Дулатты жүрегімізге жерледік

Оқырманды шығармаларымен күлдіре де, жылата да білген, ойландыра да алған ғажайып талант иесі өмірден өтті.
Халық аман болса, талай таланттарды дүниеге әкелетін шығар. Бірақ Дулаттың орнын ешкім толтыра алмас. Қазір «ұлы» деген сөзді көп айтып жүрміз ғой. Бірақ Дулат шынымен де ұлы жазушы еді. Осыдан қанша уақыт бұрын, жас күнінде де ғажайып шығармаларды дүниеге әкелген, қазақтың қанындағы қасиеттердің бәрін шығармаларында көрсете білген шебер суреткер еді. «Гауһартастағы» лирика, «Сүйекшідегі» трагизм, «Дерменедегі» философия, «Қарғындағы» мөлдір махаббат пен өмірдегі әділетсіздік, кейіпкерлерінің протестік образы – түгел дерлік қазақ әдебиетіндегі үлкен құбылыс еді.
Дулат Исабеков – өз тағдыр тарамын жазған жезайыр жазушы. Қазақ болмысын әлемге танытқан бірден-бір жазушы. Дулаттың пьесалары бүкіл Еуропа сахналарында қойылып жатыр, шығармалары да сан тілге аударылды.
Дулаттың екінші өміріндегі шеруі бірінші өмірінен де асқақ боларына сенемін. Асқар тау секілді алыстай береді арамыздан. Дулаттың есімі ешқашан жазушы ретінде өлмейді. Мен соған сенемін. Бұл көңілге үлкен медеу болғанмен, мен жақсы көретін, әдебиетке бірге кеп, әзіліміз жарасқан қайран досым Дулат енді жоқ.
Мен бірге жүрген шақтарда кішкене күйреуік болатын едім, Дулат оптимист еді. Қош, қайран досым! Халқың аман болса, артыңда қалған ұрпағың ұмытпасы анық. Біз сені халықтың есіне, өз жүрегімізге жерледік!
Төлен ӘБДІК