Дрондар Қазақстан СІМ үндеуіне қарамастан КҚК-ға қайта шабуыл жасады
Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы тағы да дрон шабуылына ұшырады. Бұл жолы соққы мұнай тиеп тұрған Nelsa азаматтық танкеріне жасалды.
Оқиға КҚК мамандары бұған дейінгі дрон шабуылынан кейін зақымданған екі танкердің жұмысын қалпына келтіріп, мұнай тасымалын қайта бастағаннан бір тәулік өткен соң болған.
Танкерде өрт шықты
Консорциумның ресми мәліметінше, дрон танкердің оң жақ артқы бөлігіне тікелей тиіп, салдарынан қатты өрт шыққан.
Өрт бірнеше сағаттан кейін ғана танкер экипажы мен КҚК құтқарушыларының бірлескен күшімен арнайы жүзу құралдарының көмегімен сөндірілген.
Шабуылдан кейін танкердегі адамдар шұғыл эвакуацияланды.
«22 адамнан тұратын халықаралық экипаж КҚК буксирлері арқылы қауіпсіз жерге көшірілді. Кемеде тек капитан мен аға көмекшісі қалды. Танкер суға батқан жоқ. Мұнай тиеу толық тоқтатылды. Абырой болғанда, мұнай төгілуіне және жүк цистерналарының өртенуіне жол берілген жоқ», – деп хабарлады КҚК баспасөз қызметі.
Қазақстан СІМ үндеуінен кейінгі жаңа шабуыл
Бұл оқиға Қазақстан Сыртқы істер министрлігі азаматтық кемелер мен бейбіт инфрақұрылымға жасалып жатқан шабуылдарды тоқтатуға шақырған ресми мәлімдемеден бір күн өткен соң болды.
Алайда бүгінгі шабуыл дипломатиялық үндеудің азаматтық теңіз инфрақұрылымына жасалып жатқан соққыларды тоқтатпағанын көрсетті.