Ерболат Жанәбілов жұбайының отбасылық жанжалға қатысты жариялаған видеосынан кейін қамалды
Астана полициясы Эльмира Төлегенованың әлеуметтік желіде жариялаған видеосына байланысты Ерболат Жанабыловқа қатысты шара қабылдады.
Әйел видеода жұбайымен жанжалдасқанын айтып, қолындағы қызарған іздерді көрсеткен.
Полицияның мәліметінше, Төлегенова арыз жазудан бас тартқан. Соған қарамастан, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекетке байланысты Жанабыловқа әкімшілік материал толтырылып, ол уақытша ұстау изоляторына орналастырылған.
Кейін Төлегенова күйеуімен төбелес болмағанын және оған күш қолданылмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Жанабылов екінші телефонын алып қоймақ болған, сондықтан ол пәтерге кіріп, есікті іштен жапқан. Қазір әйел балаларымен және жақындарымен бірге үйінде екенін айтты.
Полиция сондай-ақ Жанабыловтың 28 тамызда пробациялық бақылау талаптарын бұзғанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, ол сағат 22:00-ден кейін көрсетілген мекенжайда болмаған. Осыған қатысты материалдар сотқа жолданды.