Қоғам

Энергетика министрі бензин бағасының қымбаттауына қатысты пікір білдірді

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бензин бағасының өсуіне байланысты түсініктеме беріп, жанармай құнының күрт қымбаттағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Бензин

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта бензин бағасы орта есеппен 3-4 теңгеге ғана көтерілген.

– Бізде жанармай бағасын мемлекеттік реттеу алынып тасталған. Баға ішкі сұраныс пен ішкі ұсынысқа байланысты қалыптасады. Мендегі мәлімет бойынша, өсім небәрі 3-4 теңгені құрады. Сондықтан бензиннің 10 теңгеге қымбаттағаны туралы айтылып жүрген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, – деді Ерлан Ақкенженов Мәжіліс кулуарында.

Сонымен қатар министр жаз мезгілінде жанармай бағасы өзгермейді деп нақты кепілдік бере алмайтынын айтты. Оның сөзінше, баға динамикасы нарықтағы жағдайға байланысты болады.

– Бағаны мемлекет емес, нарық белгілейді. Егер нарық қатысушылары қазіргі жағдайда бағаны 3-4 теңгеге көтеруді орынды деп санаса, сол деңгейде қалыптастырады. Бұл – нарықтық механизм, – деді ведомство басшысы.

Ақкенженов әлемдік мұнай бағасында да айтарлықтай күрт өсім байқалмай отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, мұнайдың бір баррелі шамамен 93,5 АҚШ доллары деңгейінде саудалануда. Министр қазақстандықтарды алаңдамауға шақырып, Энергетика министрлігі ішкі нарықтағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.

Оның айтуынша, ведомство жанармай нарығындағы тұрақтылықты сақтау үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз