Live

Дрон шабуылы: КҚК-да Қазақстан мұнайын тиеу қайта тоқтатылды

Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы маңында екі мұнай танкеріне дрон шабуыл жасады.

ктк

Қазақстан Энергетика министрлігінің мәліметінше, экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ, сондай-ақ мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілмеді.

КҚК ақпаратына сәйкес, 30 шілдеде Nissos Sifnos танкері ВПУ-3 қалқымалы тиеу құрылғысында мұнай тиеуді аяқтап жатқан кезде жүк қабылдау тораптары орналасқан бөлігінде дрон шабуылына ұшырады. Кеменің жүк жөнелтушісі – «Теңізшевройл» ЖШС.

Дрон қаупіне байланысты мұнай тиеу жұмыстары бұған дейін-ақ уақытша тоқтатылған.

Екінші Marathi танкері мұнай тиеуді күтіп тұрған. Оған КҚК терминалынан 6-7 теңіз милі қашықтықта дрон шабуыл жасаған.

Шабуылдан кейін шыққан өрт консорциумның үш буксир кемесінің көмегімен сөндірілді. Экипаж мүшелерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ, теңізге мұнай төгілгені де тіркелмеген.

Энергетика министрлігі дрондардың қай аумақтан ұшырылғанын және шабуылдың артында кім тұрғанын нақтылаған жоқ. Сондай-ақ мұнай тиеу жұмыстарының қашан қайта басталатыны әзірге белгісіз.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз