Сараптама

Елімізде жаңа мереке - Абай күні аталып өтуде

Бүгін қазақтың ұлы ақыны Абай ұлықталады, осылайша еліміз алғаш рет Абай күнін атап өтеді.

Елімізде жаңа мереке - Абай күні аталып өтуде

 

Үкіметтің қаулысымен 10 тамыз мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Осы күні биыл Абай Құнанбайұлының туғанына тура 175 жыл толады. Тарихи датаға орай елімізде 100-ге жуық іс-шара өтпек.

Мәдениет және Спорт министрлігінің хабарлауынша, ұлы ойшылдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау Семейдегі «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорығында басталады. Мұнда «Хәкім Абай» атты арнайы әзірленген бағдарлама тікелей эфирге шығады. Бұдан соң, өңірлерде танымал мәдениет және өнер қайраткерлері ақынның шығармаларын оқиды.

Сондай-ақ, «Абай және XXI ғасыр: болашақпен сұхбат» атты халықаралық конференция өтеді. Оған танымал ғалымдар мен абайтанушылар қатысады.

Бұдан басқа, Абай қорық музейі мен «Абай-Шәкәрім» кесенесіне онлайн экскурсия жасауға болады.

Абай – қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны. Сондықтан ұлы ойшылдың шығармалары әлемнің 8 тілінде оқылмақ. Осы мақсатта «Abai world challenge» атты видеомарафон ұйымдастырылады. Челленджге əлемнің түкпір-түкпірінен ғалым-зерттеушілер, аудармашы, жазушы, зиялы қауым өкілдері, Төтенше жəне Өкілетті Елшілері қатысады.

Елорда мен өңірлерде кемеңгер ойшылды еске алу үшін гүл шоқтарын қою рəсімі өтеді. Бар іс-шараны Мәдениет және спорт министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшаларынан көруге болады.

«Ең бастысы, мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек. Президент те осыны қадап тапсырған еді», – дейді министрлік өкілдері.

Тегтер: Без Тега
Қуаныш  Қаппас
Қуаныш Қаппас Қуаныш Қаппас

Оқыңыз