Эбола вирусының таралу қаупіне байланысты әлемнің 11 мемлекетінде шектеу енгізілді
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус Конгодағы Эбола індетіне байланысты жағдайдың күрт ушығып бара жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Конго Демократиялық Республикасының шығысындағы Итури провинциясында індет пен қарулы қақтығыс қатар өршіп, эпидемияны тежеу жұмыстарын қиындатып отыр.
ДДСҰ басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында қазіргі уақытта Бундибуджио штаммына қарсы мақұлданған вакцина мен арнайы емдеу тәсілі жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, қақтығыстар салдарынан халық жаппай көшіп, індет жұқтырғандармен байланыста болған адамдар босқындар лагерлеріне жиналуда. Бұл эпидемияны бақылауды әлсіретіп жатыр.
Сондай-ақ Гебрейесус гуманитарлық ұйымдардың жұмыс істеуіне қауіп төніп тұрғанын атап өтті. Ол соғысушы тараптарды атысты тоқтатуға шақырып, дәрігерлер мен медициналық топтарға қауіпсіз қолжетімділік беруді талап етті.
Бұған дейін Эбола вирусының таралу қаупіне байланысты әлемнің 11 мемлекеті түрлі шектеу шараларын енгізгені хабарланған еді. Кейбір елдер шекаралық бақылауды күшейтіп, індет тіркелген аймақтардан келетін азаматтарға қосымша талаптар қоя бастаған.