Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 22 Шілде 2024

Джо Байден президенттік сайлаудан бас тартқанын мәлімдеді

в
Фото: AP / Matt Kelley

АҚШ президенті Джо Байден 21 шілдеде президенттік сайлаудан бас тартқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазған. 

Бірақ ол мерзімі аяқталғанға дейін Америка Құрама Штаттарының президенті болып қалатынын айтты.

Байден Америка халқына президент ретінде қызмет етуді мақтан тұтатынын және сайлауға түсуге ниетті екенін, бірақ өз партиясы мен елінің мүддесі үшін ол сайлау науқанынан шегініп, соңына дейін өзінің президенттік міндеттеріне назар аударуы керек екенін айтқан. 

«Сіздің Президентіңіз ретінде қызмет ету менің өмірімдегі ең үлкен мәртебе болды. Менің ниетім қайта сайлану болса да, мен партиям мен елімнің мүддесі үшін сайлаудан бас тартып, тек президент ретіндегі міндеттерімді орындауға ғана назар аударғаным жөн деп ойлаймын», - деп жазды Байден twitter желісінде.

Әлеуметтік желіде жарияланған мәлімдемесінде АҚШ президенті вице-президент Камала Харриске жұмысы үшін ерекше алғыс айтып, оны ерекше серіктес деп атады.

Ал, Джо Байден президенттікке кандидат ретінде ұсынған АҚШ вице-президенті Камала Харрис Демократиялық партиядан ресми кандидатура іздеп, 2024 жылғы қарашада өтетін сайлауда Республикалық кандидат Дональд Трампты жеңуді жоспарлап отырғанын айтты.

«Мен Демократиялық партияны біріктіру және елімізді біріктіру және Дональд Трампты жеңу үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», - деді Харрис.

Ол өзінің кандидатурасын ұсынғаны үшін Байденге алғыс айтты және оның президенттік сайлаудан бас тарту туралы шешімін «жанқиярлық және патриоттық» деп атады.

«Сайлауға дейін 107 күн қалды. Бірге күресеміз. Біз бірге жеңеміз », - деді Харрис.

Демократиялық партияның кандидаты ресми түрде партияның 19-22 тамызда өтетін ұлттық съезінде ұсынылады.

Айта кетейік, Джо Байден Дональд Трамппен болған пікірталастан кейін шамамен бір ай өткен соң сайлаудан бас тартты. Бұл пікірталас президенттің денсаулығының нашарлығы туралы көптеген ақпараттардың шығуына себеп болды. Осыдан кейін Демократиялық партия жетекшілері Байденді сайлаудан бас тартуға шақырды.

Келесі аптада Байден өз шешімі мен одан әрі әрекеттері туралы толығырақ мәлімдеме жасайтынын айтқан.