктің басшысы дөп болжам жасай алмауының өзі қорқынышты. Сондықтан Сүлейменовтің де отставкасын қарастыру керек деп ойлаймын», – дейді экономист-ғалым Оразәлі Сәбден.

Ұлттық банкті бұдан бұрын басқарғандар да теңгенің құнсызданбайтынын айтатын. Мәселен, 2013-2016 жылдары бас банкті басқарған Қайрат Келімбетов теңгенің девальвациясы болмайтынына сендіріп, жиі мәлімдеме жасайтын. Келімбетов 2014 жылы ақпанда бізде «мықты экономика, шыдамды теңге» барын айтып, девальвация болмайтынын тағы бір нықтаған. Алайда ертесіне, бір түннің ішінде бір доллардың құны 150 теңгеден 188 теңгеге дейін қымбаттап, Келімбетов те аң-таң, халық та аң-таң болған. Артынша Қайрат Келімбетовті «банк пен ұлттық валютаға сенім азайғаны» үшін қызметінен босатып, орнына Данияр Ақышев тағайындалды.

Ақышев 2016-2019 жылдары Ұлттық банкті басқарған жылы доллардың құны 350 теңгеге дейін шарықтады. Әсіресе 2016 жылы қарашаның 5-і күні теңге бағамы биржада қатты құлдырап, бір доллардың құны 300 теңгеге дейін өсіп, жаңа антирекорд жасады. Бұл кезде де бір күн бұрын Ақышев «теңгеге қатысты жағымсыз сценарийлер болмайды» деп сендірген.

Ұлттық банк нені күтіп отыр?

Ұлттық банк нақ қазір теңгені интервенция (тұрақтандыру) жасауға қосымша қаражат жұмсалмайтынын, кезі келген кезде нарыққа араласуға дайын екендерін мәлімдеді. Әзірге бас банк теңгені нығайту мақсатында квазимемлекеттік компанияларға валюта түсімінің 50 пайызын ішкі нарыққа сату талабын енгізетінін хабарлады. Ұлттық банктің есебінше, бұл қаулы күшіне енген соң, нарыққа ай сайын қосымша 300 млн доллар түсіп отырады. Шикізат сатудан түскен долларды ішкі нарықта сататын болса, биржада доллар көбейеді де, ұсыныс көп болғандықтан, көк қағаздың құны өзінен-өзі арзандайды, теңге нығаяды. Ұлттық банк төрағасының келесі бір орынбасары Әлия Молдабекова валюта нарығындағы теңгерімділікті осылай тұрақтандыруға болады дейді.

Ал «Аналитик» талдау және сараптау орталығының қаржыгері Тоғжан Шаяхметова бұл әрекет теңгеге уақытша ғана дем береді деп есептейді. Себебі мемлекеттік компанияларға валюталық түсімдерді міндетті түрде сату талабы бұған дейін де тәжірибеде болған. Ұлттық банк 2020 жылы сыртқы жағдайлардың әсер етуіне байланысты осындай тәжірибені қолданған. Десек те макроэкономикалық жағдайлардың өзгеруіне байланысты 2023 жылдың ақпанында түсімдерді міндетті сату мөлшерлемесі 75 пайыздан 50 пайызға, ал шілдеде 50 пайыздан 30 пайызға дейін төмендеді. Артынша 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін уақытша тоқтатылған.

«Ұлттық банк бұл талапты «шоктарды бәсеңдету үшін жедел қолдануға болатын тиімді құрал» деп есептейді. Бірақ мұнай нарығындағы пессимистік көңіл күйлер, қара алтын бағасының 70 долларға дейін төмендеп кетуі мемлекеттік компаниялардың түсіміне де кері әсер етеді. Осыны ұмытпау керек. Квазимемлекеттік секторға шикізаттан түскен түсім өзі аз болса, оның 50 пайыз валюталық түсімін ішкі биржада сатса, бұдан доллар саудасы қалыпқа келеді дей алмаймын. Бұл – теңгені құтқаратын тәсіл емес. Бұл – тек уақытша дем беретін әдіс. Рас, әзірге Ұлттық банкке теңгені тұрақтандыру нарығына араласпай бақылап отыруына болады. Бірақ келер жылы қаңтар айының соңына қарай Трамп инаугурациядан кейін өзінің уәделерін орындауға кіріседі. Бұдан бөлек, 2025 жылы Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер басталады деген ақпараттар тарап жатыр. Осындай сыртқы фактор әсер етіп, доллардың құны одан әрі көтеріліп, 520-530 теңге болатын болса, Ұлттық банк интервенция жасауға мәжбүр болады. Мұндайда Ұлттық қор мен алтын валюта қорына тағы қол сұғуға тура келеді. Негізінде, теңгені тегеурінді ететін бір ғана қадам, ол экономиканы дамытуға қатысты сауатты саясат ұстануымыз керек. Мысалы, көрші қырғыздың сомы қолданысқа енгелі бері 21-25 есеге ғана құнсызданыпты. Ал біздің теңгеміз тәуелсіздік алғалы бері 100 есеге құнсызданған. Қырғызстанның ұтып отырған тұсы – олар өз экономикасын шикізаттан түсетін түсімге ғана байлап қойған жоқ. Олардың экономикасына негізгі табыс шағын және орта бизнес, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, құрылыс саласы, гидроэнергетика саласынан түседі. Біз тоқсаныншы жылдардан бері осы салаларды жетілдіргенімізде қазір жағдайымыз басқаша болар еді», – дейді сарапшы Т.Шаяхметова.

Сарапшының сөзінше, үкімет қазіргі ұстанып отырған саясатымен ауыз толтырып айтатын нәтижеге жете алуы екіталай. Мәселен, үкімет экономикалық өсімді 2030 жылға дейін жыл сайын 6 пайызға өсіруге тапсырма алды. Бірақ нақ қазіргі ұстанған саясат сауатты дей алмаймыз.

«Мысалы, Ұлттық банк үш жылдан бері инфляцияны тежеп ұстап отыр. Осыған байланысты базалық ставканы бірнеше мәрте өзгертті. Бастапқыда базалық ставканы 16 пайыздан асырды. Қазір 14,25 пайыз аралығында ұстап тұр. Рас, базалық ставканы жоғары ұстағанда инфляция төмендейді, бірақ мұндайда экономикалық өсім болмайды. Ұлттық банктің қойып отырған ставкасы жоғары болғаннан кейін өндіріске, инвестициялық жобаларға, инвесторларға, бизнеске арзан несие бармайды. Екінші деңгейлі банктер де несие пайызын жоғары ұстайды және тағы басқа кері салдары бар. Ал енді экономикалық өсім болмаса, теңгеге деген сұраныс та болмайды. Осылайша, ұлттық валютамыз жыл сайын құнсыздана береді. Сондықтан келешекте үкімет пен Ұлттық банкке «базалық мөлшерлемені төмендете отырып экономиканы өсіреміз бе, әлде нақ осы қалпында ұстап отырып, экономикалық өсімді тежеп отыра береміз бе?» деген сауалдарды тағы бір талқыға салу керек. Нақ осы бағытты ұстанып отыра берсе, президенттің берген негізгі тапсырмасы орындалмайды. Экономика өспейді. 2029 жылға дейін ЖІӨ 450 млрд долларды маңайламайды. Сондықтан Ұлттық банктің, үкіметтің инфляцияға қарсы саясатын қайта қару қажет».

Расымен де, негізі экономика заңында бір ғана базалық ставканы жоғары көтеру арқылы инфляцияны тежеп отыру мүмкін емес. Бұл әрі кетсе экономиканы үш жыл ғана құтқаратын тәсіл. Инфляцияны тежеу үшін ғылым, өндіріс, білім, технология, индустрия даму керек екенін «Жас Алаштың» тұрақты сарапшылары бұған дейін де талай мәрте айтты. Мәселен, қазір Германия биотехнологияның көмегімен 1 гектар жерге 1 стақан ғана бидай егу арқылы көл-көсір өнім алып отыр. Біз қаншама млн гектар жерімізді ұқсата алмай, сортаңдандырып, тоздырып жатырмыз. Әлем бойынша жасанды интеллект дамып жатыр. Елдер химиялық синтездеу арқылы мұнайдың, болаттың, мыстың орнын басатын түрлі заттарды қолданысқа енгізіп жатыр. Ал біздің үкімет пен Ұлттық банк қазір бір бағдарламаны немесе бір ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін, қандай да бір саланың кем-кетігін толықтыру үшін Ұлттық қорға қол жайып, тұра жүгіреді. Ал мына түрімізбен 2030 жылы Ұлттық қорды 100 миллиард долларға жеткізе алмаймыз деп жүрген Сүлейменов бәрінен күдер үзіп болған сияқты. Доллар 500 теңгеден асқанда да былқ еткен жоқ.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ