Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:33, 29 Қаңтар 2024

«Екі-ақ экскаватор қазып жатыр» – Майқайыңда табылмай жатқан жүргізушінің ағасы

Майқайың
Фото: из открытых источников

Амангелді Тілеубергенов – Майқайың кеніші шахтасының маңында автобусымен апатқа ұшырап, табылмай жатқан жүргізуші Айып Тілеубергеновтың туған інісі. Апат болған 4 қаңтардан бері 26 күн бойы кеніш басына күнде келіп, құлазып қайтады. Құтқарушылардың жақындары облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығын сынға алды, деп жазды Zhasalash.kz ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап. 

Еске сала кетсек, биыл 4 қаңтарда «Майқайыңалтын» компаниясы кенішінің шұңқырына автобус құлаған болатын. Автобуста жүргізуші мен үш құтқарушы болған. Сол күні төтенше жағдайлар министрлігі құтқару бөлімшелері қаза тапқан екі адамның денесін тауып, алып шыққан. Екі адам әлі табылмай жатыр.

4-22 қаңтар аралығында құлаған жерге айналма жол жасалды. Жарылыс жұмыстары жүргізілді. Өткелді кеңейту және тереңдету кезінде екі жүз мың тоннаға жуық топырақ пен тау жыныстары әкелінді. 18 қаңтарында экскаватордың көмегімен автобус корпусының бір бөлігі, жеке заттар, жоғалған адамдардың құтқару жабдықтары табылып, жер бетіне шығарылған.

Ал Бас прокуратураның ақпаратына қарағанда, полиция департаментінің тергеу басқармасы қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі (тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

“Қасықпен теңізден су алғандай қазып жатыр”

– Амангелді мырза, іздеу жұмыстарын бақылап отырсыз ба?

– Іздеу жұмыстарына қанағаттанбай отырмыз. Бүгін 26-шы күн болды. Істеп жатқан техниканы көрсеңіз – қасықпен теңізден су алғандай. Кішкене ғана техника. Тас жаратын техниканың өзі бертін ғана келді. Техника және техникалық құралдар жеткіліксіз. Жер астын сканерлейтін құрал бар екен. Оның өзін Балқаштан алдырды. Дұрыс көрсетпеді. «Біз іздеп жатырмыз» деп мыналар өтірік айтады. Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары «Грузия, Қырғызстан, Ресеймен де сөйлесіп жатырмыз» дегенмен, түптеп келгенде магниталды құрылғы 23 күннен кейін ғана өзіміздің Қарағандыдан шықты. Оған дейін аталған құрылғыны олар іздемеген де ғой. Күн жоғалтып жатырмыз.

– Бұған дейін төтенше жағдайлар министрлігі авариялық-құтқару жұмыстары демалыс күндерінсіз, күндіз болып жатқанын, оған барлығы 147 адам, 45 бірлік техника, 3 кинологиялық есеп және 2 дрон жұмылдырылғанын хабарлаған еді. Оның бәрі жоқ па сонда?

– Бұл жерде негізінен жұмыс істеп жатқан екі шағын экскоюаватор. Олардың өзі Павлодардан өз бастамасымен келген фирманың жұмысшылары. Ал құтқарушылар мен полицейлердің, жедел жәрдем көлігін бәрін қосып – 45 техника деп тұрған шығар енді. Дәл қазба жұмыстарымен тек екі экскаватор айналысып жатыр.

Айдың күннің аманында күнделікті жүріп жүрген жол ойылып кеткен ғой. Соны 26 күнде адамдарды таба алмау, шығара алмау деген... Аударылған үлкен автобус – құмның арасында жоғалып қалған кішкентай көлік емес. Соны таба алмау деген масқара ғой.

Табылмай жатқан екі адамның бірі менің ағам – автобус жүргізушісі. Екіншісі, Айдос Шаймерденов деген тағы бір жігіт. Ағамыз екеуі жақсы араласқан жолдастар еді.

– Сол күні олар сол жерге қалай барған? Оқиға қалай болған?

– Шахтаның құтқарушылары ғой бұлар. Шахтада кенді жан-жақтан жарған кезде жаппай жарылыс деген болады. Содан кейін бұл кісілер барады да, газын, радиациясын тексеріп, жұмыс істеуге бола ма, жоқ па деп, бәрі жақсы болса құтқарушылар рұқсат береді ғой. Сол жұмыспен бір барып келген. Ол жарылыс сағат онда болған. Одан кейін өздері демалып отырған. Содан кейін сағат бірге қарай хлопок болады да, бұлар жан-жағын, камералармен дұрыс қарамаған. Ал шын мәнінде, жер ойылып түсіп кеткен екен. Екі-ақ метр жерде күзетшінің бекеті тұр. Шахтада оператор бар. Олар күнделікті шыққан кеннің мөлшерін санап, неше көлік кіріп, неше көлік шыққанын қарап отырады. Олардың бәрінде камера бар. Олар да камераға қарамаған. Қараңғыда келіп, ойылған жерді байқамаған.

– Басына барып қарап көріп жүрсіздер ме? Қалай болып жатыр?

– Құтқарушылар күніне екі-үш мәрте кіргізіп, көрсетеді. Құтқарушылармен бірге ойылған шұңқырдың жанына барамыз да, белімізге арқан байлап, алыстан тұрып қараймыз.

– Ағаңыз нешінші жылғы? Отбасылы адам ғой?

– 1968 жылғы. Үш баласы бар. Екі баласы өсіп кеткен. Өздерінің бала-шағасы бар. Үйінде бір қызы бар. Қызы кезінде ауырған. Жеңгеміз үй шаруасындағы адам. Ағамыз ғана үйде асыраушы болған. Ал жанындағы Айдостың бес баласы бар. Оның баласының ең кішісі бірге де толмады.

– Өте қиын жағдай...

– Әлбетте, 26 күннен бері күні-түні кеніштің басындамыз. Қазір ішінде қазба жұмыстары жүріп жатыр. Түнде жұмысты тоқтатады. Жан-жағы құлап кетуі мүмкін. Түнде үйге барамыз. Таңертең қайтадан осы жерге келеміз. Жұмысқа келгендей осы жерде күтіп жүрміз. Үйдегілер қан жұтып отыр. Қандай жағдай екенін де білмейді.

Менің жанайқайым: осы жағдайды мемлекет басшысына, президентке жеткізбеді ме деп ойлаймын. Себебі ол кісіге жетсе, ол кісі бір резонанс жасап, мына жаққа басқа елден көмек сұрар ма еді. Төрт адам да мемлекеттің құндылығы мен байлығы ғой. Аудан әкімі осы жерде жүр. Облыс әкімі келіп-кетеді. Оның да жұмыстары бар ғой енді. Аудан әкімі күні-түні осы жерде болса да, ол кісінің қолынан не келеді? Аудан әкімінің қолында не бар? Облыстың құтқарушыларының жұмысына көңіл толмай отыр. Бастығының орынбасары өтірік ақпарат береді. Телевидениеге «140 адам жұмыс істеп жатыр, 45 техника бар» дейді. Соны естіген басқа жұрттар «ой, ол жерде ойран-топырын шығарып қазып жатыр» деп ойлайды. Шын мәнінде, бұл жерде екі шағын экскаватор ғана жұмыс істеп жатыр. Қалғандарының бәрі – көрермен!