Досаев Тәуелсіздік күнін шыршамен қарсы алмақ
Кейінгі жылдары елімізде шырша құруды Тәуелсіздік мерекесінен соң бастау әдетке айналғандай еді.
Бірақ биыл Алматы әкімдігі Жаңа жылды тойлауға ерте кірісіп кеткен сияқты. Себебі әлеуметтік желіде Алматыдағы Астана алаңына шырша орнатылып жатқан сурет тарады.
Тәуелсіздік мерекесі 2017 жылға дейін шыршаның тасасында қалып келді. Бұған дейін жылда желтоқсан жақындаса шырша дауы басталатын. Себебі еліміздің әр аймағының басшылары желтоқсан айы кіре салысымен шырша орнатуға қызу кірісіп кететін. Оған бюджеттен қомақты қаржы да бөлінетін. Жыл сайын қоғам белсенділері "Жаңа жылды Тәуелсіздік мерекесінен соң да тойласақ үлгереміз" деп қарсылық білдіріп жататын. Әсіресе, бұл қарсылық 2017 жылы қатты болды. 100-ден аса адам ҚР Президенті әкімшілігінің жетекшісіне және Астана қаласының әкіміне арыз жолдады.
Сол жылы басқа өңірлерде де шыршаны 16 желтоқсанға дейін орнатуға қарсылық білдіріліп жатты. 2017 жылы Алматы қаласы әкімдігі "жаңа жылдық шыршаның безендіру жұмыстары Тәуелсіздік күнінен соң 18 желтоқсанда басталады. Жаңажылдық бас шырша 18 желтоқсанда жағылады" деп хабарлады. Сол кездегі Шымкент облысы да бір жылдан соң дәл осылай деп мәлімдеген. Басқа облыстар да біртіндеп бір бұл үрдіске қосылды. Осылайша кейінгі жылдары "шырша дауы" басылғандай болып еді.
Ал Алматы қаласына келетін болсақ, 2022 жылы Алматы әкімдігі "Жаңа жылға дайындық жұмыстары Тәуелсіздік күнін тойлаған соң кейін басталады", - деп мәлімдеген. Былтыр да қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев Жаңа жылға дайындық желтоқсан айының ортасынан кейін басталатынын айтқан.
"Желтоқсан айының ортасына қарай мегаполис көшелерінде шыршалар, ертегі кейіпкерлерінің фигуралары және басқа да мерекелік атрибуттар пайда бола бастайды. Қазіргі уақытта ашық байқау жүріп жатыр, оның қорытындысы бойынша жаңа жылға қаланы безендіруге қай компания және қандай сомаға атсалысатыны белгілі болады. Тіркеу бойынша негізгі жұмыстар желтоқсанның ортасында басталады", - делінген 5 желтоқсанда жарияланған хабарламада.
Тек Жеңіс Қасымбек 2022 жылы 8 желтоқсанда Астана қаласына әкім болып тағайындала сала, алғашқы жұмысының бірін шырша құрудан бастаға сыңайлы. Өйткені 14 желтоқсанда Жаңа жылды тойлау бас қалада басталып кеткені туралы хабар тарала бастады. Сөйтіп, Астана қаласының әкімдігі «жаңа жылға дайындық 16 желтоқсаннан кейін басталады» деген уәдесін орындамай, қалаға шыршалар орнатуды ерте бастаған.
Ал биыл Алматы қаласы да жүрісінен жаңылып жаңа жылды тойлауға ерте кіріскен сияқты. Досаев Жеңіс Қасымбектің "рекордын" жаңартып, 6 желтоқсанда қалаға шырша құрып жатыр. Демек, биыл Алматыда тәуелсіздік мерекесі шыршаның көлеңкесінде қалып қоятын түрі бар.
Айтпақшы, былтыр еліміздегі ірі қалалар әкімдігі бюджеттен Жаңа жылды тойлауға қанша қаржы жұмсағанын жазған едік. 2023 жылы Алматы қаласының мәдениет басқармасы Жаңа жылды безендіруге 512 миллион теңгеге жуық қаржы бөлгенін мәлімдеді. Басқарма әр ауданды жобалауға қалалық бюджеттен орта есеппен 60 миллион теңге бөлінгенін хабарлады. Бірақ Factcheck.kz редакциясы қаланы көріктендіру үшін қомақты қаржы жұмсаудан аты шыққан Алматы әкімдігінің жаңа жылдық безендіруге қанша ақша жұмсағанын анықтапты. Олардың жазуынша, өткен жылы әкімдік қаланы жаңа жылға дайындау үшін өздері айтқандай 512 млн емес, 714 млн бөлген. Салыстыру үшін айтатын болсақ, 2020 жылы оңтүстік астананы безендіруге 359,5 миллион теңге, ал 2022 жылы 598,6 миллион теңге жұмсалған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: "ӨТІРІКШІ ӘКІМДЕР, ЕРІП КЕТКЕН ҚАЛАШЫҚ". БИЫЛ ЖАҢА ЖЫЛҒА ҚАЙ ҚАЛА ҚАНША ЖҰМСАДЫ?
P.S. Jas alash Алматы қаласы әкімдігі Жаңа жылды тойлауға қанша ақша бөлгенін және шыршаны неге ерте орнатып жатқанына қатысты сұрау салып жатыр. Алдағы уақытта материал толықтырылады...