Эклектика экстремизмі
(Эклектика – әртүрлі, қарама-қайшы, кездейсоқ, бір-бірімен байланыспайтын көзқарастардың, теориялық алғышарттардың, саяси бағалардың тоғысуы).
Сонымен, антиәблязовшыл майданда билік кезекті шахмат (әлде шашки ма?) жүрісін жасады.Сот шешімімен Мұхтар Әблязовтің «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) ұйымы экстремистік және ел аумағында тыйым салынған ұйым деп танылды. Сондай-ақ ұйымның қызметі туралы ақпарат таратуға тыйым салынды.Шынымды айтсам, мұндай шешімді күтпеген едім. 2001 жылы құрылған ҚДТ шын мәнінде халық қолдауына ие болған еді. Енді сол мықты ұйымның атын иемденген бұл құрылым бүгінде бір адамның ғана субъективтік саяси жобасы болып қалды. Бүгінгі ҚДТ-ның бұрынғы ҚДТ-дай әлеуеті мен қауқары, беделі мен абыройы, біріктіруші ниеті мен рөлі жоқ. Бүгінде ол он екіде бір нұсқасы жоқ, тек қана интернет пен мессенджерлерде бар, виртуалды, қазақша айтқанда, елес ұйым емес пе? Олай болса, билікке оған соншалықты шүйлігіп не көрінді? Әлде қорыққанға қос көрініп, осы ұйымның көлеңкесінен шошып, алдын ала қамданып жатыр ма?Өз басым интернет желісінде құрылып жатқан осы ұйымдағы адам санына сеніңкіремеймін, өйткені мессенджерлердегі топ мүшелігіне тартуда адамдардың ешбір рұқсатынсыз, сыртынан қоса салумен жүреді. Сондықтан сол 80 мың адамның бәрі де ҚДТ-ға өз еркімен кірді және де сол ұйымның мүшесі әрі оны қолдап жатыр деудің өзі де біртүрлі артық болар. Анонимниктің аты – аноним, сайда саны, құмда ізі жоқ.Бірақ оппозицияшыл ұстанымы бар біраз азаматтың осы ұйымда бар екені де рас. Олардың пікірі мен құқықтарын мүлдем тәрк етуге тағы да болмайды. Әблязовқа деген сыни көзқарасымның ол адамдарға деген пікіріме еш қатысы жоқ: екеуі екі бөлек нәрсе.Соттың осы үкімі Әблязовтің өз басына оңтайлы, өйткені оның тұлғасын одан сайын саясиландыра түседі, шетелде өзін «саяси қуғын-сүргіннің құрбаны» ретінде таныта беруіне септігін тигізеді.Биліктің Әблязовті жек көретіні, оны атарға оқ таба алмай, қалай болса да елге қайтарып, өз қолына түсіріп алғысы келетіні әу бастан-ақ түсінікті.Бірақ банктен қыруар қаржы жымқырды және өз әріптесін өлтіруге тапсырыс берді деген аса ауыр айыптардың астында қалған Әблязовтің жаңа саяси жобасына қатысты осы ойым «Қазақстанда наразылық мүлдем жоқ» дегенді білдірмесе керек. Керісінше, билікке деген қарсылық күннен-күнге үдеп барады.Сол себепті сот үкіміндегі нақты тіркестерге тоқталғым келеді. Өйткені сот артық қыламын деп тыртық қылып, «экстремизм» деген термин ішіне бір-бірімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ұғымдар мен қимыл-әрекеттерді араластырып, құқықтық қойыртпақ жасаған сияқты. Мұндайды ғылымда «эклектикалық тәсіл» дейді. Бір сөзбен айтқанда, Әблязовтің түбіне жетем деп билік ел ішіндегі іргелі демократиялық құндылықтарға қол салып отыр.Мәселен, сот «әлеуметтік желілер мен парақшалар арқылы халыққа үндеуін тарату арқылы Әблязов азаматтарды ҚДТ-ға өтуге шақырады, қазіргі биліктің жағымсыз бейнесін жасап, халықтың наразы көңіл күйін туғызады» деп айып тағады.Меніңше, әлеуметтік желілер арқылы үндеу таратуға ешкім де тыйым сала алмайды. Оның үстіне биліктің жағымсыз бейнесін жасау мен наразылық туғызу да қылмыс емес. Биліктің өзі күнделікті адамның ызасы мен ашуын туғызып, елге жеккөрінішті боп жатқанда, оның бет әлпетін қосымша әспеттеудің керегі де жоқ: ол өзін-өзі әшкерелеп жатқалы қашан! Кез келген қоғамда билікпен қатар, оның сыншылары, оппозиция болуы шарт. Биліктің қарсыластары өкіметтің әрбір сөзі мен қадамын аңдып отырады, мүлт кеткен тұстарын қағып алып, әмбеге аян етіп жатады. Бұл – саяси күрестің бұлжымас заңдылықтары. Ол үшін сотқа тарту мүмкін емес. Өйткені, Конституция бойынша, біз демократиялық мемлекетпіз және де әр азаматтың өз ойын ашық білдіруге, қоғамдық бірлестік құруға толық қақы бар.Сот үкімі: «Осылайша қоғамдық араздық пен алауыздық туғызады. ҚДТ жетекшісі Мұхтар Әблязовтің және оның белсенділерінің мақсаты –бейбіт наразылық акциясын жасаймыз деген талай тұжырымына қарамастан, билікті құлату және басып алу. Мұндай әрекеттер саяси экстремизм әрі мемлекет қауіпсіздігіне қарсы қылмыс болып саналады».Саясат пен саясаттанудың теориясы мен практикасына сүйенсек, кез келген саяси ұйымның не жеке саясаткердің түпкі мақсаты – билікке қол жеткізу. Президенттік сайлауға түскен президент болғысы келеді, парламенттік сайлауға түскен партия парламентте билік жүргізгісі келеді. Сондай ниет пен жоспарды заңнан тыс әрекет деп қарастыруға бола ма? Наразы белсенділік танытқанның бәрін экстремист деп санауға болмайды ғой.Әрине, ондай күрес заңнама аясында жүргізілуі тиіс. Мен де қантөгіс пен толыны шайқап төгер бүлікшілдікке қарсымын. Осы тұрғыдан алғанда, әрине, елдің тәуелсіздігі мен тұрақтылығына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген әрекетке тыйым салынуы заңды.Бірақ шыдамның да шегі болмай ма? Оның үстіне Қазақстанда осы күнге дейін заң аясында қимыл-әрекет етіп келген оппозицияшыл қозғалыстар мен партияларды әртүрлі қитұрқы жолдармен құртқан осы биліктің өзі емес пе?!Бір нәрсе анық: билік оны қалай ма, қаламай ма – елде оппозициялық орта қалыптасқан. Созылмалы сипат алған дағдарыс, девальвация, жемқорлық, баға мен тарифтердің ретсіз әрі күрт өсуі – осының бәрі жұрттың наразылық әлеуетін ешбір партиясыз-ақ молайтуда. Көкірегі ояу, көзі ашық азаматтар өзінің құқықтарын қорғау үшін ұйымдасқысы келеді. Барайын десе ресми тіркелген, Қазақстан заңдарын мойындайтын, халықтың сөзін сөйлеп, белсенді тірлік таныта алатын партия не қозғалыс жоқ. Ал Әблязов болса өзінің саяси риторикасында елде шешілмей жатқан проблемаларды нақты атап, биліктің бас терісін қаптап, аяусыз әшкерелеп жатыр. Яғни «құланның қасуына мылтықтың басуы» болғалы тұр. Енді ашынған жұрт сол ұйымға бармай, қайда барады?!Сондықтан да, меніңше, билік елдегі заңды, легитимді оппозицияны тұқырта беру, көзін құрту тактикасынан біржолата бас тартуы тиіс. Қоғамды үнемі төбесінен әңгіртаяқ ойнатып басқара алмайсың. Әблязовқа өкпелеп, қазақтың демократиялық тонын өртеуге болмайды. Партия құрғысы келетін азаматтардың да жолын кесе бермей, керісінше, ұлттық, либералдық, әділеттік пен ел тәуелсіздігін ту еткен ұйымдардың мейлінше көп пайда болып, дамуына мүдделі болуы тиіс. Кландар өзара сарай ішінде қырқысқанша, ресми партиялар парламентте бір-бірімен қызылкеңірдек боп айтысып, мемлекеттік маңызы бар шешімдерді дауысқа салып, өркениетті түрде қабылдап жатсын. Саяси күресті көшелер мен алаңдардан парламент төріне шығарудың мемлекеттік маңызы да осында.Прокурорлар жұртқа «ҚДТ-ға қатысы бар мессенджерлерден шығыңыздар», «ол жерде комментарий жазғандарды да жазаға тартамыз» деп қара аспанды төндіріп жатыр. Бірақ ондай әлеуметтік желілер мен заманауи байланыс алаңдары күн сайын дамып жатыр. Соның бәріне құқықтық органдар қалай тыйым салады? Осындайда атақты Оруэллдің «Шындық министрлігін» қалай еске алмассың!Бір нәрсе анық: идеологияда вакуум, яғни бос орын болмайды. Бұл тұжырымның саясатқа да тікелей қатысы бар.Бүгінде билік алдында екі түрлі таңдау тұр.Не Конституцияда бекітілген саяси пікіралуандығын мойындап, қабылдап, өз ұстанымы бар ұйымдар мен азаматтармен қоғамның толыққанды мүшесі ретінде санасу. Болмаса саяси бостандықтарды біржолата тыйып тастап, кез келген еркін сөз не балама пікір үшін қатаң жазалап, авторитарлық жүйені қатайта түсу.Өкінішке қарай, билік екінші, аса қауіпті жолды таңдап алған сияқты. Олай болса, өз обалы өзіне!
Әміржан Қосанов
арнайы «Жас Алаш» үшін