Live

Энергетика министрлігі Қазақстандағы жанармай нарығына қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстанда қазіргі уақытта жанар-жағармай тапшылығының туындау қаупі жоқ.

Бензин қымбаттайды

Бұл туралы Энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікбаева мәлімдеді.

Оның айтуынша, ішкі нарықта жазғы және туристік маусымда тұтынушыларды үздіксіз қамтамасыз етуге жеткілікті мұнай өнімдерінің қоры қалыптасқан.

«Елдегі мұнай өнімдерінің жалпы қоры 1,1 миллион тоннадан асады. Оның ішінде АИ-92 және АИ-95 маркалы бензин, сондай-ақ дизель отыны бар. Бұл қорлар тұрақты түрде мұнай өңдеу зауыттарының өндірісі есебінен толықтырылып отырады», – делінген хабарламада.

Министрлік бұған дейін енгізілген мемлекеттік реттеу шараларының әлі де күшінде екенін еске салды. Атап айтқанда, биылғы 21 қарашаға дейін автомобиль және теміржол көлігі арқылы мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға уақытша шектеу қойылған.

Бұдан бөлек, бір көлік құралының мемлекеттік шекарадан тәулігіне бір реттен артық өтуіне тыйым салатын талап қолданыста.

20 маусымнан бастап шекарадағы өткізу бекеттерінде бақылау күшейтілді. Оған Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті және Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкерлері тартылған.

Министрлік мәліметінше, ел ішіндегі жағдай да Үкімет пен уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында. Өңірлерде әкімдердің жетекшілік ететін орынбасарларының төрағалығымен арнайы штабтар жұмыс істейді.

Қазір жанармай құю станцияларындағы қор көлемі тексеріліп, жанар-жағармайды заңсыз сыртқа шығаруға жол бермеу және сатушылардың негізсіз әрекеттерін анықтау бойынша күшейтілген нысаналы тексерулер жүргізіліп жатыр.

Сонымен бірге Энергетика министрлігі Қазақстанда автокөлік отынының бөлшек саудадағы бағасы мемлекет тарапынан реттелмейтінін, оның тек нарық қағидаттары негізінде қалыптасатынын еске салды.

Бұған дейін министрлік Маңғыстау облысы мен Атырау облысы өңірлеріндегі автогаз мәселесіне де түсініктеме берген болатын. Ведомствоның мәліметінше, сұйытылған мұнай газын жеткізу тұрақты режимде және ай сайынғы есептік қажеттіліктен жоғары көлемде жүзеге асырылып жатыр. Бұл жағдай да Энергетика министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында.

Тегтер: жанармай
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз