Сарыөзекте сарбаз қаза тапты. Ата-анасы ұлының өзіне оқ атты дегеніне сенбейді
Құрлық әскерлері қолбасшылығы Жетісу өңірінде әскерге шақырылған сарбаздың қазасы туралы айтты.
Ведомство 14 қаңтарда Сарыөзек гарнизонында жауынгерлік даярлық бойынша далалық оқу-жаттығулар кезінде қатардағы сарбаз атыс қаруын қолдану ережесін бұзу салдарынан оқ жарақатын алғанын растады. Кейіннен сарбаз қаза тапқан.
"Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу шаралары жүргізілуде. Оқиға орнында Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы бастаған арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр », - делінген хабарламада.
Азаттық Радиосының жазуынша, қаза болған сарбаз жетісайлық 18 жастағы Дастан Құрманбектің ата-анасы ұлы “Калашников автоматынан өзіне оқ атты” дегенге сенбейді. Олар ұлдарының өлімін әділ тергеуді талап етіп отыр.
Айтуларынша, оқиға полигонда болған. Дастан Құрманбек қаза болмай тұрып, бір күн бұрын әкесі гарнизонға барып келген. Сонда ұлының жүзінен қандай да бір қорқынышты байқаған. Бірақ ұлы ештеңе ашып айтпаған.
Туыстарының сөзінше, оқ атылған Калашников автоматының өзі де Дастан Құрманбекке тиесілі емес. Туыстарына берілген құжатта Дастан Құрманбектің Кербұлақ ауруханасында көз жұмғаны жазылған. Туыстары марқұмнынан денесінен зорлық-зомбылық іздері байқалмағанын айтты.
Бұл Сарыөзек гарнизонына қатысты бірінші оқиға емес. Былтыр қыркүйекте Сарыөзек гарнизонында бір сарбаз қолынан жарақат алғасын жалдамалы пәтеріне апарып тастаған. Сарбаз бір күннен кейін ғана ауруханаға жеткізілген.