Эбола індетінің таралуын Африка елдері тоқтата алмай отыр
Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусының таралуы жалғасып жатыр. Науқастар саны мыңға жуықтап, көз жұмғандар саны 200-ден асты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесустің айтуынша, елде Bundibugyo ebolavirus түрін жұқтырғандар саны 900-ден асқан. Оның 220 жағдайы өліммен аяқталған. Ал медицина қызметкерлері вирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдардың тек 20 пайызын ғана бақылауға алып отыр.
Көрші елдермен шекаралар жабылған немесе күшейтілген бақылауға алынғанымен, аурудың таралуын баяулату мүмкін болмай жатыр. Ел ішінде жағдай ушығып барады: күдікті науқастар оқшауланған орталықтан кемінде 18 адам қашып кеткен. Олар әлі табылған жоқ.
Аймақтағы қарулы топтардың белсенділігі, халықтың үнемі көшіп-қонуы, биліктің әлсіздігі және халықаралық көмектің қысқаруы ахуалды одан әрі қиындатып отыр.
Эпидемияны бақылауға алу әзірге мүмкін болмай тұр
ДДCҰ 2026 жылдың мамыр айының ортасында халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай жариялаған. Алайда сарапшылар вирус бұған дейін бірнеше ай бойы жасырын таралған болуы мүмкін дейді.
The New York Times мәліметінше, Эбола індеті жарияланғаннан кейін небәрі 10 күн ішінде бақылау тарихындағы үшінші ең ірі эпидемияға айналған.
Бұл жолы эпидемияны тоқтату вирус түрінің ерекшелігіне байланысты қиын болып отыр. Себебі оған қарсы бекітілген дәрі-дәрмек пен вакцина жоқ. Дәрігерлер әзірге тек науқастарды оқшаулап, байланыста болғандарды бақылап, қолдаушы терапия жүргізумен шектелуде.

Дәрігерлер мен дәрі-дәрмек жетіспейді
Гуманитарлық ұйымдар аймақтың ең қиын сәтте ресурстарсыз қалғанын айтып дабыл қағуда. Қарулы топтардың шабуылы дәрігерлер жұмысына кедергі келтіруде.
ДДCҰ есебінде Итури провинциясындағы қақтығыстар бақылау топтарының қозғалысын, жедел әрекет ету топтарының жұмысын және зертханалық сынамаларды тасымалдауды қиындатқаны айтылған.
Мәселені ушықтырып отырған тағы бір жайт – Дональд Трамп әкімшілігінің гуманитарлық саясаттағы өзгерістері. АҚШ ДДCҰ-ны қаржыландыруды тоқтатып, USAID агенттігін таратып, Конгоға көрсетілетін медициналық көмекті қысқартқан.
Эбола орталықтарына үш рет шабуыл жасалды
Associated Press хабарлауынша, өткен аптада Эболаға қарсы орталықтарға үш рет шабуыл жасалған.
21 мамырда Рвампара қаласында инфекциядан қайтыс болған адамның мәйіті туыстарына берілмеген соң, жергілікті аурухана өртелген.
23 мамырда Монгбвалу қаласында оқшауланған науқастар жатқан медициналық шатырларға от қойылған. Соның салдарынан жұқтырды деген күдікке ілінген 18 адам қашып кеткен.
24 мамырда дәл осы қалада қарулы адамдар тағы да ауруханаға шабуыл жасап, мәйітті беруді талап еткен.
Дезинформация мен жерлеу дәстүрлері жағдайды қиындатуда
Конго халқының бір бөлігі Эбола вирусының табиғи шығуына сенбейді. Кейбір тұрғындар ауруды халықаралық ұйымдар мен ауруханалардың «табыс табу үшін ойлап тапқан жобасы» деп қабылдайды.
Салдарынан көптеген адам дәрігерлерге жүгінбей, жергілікті емшілерге барып жатыр.
Жағдайды ушықтырып отырған тағы бір мәселе – дәстүрлі жерлеу рәсімдері. Аймақта марқұмның денесін жалаң қолмен жуу дәстүрі кең таралған. Ал Эбола вирусы мәйіт арқылы да жұғатындықтан, бұл індеттің таралуын күшейтеді.
Осыған байланысты Конго билігі 50 адамнан көп жиналатын жерлеу рәсімдері мен өзге де жиындарға тыйым салған.
Әлемдік пандемия қаупі төмен деп бағалануда
Мұндай жағдай Конгода алғаш рет болып отырған жоқ. 2018–2020 жылдары Заир эболавирусының ірі эпидемиясы кезінде де дәрігерлер мен медициналық орталықтарға шабуылдар жиі болған.
БҰҰ дерегінше, тек 2019 жылдың алғашқы жартысында Конгода медицина қызметкерлері мен емдеу орталықтарына 198 шабуыл тіркелген.
Соған қарамастан, ДДCҰ, БҰҰ және гуманитарлық ұйымдар қазіргі таңда Эболаның бүкіл әлемге таралу қаупін «төмен» деп бағалап отыр.