Еділ Жаңбыршин. «ГЕТЕРОСЕКСУАЛ»
Жалпы, депутаттар – сексуалдық сипатын жұмбақ ұстайтын халық. Бір есептен, мұны түсінуге де болады. Себебін білесіз ғой, Парламент – «мен анандай едім, мен мынандай едім» деп айтып отыратын жер емес.
Ал Еділ Жаңбыршин айтты. Айтқанда, мақтанып айтқан жоқ, ЛГБТ өкілімен «айтысып» жатқанда, аузынан аңдаусызда шығып кеткен болуы керек. Бірақ бұл үшін Жаңбыршинді ешкім жазғыра алмайды. Өйткені гетеросексуалдық бағыт дегеніңіз – Жаратушының «жазып берген» жөн-жобасы бойынша жақындасу түрі, ер мен әйелдің ұрпақ тарату амалы. Демек, бұл – норма. Табиғатта әлдеқашан түзіліп қойған осы «тәртіпті» бүгінгі қоғамға басыбүтін «тели алмай» жүрген депутатқа кейде жаның ашиды. Ал кейде ашымай қояды. Неге? Мұның себебін бүгін түсіндіруге тырысамыз.

Итше ырылдасу
Негізгі тақырыптан жанама тақырыпқа өтуіміздің себебі сол, бұл әңгіменің де «секси» мәні бар. Өйткені төрт аяқты хайуандар ЛГБТ секілді дәстүрлі емес жыныстық бағытты «түсінбейді». Сондықтан ит атаулы жыныстық тұрғыдан жетілгенде, «атасынан көргенін» қайталайды. Нәтижесінде, бұралқы иттер «үйір-үйір» болып көбейді. «Сен ондай едің, мен мұндай едім» деп «арпылдасып» жататын адамдарға қарағанда, иттер бұл жағынан озып тұр. Бірақ жабайы ит пен мысықтың жаман жері – хайуандығы күшейгенде, адамға шабады.
Иесі бар иттер де оңып тұрған жоқ. Керек десеңіз, «Ит иесіне тартады» дейтін мәтел қазір ескірген сияқты. Себебін білмесеңіз, айтайық: бүгінгі иттер иесіне емес, «иелері итке тартып» бара жатқандай. Байлауда жатуы тиіс иттің көшеде кісі қапқан оқиғалары жиіледі. Ал кейіпкеріміздің дерегі төбе шашыңды тік тұрғызады. Жаңбыршиннің есебінше, елімізде орта есеппен бір сағатта бес адамға иттер шабуылдайды. Мәселе ме? Мәселе!
Еділ Жаңбыршин бастаған депутаттар тобы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгеріс енгізу жобасын Мәжіліске мақұлдатқанда, «итшілдер қауымы» өре түрегелді. Былай қарасаңыз, оларға 5 күн ішінде иесі табылмаған итті эвтаназия жолымен «сылқ еткізу» тәртібі ұнамаған секілді. Гуманизм талаптарын көлденең ұстағандар депутаттар түзген заңды «жаратпай тастады». Біз білмейді екенбіз, ит пен мысықтың жанашырлары «иттің басынан көп» екен ғой. Міне, солардың бәрі алыстан «ырылдап», жақыннан «айбар шегіп», жалғыз Жаңбыршиннің «ит-сілікпесін» шығарды. Заң түзгенде бірге болған әріптестерінің дау кезінде неге үндемей қалғаны түсініксіз. Әйтеуір, кейіпкеріміз жалғыз өзі анаумен де, мынаумен де айқасты.
Дегенмен депутат соңғы мәлімдемелерінің бірінде өте маңызды мәселені атады. Оның сөзінше, 2022-2026 жылдары қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, вакцинациялау және стерилизациялау үшін бюджеттен 14,9 млрд теңге бөлінген. Көрдіңіз бе, мәселе қайда?! Итше ырылдасудың ар жағында жабайы итке жанашырлықтан гөрі, ырғын ақшаға ынтазарлық жатқандай көрінеді. Демек, депутат айтты, енді сол қаржының қайда жұмсалғанын тексеру – құзырлы органдардың шаруасы.
Ақыры итті айттық қой, біз де бір ұсынысымызды қыстыра кетейік. Ауылда туған біз секілді қазақ қалада ит бағудың не сән екенін ешқашан түсінбей өтетін шығар. Өйткені иттің орны әманда – үйдің арты, қораның төбесі, шөптің қуысы ғой. Ал қалада итін «құшақтап» ұйықтайтындар қоғамдық орындардың ит әтуерін кетіреді. Саябақта ит қыдыртудың дұрыс аты – иттің ішін босату. Олардың көбі итінің тастаған тезегін теріп, «құйрығын сүртіп» жүрмейтіні анық. Бүгін біреудің иті дәрет сындырған жерге ертең біреудің баласы ойнайды. Осы енді әділеттілік пе? Бізше болса, ақыры салықты көбейткен елміз ғой, қалада ит ұстағандарға да үлкен көлемде салық салып, одан түскен қаржыны көше сыпырушылар мен аула тазалаушылардың жалақысына қосып берсе, бұл – әділетті шешім болар еді.
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңда Жаңбыршин бастаған топ мұны ескерді ме, ескермеді ме, белгісіз. Ал біз ит тақырыбымен «ит болмай», өзге мәселеге көшеміз.

Сексуалдық сипаттың сыры
Еділ Жаңбыршинді ел назарына ерекше шығарған екі мәселенің бірі – ит дауы болса, екіншісі – ЛГБТ. Егер ретімен есептесек, ЛГБТ алға шығады. Өйткені ЛГБТ насихатын шектеуге қатысты заң өткен жылдың ең «қызықты» тақырыбына айналды. Қызық болғаннан кейін де шығар, бұл мәселеде сөз қозғамаған депутат аз. Мысалы, Ринат Зайытов ЛГБТ насихатшыларын «жексұрынға» теңеп, жұртты аузына қаратқан. Депутат Наталья Дементьева «әлеуметтік желілерде ЛГБТ насихатына тыйым салу керек» деп ашуланғаны есімізде. Ілгеріде Асхат Аймағамбетов пен Жанарбек Әшімжан да «Масс-медиа туралы» заңға түзету енгізіп, бұқаралық ақпарат құралдарына «ЛГБТ өкілдерінің насихаты туралы жазуға» тыйым салуды ұсынған.
Бірақ тиіп-қашып айтқаны болмаса, ешбір депутат бұл тақырыптың «ұңғыл-шұңғылына» дейін үңілмеген. Ал біздің кейіпкеріміз індете зерттеді. Содан кейін «ЛГБТ насихаты мәселесі – сырттан жасалып жатқан идеологиялық шабуыл» деген қорытынды жасады. Ал шабуылды кім жасайды? Әрине, жау жасайды! Ендеше, сырттан шабуыл жасаған жауға неге іштен қорғанбауымыз керек? Міне, осы «қорғанудың» қамы Еділ Жаңбыршинді ЛГБТ белсендісі Жанар Серкебаевамен «салғыластырып» жіберді ғой.
Интернет «сөресінде» қатталған деректерге қарағанда, кейіпкеріміз Мәжілістің Instagram-дағы парақшасында тікелей эфирге шығып, көпшіліктің сұрақтарына жауап берген. Сол кезде әңгімеге ЛГБТ-лықтар да араласып, Жаңбыршиннің «жағасына жармаса» бастаса керек. – Сіздер Қазақстанның негізгі заңын бұзып отырсыздар. ЛГБТ-ға тыйым салуға болмайды! – дейді Жанар Серкебаева желінің ар жағынан. Осыған ашуланды ма, Жаңбыршин: «Сіздер манипуляциямен айналысып отырсыздар! ЛГБТ өкілі болуға тыйым жоқ. Жұбайыңызбен немесе зайыбыңызбен, өздеріңіз қалай атаушы едіңіздер, олармен үйде не істесеңіздер де, оған ешкімнің қатысы болмайды. Заң насихатқа тыйым салады. Мен өзімнің гетеросексуал екенімді насихаттамаймын ғой», – деп қойып қалды.
Лесби, гомосексуал дегендерді бұрыннан естіп келе жатқан қарапайым жұрт «гетеросексуал» деген күрделілеу сөзді қапелімде «қорыта» алмай, қиналды. Тіпті «Мәссаған, жақындасудың жаңа түрі шыққан ба?» деп жымыңдасып қалғандар да бар. Ал кейін мәселенің байыбына барып, депутаттың таңдаған бағытын түсінген соң, «Ее бәсе, біздің Еділ ер ғой» десті көпшілік. Ол жағы рас, Еділдің ер екеніне ешкімнің дауы жоқ. Бірақ дәл осы тақырып Еділ Жаңбыршиннің деңгейімен салыстырғанда, тым таяздау көрінеді. ЛГБТ төңірегіндегі дау – жұртта қалған ескі ішкиім секілді жағымсыздау дүние ғой өзі. Сексуалды тұрғыда азғындаған «азшылықпен» Ардақ Назаров секілді депутаттар айқасса, жарасатын сияқты. Бірақ оны айта беретін несі бар енді?! Болар іс болып қойды, білдей ғалым, дүрдей азамат иттің мәселесіне киліккенге дейін ЛГБТ белсенділерімен бірде соттасып, бірде «оттасып» жүргені біртүрлі болды.

Сән әлемінен жеткен сәлем
Біз жоғарыда берекесіздеу дауды «жұртта қалған ескі ішкиімге» бекер теңеген жоқпыз. Мәселенің өзі сол төңіректен басталған соң, айтыс-тартыс та ұдайы «иіс-қоңыс», «қан-жынымен» араласып жүреді. Естіген шығарсыз, Еділ Жаңбыршин мен Виталий Шевченконың Facebook-тегі «айтысы» сотқа дейін жетті. Депутаттың «Адамзаттың масқарасы» (Вы позорище человечества) деген сөзін жарасына тұз сепкендей қабылдаған Екібастұз тұрғыны Астананың сотына шағымданған. Абырой болғанда, сот шағымды қанағаттандырмады. Бұл жағдай кейіпкеріміздің мәртебесін өсірмесе де, абыройсыздықтан сақтап қалды. Егер шешім керісінше шығып, Жаңбыршин ЛГБТ өкілінен кешірім сұрап жүрсе, жұрт оны қалай қабылдар еді, мысалы?!
Бір қиыны, «Мыңмен жалғыз айқасқан Геракл сынды депутатты ЛГБТ өз ұйығына тартып бара жатқан жоқ па?» деген бір қауіп күні кеше айтылды. Белгілі журналист Динара Егеубаева өзінің парақшасында «Жаңбыршиннің қыздарының бірі ЛГБТ көзқарасын ұстанады» дегенді меңзеп, былай деп жазды: «Жаңбыршиннің қыздарының бірі — Милан мен Лондонда білім алған модельер екенін білдіңіз бе? «ЛГБТ насихатына» қарсы аянбай күресуші және дәстүрлі құндылықтардың қорғаушысы үшін баласының гендерлік шекараны ескермейтін кәсіби саланы таңдауы «басқа мәселе» болса керек. Ол «батыстық құндылықтардан» қызы үшін ешқандай экзистенциалды қауіп көріп тұрған жоқ».
Журналистің жазбасын оқырмандар ары қарай талқылап әкеткен. Олардың дені қазақ қоғамын «батыстық жат құндылықтардан» қорғауды насихаттайтын адамның қызы қатысқан көрсетілімде «көгілдірге» ұқсас бейнелердің байқалғанын жазған. Әсіресе жігіттердің көйлек киіп, биік өкшелі аяқкиіммен шығуы — көпшіліктің көкейінде көп күмән ұялатқан.
Бұл ақпаратқа қатысты Еділ Жаңбыршиннің өзі не дейді? Былай дейді: «Меніңше, бұл — әдейі ұйымдастырылған манипуляция. Коллекцияның ішінен кейбір образдарды бөліп алып, контекстен суырып шығару арқылы қоғамдық пікірді басқа арнаға бұру және менің отбасыма ақпараттық шабуыл жасау көзделіп отыр».
Бұған қоса, Жаңбыршин сән әлеміндегі бұл образдардың ешқандай «насихатқа» жатпайтынын, ол таза өнер мен философиялық ізденіс екенін, оны түсіну үшін өнерден хабары бар маман болу керектігін ескерткен. Біз депутаттың осы сөзіне тоқтам жасауды дұрыс деп таптық. Ол өнердің – не өнер екенін «қолдары тисе», өнертанушылар айтып беретін шығар. Бір анық нәрсе, ЛГБТ белсенділерімен «бел шеше» айқасып жүрген мәжілісменге қызының өнеріне қатысты ақпар жайсыздау тигені анық.
Екіншіден, «Неге осы жалғыз Жаңбыршин ғана жауын астында жалаңаш қалған адамдай, манипуляцияға ұшырайды да жүреді? Неге тек осы депутат қана ақпараттық шабуылдың «құрбанына» айнала береді?» деген орынды сұрақ туады. Ақорда «ауылындағы» құпия дереккөздеріміздің пікірі осы сауалға келгенде бір арнаға тоғысты. Олар «Едекеңнің өзі айғай-шуға әуес» дейді. Ал «Не үшін әуес?» деп сұрасаңыз, екі себепті көлденең тартады.

Айғай мен ақшаның әңгімесі
Білетіндер «Еділ Жаңбыршиннің сырт еткенге шырт ете қалатын мінезі бар» деседі. Ол жағын қайдам, әйтеуір Ақтаудың әкімі қызметінен айғай-шумен кеткенін білеміз. Қала әкімінің орынтағына Бауыржан Мұхамеджановтың тұсында барған кейіпкеріміз кейін Алик Айдарбаевпен «басы піспеген» сияқты. «Өз еркіммен кеттім» деп иректетіп қол қойып берсе де, іле-шала бір басылымға «мені кетірді» деп, «даң» шығарды. Өзін қажетсіз кезде лақтыра салынған шүберекке теңеді. Былай қарасаңыз, лақтырылған шүберек те – бір, жұртта қалған ішкиім де – бір. Бірақ оның салмағына ол кезде ешкім мән берген жоқ. Ал Айдарбаев Жаңбыршинге жауап ретінде «кетсең де, абыроймен кету керек» деді.
Дегенмен кімге абырой, кімге абыройсыздық әкелгенін итім білсін, Жаңбыршин кеткен соң оның кадрларына «қырғын» келген. Бірнеше шенеунік жемқорлық бабымен ұсталып, қамалды. Оның біразы сотталып тынды. «Жаңбыршиннің кезінде «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша пәтерлерді бөлуге қатысты комиссияның хаттамасы «жоғалып» кеткен, маңызды әрі негізгі құжаттың «қолды болуынан» 300-ге жуық пәтердің заңды бөлінгенін тексеру мүмкін болмай қалған» деген де гу-гу бар...
Ақтауды жайына қалдырып, енді негізгі мәселеге көшейік. Жаңбыршиннің жаңбырлатып тұрып «төккен» бір тұсы – «Эйр Астана» басшысы Питер Фостерге шүйліккен сәті. Осы бейнежазбаны тағы бір қарап жіберсеңіз, «ішіңіз езіліп» кете жаздайды. Неге? Өйткені депутат халықтың сөзін сөйлеп тұр. Ол «Эйр Астананы» «ерттеп мінген» шетелдікке «шаңыраққа қара!» дегенді ашық та, анық сездірді. Дегенмен ақиқатшыл депутаттың ашуы «кісі таңдайтындай» көрінеді кейде. Әйтпесе, Еділ Жаңбыршин министрлерді былай қойғанда, Үкімет басшысы мен Бас прокурорға айғайлаймын десе, кім қой депті? Мұның сыры – кейіпкеріміздің қазір көтеріп жүрген мәселелеріне қарасаңыз, түсінікті бола түсетіндей. ЛГБТ мен ит дауы белгілі бір топтарға ғана болмаса, жалпы халыққа зиянсыз тақырып. Керісінше, көпшілік мұны қолдайды. Билікке де пайдасы болмаса, залалы жоқ. Демек кіммен дауласып, кімнің «шабуылына» ұшырасаң да, «өзің білесің». Бастысы, бұқара мен билік алдында жүзің жарық.
Айғайдың мәнін жобалап болса да, түсіндіре алсақ, сол айғайды «көмейден бері көтеріп» шығатын «күштің» жөніне де тоқталайық. Білетіндер, Жаңбыршинді қалталы депутаттардың қатарына қосады. Бірақ қалтаның қалыңдығын дәл өлшеп беретін құрал әлі табылмағанын білесіз. Сондықтан ашық дереккөздердегі ақпараттарға ғана сүйенеміз.
Кейіпкеріміз 2023 жылы Мәжіліске келгенде бірқатар әріптестеріміз су жаңа депутаттардың жиған-тергенін «салмақтап» көрген. Сол кезде Жаңбыршиннің «Азия Техно Сервис» ЖШС құрылтайшысы екені айтылды. Сондағы деректерге қарасақ, бұл компания 2021 жылы «Самұрық-Қазынамен» 93,8 млн теңгеге үш келісімшарт жасаған. Білесіз, 2021 жыл – Жаңбыршиннің Мәжіліске алғаш келген тұсымен сәйкеседі. Серіктестік 2015-2023 жылдары аралығында 426,8 млн теңге салық төлеген. Осы сандарды тиынына дейін шотқа салып көргендер компанияның болжамды жылдық табысын 1,4 млрд теңге деп есептеген...
Шенеуніктің табысына үңілсе, тұқым-тұқиянына дейін тексеретін Дмитрий Шишкин сол тұста депутаттың жоғарыда сөз болған қызына да тоқталып, оның «Mullida» киім брендін шығарғанын айтқан. Visa Fashion Week Almaty көрмесіндегі брендтік коллекциясының бағаларын көрсеткен.
Сондай-ақ депутаттың қызы Миландағы Instituto Marangoni сән мектебінде және Лондон сән колледжінде оқығанын жариялаған. Назар аударатын мәселе, Миландағы оқуының жылдық құны 26 000-28 000 еуро аралығында болса, Лондондағы оқуының бағасы 17 000 еуродан басталады екен. Қысқасы, депутаттың қызы қай жерде қандай киім киіп, қандай би билеймін десе де, шамасы жетеді деген сөз. Ал «Азия Техно Сервис» серіктестігінің табысы депутаттың Мәжілісте «айғай салып» отыруына жеткілікте ме, жоқ па, оны енді өзіңіз саралаңыз.

«Ит мініп, ирек қамшылап»
Депутаттың дәрежесі сексуалдық сипатымен емес, саяси өресімен өлшенсе керек. Бұл жағына келгенде де кейіпкеріміз ешкімнен төмен емес. Төмен болса, ілгеріде Назарбаевты күмпілдете мақтап, кейін тілінің жеткенінше даттамас еді.
Даттауын кейінге ысыра тұрып, алдымен мақтауына кезек берейік: «Кеңес империясы ыдырап, мықты деген республикалар, олардың басшылары абдырап қалғанда, Елбасы өз мойнына үлкен жауапкершілік алып, елді соғыссыз, ың-шыңсыз, майдан қыл суырғандай қылып, Қазақстанды алып шықты. Мұндай тектоникалық өзгерістер бұрын-соңды біздің өмірімізде болды ма? Осының бәрін тәуекелге барып, бастайтын лидер керек еді. Оны Құдай таңдады, елге сондай ерді берді, ел соңына ерді!».
Көрдіңіз бе, кейіпкеріміз Назарбаевты «майдан қыл суырғандай» етіп, қалай әдемі мақтаған?! Алайда Қаңтар қырғынынан кейін Жаңбыршиннің өзі де «тектоникалық өзгеріске» ұшырады. Соның дәлелі – «шалдың жүйесіне» қатысты айтқан сұрапыл сыны: «Әділ мемлекет құру үшін – шалдың жүйесін өзгерту керек! Әділ экономика құру үшін – қыз-күйеудің жүйесін бұзу керек! Әділ қоғам құру үшін – інісінің сектасын жоқ қылу керек...».
Шындығына келсек, бұдан асқан әділ байлам болуы мүмкін емес. Сондықтан жұрт «Әділетті Қазақстанның» таңы атарына сенді. Ол үшін жаңбыршиндер өзі атаған «үш керекті» жүзеге асыруы тиіс еді. Ақырында не болды? Шалдың жүйесін өзгертуге күш салуы тиіс кейіпкеріміз «ит мініп, ирек қамшылап» кетті. Әрі бұған биліктегі жұрттың бәрін бірдей кінәлау да орынсыз. Себебі олардың ешбірі дәл біздің депутат құсап, «керектің» бәрін тізбелеп, күшенбеген. Ал күшенген адам «не белбеу кетер, не бел кетер» дейтіндей тәуекелге баруы тиіс болатын. Олай болмаған соң, «Хамелеондардың қасында Хаменова еркек екен» дейтіндер пайда болды. Мәнісін түсінген шығарсыз, ілгеріде өткен сотта бұрынғы шенеунік Назарбаевқа деген құрметінің өзгермегенін білдірген. Яғни бастапқы ойында қалған. Бұл Назарбаевтың артықшылығынан емес, экс-шендінің бір сөзділігінен. Ал кейіпкеріміздің қайшы пікірлерін қандай сөзге жатқызуға болады? Байлам жасауды оқырманның өз еншісіне қалдырамыз.
Түйін
Биыл соңғы рет өткен Ұлттық құрылтайда Еділ Жаңбыршин III дәрежелі Барыс орденімен марапатталды. Президенттің өз қолынан марапат алу – үлкен мәртебе. Мұндай құрметке Айгүл Құспан мен Қазыбек Иса да ие болды. Бірақ басқа «барыстардан» біздің кейіпкеріміз алымдырақ көрінеді. Егер бас тақырыптағы «басымдығын» ескерсеңіз, сөзсіз алдыға шығады. Міне, осы салыстырудың саяси салмағы да бар ма, әйтеуір өткенде «Құрылтай құрылғанда, Жаңбыршин вице-спикер болады екен» деген сөз тараған. Сыпсың сөз шындыққа айналса, Жаңбыршиннен нағыз «жонды барыс» шыққалы тұр. Егер олай болмаса ше? Ол да мүмкін ғой. Өйткені үлкен саясат дегенің – болжауға көнбейтін бұлыңғыр дүние. «Барыс-барыс» деп әлдеқандай қылып жүргенің, жеме-жемге келгенде, «мысық шатыс» әлдене болып шығуы да ғажап емес...
Сансызбай Нұрбаба