Оқиғалар

«Еңбектің наны тәтті» дегенді балаларыма да үйретіп отырамын

«Еңбек адамы» жобасы аясында қоғамда таза еңбектеніп жүрген жандарды елге үлгі ету, сол арқылы жұртты еңбекке ынталандыру аса маңызды. Сала мамандарының пайымдауынша, бұл жоба адам капиталының дамуына тікелей әсер етеді. Әрбір еңбек адамының әрекет етуі, берекет береді. Сондықтан сала мамандары бұл жобаның келешегіне сенімді.

еңбек адамы

Біз бүгін 9 баланың анасы және өзінің кәсібімен еңбектеніп жүрген жалғызбасты ана Кербез Таутесеровамен сұхбаттастық. Еске салсақ, Кербез жайлы біз «Жас Алашқа» 2020 жылы арнайы мақала да жариялағанбыз. Сол мақаладан кейін Кербездің жағдайы жақсара бастады. Арнайы «Дәулеттен» қорына шығып жүріп Кербезге Сарыөзек қаласынан 5 бөлмелі үй алынды. 2 бұзаулы сиыр берілді. Қазір К.Таутесерова өзінің кәсібін жүргізіп отыр.

– Кербез, сізді біз 2020 жылдан бері танимыз. 9 баланы өсіру оңай емес. Олардың қажеттіліктерін өтеу, заманға сай білім беру, оқыту, барлығы сіздің мойныңызда. Қиын емес пе?

– Қиындық бар, әрине. Қазір бұрынғыдай, «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деп отыратын заман емес. 2020 жылы «Жас Алашқа» мен жайлы сіздер мақала жаздыңыздар. Содан кейін үй де алынды, алдыма мал да салынды. Содан бері ақырындап, кәсіппен шұғылдана бастадым. Бастапқыда пойызға шығып, жолаушыларға манты, пельмен, бәліштер пісіріп, сатып жүрдім. Содан жиналған тиын-тебеннің басын қосып, ақырын киім саудасына көштім. Қазір екі сиырдан өнім алып, құрт-май, сүзбе сатамын. Шүкір, жағдайымыз жаман емес. Қыздарым да өсіп қалды. Олар да көмектеседі. Қазір малдың басын төртеу қылдық. Өнімді дүкендерге өткізіп, таза еңбекпен нан тауып отырмыз.

– Қолөнермен де айналысады екенсіз?

– Иә, арасында қыз жасауына тапсырыс аламын. Оған көп уақыт кетеді. Қыздың жасауы болғаннан кейін көрпесін әдемілеп тігу керек. Қыздың жиған жүгіндей әдемілік керек. Құрақ көрпе тігемін. Құс жастық жасаймын. Әртүрлі дүниелерді жасай беремін. Сөйтіп, 9 баланы бағып отырған жайым бар.

– Балалардың жәрдемақысына қарап отырған жоқсыз ғой, демек...

– Тек қана жәрдемақымен отырсақ, ол бізге жетпейді. Менің үлкен қызым келесі жылы 11-сыныпты бітіреді. Ал қалған балаларым әлі кішкентай. Қазіргі балалар тым нәзік қой, ара-тұра ауырып қалады. Жолдасым қайтқанда құрсақта балам болды. Оны көрмей де кетті. Тағдыр ғой. Қазір осы балаларымның болашағы үшін еңбектенемін. Сол үшін «еңбектің наны тәтті» дегенді балаларыма да үйретіп отырамын. Қыздарым да іске епті. Олар өскен сайын ширақ қимылдап, менімен бірге жұмыс істеп жүр. Жалпы, өз басым алақан жайып, ешкімнен ештеңе сұрағанды ұнатпаймын. Бар сұрағаным, сол бір баспана болса деп ойладым. Онымды «Жас Алаш» бірінші қолдап, өзіңіз мақала жазып, соның арқасында үйлі болдым. Алдыма мал да салынды. Енді әрі қарай еңсе тіктеп, әрекет ету керегін ұқтым. Сөйтіп жүріп шаруаны дөңгелеттік.

– Жалпы, «Адал-азамат», «Адал-табыс», «Адал – еңбек» жобасы жайлы естуіңіз бар ма?

– Әрине, естуім бар. Соған байланысты да тырмысып, тапқан нанымызды адалынан табайық деп жүрміз ғой. Өз басым, бір ғана баласының жәрдемақысына сүйеніп, сол үшін бала санын көбейтетін әйелдердің қатарынан емеспін. Алақан жайып, ештеңе сұрамаймын. Масылдық психология жайлы да айтатындарды білемін. Бірақ басқа елдердің әр балаға беріп жатқан көмегіне, жәрдемақысына қарап қызығамыз. Дегенмен біздің де мемлекетіміздің осындай жағдай жасап отырғанына қуанамыз. Қазір «Отбасы картасы» деген пайда болды. Цифрландырудың аясында барлық мәліметтеріміз сол картада көрініп тұрады. Алтын алқа иегерімен. Жергілікті әкімдіктің де көмегі болады. Мектепке жол акциясы, тағы басқа шаралардан тыс қалмаймыз. Бұл да бізге өте үлкен көмек. Сондықтан «мемлекетке масылсыңдар» демей, бізге осындай мүмкіндіктер беріп отырған ведомстволарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Айтатыным, бізді көбіне шетелмен салыстыратындар да бар. Бірақ бізде әлі еңбек өнімділігі төмен ғой. Сол еңбек өнімділігін арттыру үшін әрбір мемлекеттің мүшесі адал еңбек етуге барын салуы керек. Сол кезде ғана еңбектің өнімділігі артады. Елімізде отандық өнім шығаратын кәсіпорындар саны артқанын қалаймын. Сосын қазіргі қымбатшылық заманда мемлекеттік супермаркеттер, мемлекеттік дүкендер саны артса ғой деген ойым бар. Әлеуметтік мемлекеттік дәріханалар саны артса да жақсы болар еді. Өйткені менің 9 балам бар. Сол балалар сырқаттанып қалса, дәрінің бағасы удай. Осы бір дүниелер ретке келсе өте жақсы болар еді.

– Сіздің тапқан табысыңыз балаларыңызды дамытуға, үйірмелерге апаруға жете ме?

– Міне, осы жағы да бізге қажет. Балаларымды мектептен берілетін тегін үйірмелерге апарамын. Ал ақылы үйірмелер, бассейн, футбол, теннис, тағы басқа үйірмелерге апара алмаймын. Себебі бағалары қымбат. Осы жағынан алғанда бізге тегін ваучерлер берілсе деп ойлайсың. Сосын көпбалалы аналардың балаларына ағылшын тілін оқыту тегін болса. Қазір тіл білу өте маңызды ғой. Балаларыма тілді меңгерткім келеді. Өзім берілетін жеңілдіктерді пайдаланып, шаштараздың оқуын да оқып алдым. Болашақта сол жағын да дамыту ойымда жүр. Әзірге осы берілген нәсіпті ұқсатып, күн кешіп жатырмын.

– «Жұмыстың жаманы жоқ, еңбексіздіктің жаманы бар» дейді ғой. Бүгінгі жастардың қарапайым жұмысшы мамандықтарына деген көзқарасы қандай деп ойлайсыз?

– Қазіргі жастардың көбі кеңседе отыратын немесе тез табыс әкелетін жұмыстарды іздейді. Бірақ мемлекет пен қоғамның негізгі тірегі – өндірісте, құрылыста, далада жүрген жұмысшылар. Соңғы кездері қарапайым еңбек адамдарына қолдау көрсетіліп, олардың беделі артып келе жатқаны қуантады. Жастарға айтарым, адал еңбекпен тапқан нан ең тәтті әрі берекелі болады.

– Сіз үшін «Адал еңбек» деген не? Оның басты қағидасы қандай?

– Мен үшін адал еңбек – жұмысқа ешкім көрмей тұрса да, бақылау жасап тұрмаса да жауапкершілікпен қарау. Өз ісіңді сапалы орындау және өзгенің еңбегін құрметтеу. Жұмысыңа жан-тәніңмен берілгенде ғана нәтиже болады.

– Кәсіптен нәсіп табу үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керек?

– Ең бірінші – сабырлылық пен табандылық. Кез келген істің шебері болу үшін уақыт пен төзім керек. Екінші жауапкершілік. Сондай-ақ заман ағымына сай үнемі жаңаны үйренуге, ізденуге ұмтылу қажет. Өз ісіңді жетік білсең, сені кез келген жерде бағалайды.

–Алдағы жоспарларыңыз бен арманыңыз қандай? Қатарға қосылып жатқан жас мамандарға нендей кеңес берер едіңіз?

– Басты арманым – балаларымды жеткізу. Жалғызбасты анаға 9 баланы жеткізу оңай емес. Ол үшін кезінде маған қолдау берген «Жас Алаш» газетіне рақметімді айтамын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Ал жастарға айтарым, ешқандай жұмыстан қашпаңыздар, қиындықтан қорықпаңыздар. Еңбекқор адам ешқашан далада қалмайды. Тек алға ұмтылып, өз ісіңіздің нағыз шебері болуға тырысыңыз.

Сұхбаттасқан

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА

Тегтер: еңбек адамы
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз