Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:17, 16 Мамыр 2024

Досаев жауапсыз мердігерлерге сөгіс жариялады

Досаев
Фото: Алматы әкімдігі

Мегаполис әкімі Ерболат Досаев Марков көшесіндегі су құбыры желілерін жаңалау жұмыстарымен танысты.

Бұл су құбыры желілері өткен ғасырдың 50-ші жылдардың соңында қолданысқа берілді. Соңғы екі жылда осы учаскеде 20-ға жуық апаттық жағдай орын алған, бұл желілердің түгелдей тозғанына дәлел.

Марков көшесінде 1,2 км құрайтын су құбыры желілерін жаңарту жұмыстары 2023 жылдың тамыз айында басталып, жыл соңына дейін аяқталуы керек деп жоспарланған. Алайда мердігер компания берілген мерзімде жұмысты аяқтамай, нәтижесінде «мемлекеттік сатып алудың жауапсыз қатысушысы» деп тану жайлы сотқа талап арыз берілді. Қазір іс сотта қаралып жатыр.

Реконструкциялау жұмыстары 2024 жылдың наурыз айында қайта жанданып, маусым айында аяқталады деп жоспарланған.
Қала әкімі мердігерге берілген уақытта жұмысты аяқтамағаны үшін және салғырт қарым-қатынасы үшін сөгіс беріп, «енді жауапсыз мердігерлермен жұмыс істемейміз» деп ескертті.

Досаев жауапты тұлғаларға мердігердің жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде орындалуын қатаң қадағалауды тапсырды. Осы көше бойындағы су құбыры желілерін қайта жаңалау 43 көппәтерлі үй мен 6 әкімшілік ғимаратты сумен қамтамассыз етеді.

Жұмыстың ұзақ орындалуына қарамастан, тұтынушылардың сумен жабдықталуы тоқтатылған жоқ. Көше бойындағы жол төсемі жаңа шарт аясында қалпына келтіріледі. Су құбыры желілерін қайта жаңалау «Алматы Су» МКК меншікті инвестициялық бағдарламасы аясында жүргізілді.

Тегтер: