Қоғам

Елімізде жаңа дәрілік препараттарды тіркеу мерзімі 15 жұмыс күніне дейін қысқарды

Қазақстанда сапаны бақылау стандарттары жоғары елдерде өндірілген дәрілік заттарды жедел тіркеу тетігі енгізілді.

Жөтел дәрісі

Енді мұндай препатарттарды тіркеу 15 жұмыс күнінде жүзеге асырылады. Жаңа тәртіп пациенттердің заманауи және инновациялық дәрілік препараттарға қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бұл туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

Бүгінде осы рәсім шеңберінде АҚШ, Германия, Франция, Дания, Ұлыбритания және Корея Республикасы өндірген 16 дәрілік зат пен медициналық препарат тіркелген.

"Біз заманауи дәрілік заттардың Қазақстан нарығына жылдам шығуына жағдай жасап жатырмыз. Бұл ретте препараттардың сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар біздің басты басымдығымыз болып қала береді. Азаматтар үшін бұл, ең алдымен, емдеудің жаңа әдістеріне қол жеткізу мүмкіндігі", 

– деп атап өтті министр.

Заңнамаға енгізілген өзгерістер аясында тіркеу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік беретін "бір терезе" қағидаты да енгізілді. Жаңа тетік арқылы қазірдің өзінде 600-ден астам қызмет көрсетілген.

Сонымен қатар 2026 жылдан бастап өндірушінің өтінімін күтпей-ақ, мемлекет бастамасымен өмірлік маңызы бар дәрілік препараттарды тіркеу мүмкіндігі қарастырылған.

Бүгінде тіркеу құжаттарын талдау және сараптама тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллектіні қоса алғанда, цифрлық технологиялар енгізілуде. Препараттардың сапасын мемлекеттік бақылауды күшейтуге және олардың жанама әсерлерді бақылау жүйесін дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде.

Халықаралық деңгейдегі маңызды жетістіктің бірі – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының реттеуші жүйенің үшінші деңгейін растауы. Қазақстан ТМД елдері арасында бұл деңгейге алғаш болып қол жеткізді. Келесі кезеңде зертханалық инфрақұрылымды дамыту көзделген. Атап айтқанда, Астана қаласында вакциналарды сынақтан өткізуге, олардың сапасы мен қауіпсіздігін тәуелсіз бағалауға арналған заманауи кешен салу жоспарланып отыр.

Қабылданып жатқан шаралар дәрілік заттардың сапасына қойылатын жоғары талаптарды сақтай отырып, халықтың заманауи препараттарға қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз