Кейіпкер

Ермек ӘБІЛДИН, кәсіпкер: Әлиханның ескерткішіне Алаш аллеясынан орын бұйырмай тұр

Қарағандыда Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың ескерткіші жоқ.

Ермек ӘБІЛДИН

Ұлт қайраткерінің есімімен аталатын аудан болғанымен, оның рухын ұлықтайтын, Алаш идеясын бүгінгі ұрпаққа танытатын нышандар әлі де аз.

Қоғам белсендісі, "Ақ жол" партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, кәсіпкер Ермек Әбілдин бірнеше жылдан бері қала билігіне Әлихан Бөкейхановқа ескерткіш орнату туралы ұсыныс айтып келеді. Алайда әзірге нақты шешім жоқ. Биыл Алаш көсемінің туғанына 160 жыл толды. Осы орайда ескерткіш мәселесі неге созылып кеткенін, Қарағандыдағы кеңестік кезеңнен қалған атаулардың әлі күнге дейін неге өзгермейтінін қоғам белсендісінен сұрадық.

– Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Туған жерінде Алаштың үш арысына арналған ескерткіш бар. Ал Қарағанды қаласында Әлиханның жеке ескерткіші жоқ. Мұның себебі неде? Ескерткіш орнату соншалықты қиын ба?

– Биыл ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың туғанына 160 жыл толды. Бұған дейін де Қарағандыда ескерткіш орнату туралы бірнеше рет ұсыныс жасадық. Тіпті мемлекеттік тапсырыс аясында ескерткіштің эскизі әзірленіп, мердігерлер өз нұсқасын ұсынған еді. Бірақ біз оған келіспедік. Өйткені Әлиханға шапан кигізіп, көзіне көзілдірік тағып, қолына таяқ ұстатып қойған. Бір қарағанда, ұлт көсемінен гөрі, көпеске ұқсап кеткен. Оның үстіне бет-бейнесі де Әлиханға келмейді. Сондықтан таяғын алып тастау, шапанын өзгертуді талап еттік.

Қазір ескерткіштің орналасатын жеріне қатысты мәселе шешілмей тұр. Билік оны "Таза Қазақстан" деп аталатын алаңға қоюды ұсынды. Ол – Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс ауданының арасындағы, әзірге бос жатқан аумақ. Меніңше, Әлихан Бөкейханов секілді ұлт көсемінің ескерткішін қаланың шеткері тұсындағы бос алаңға қоя салу дұрыс емес. Алаш қайраткерлерінің басты мақсаты – қазаққа тәуелсіз мемлекет алып беру еді. Олар сол жолда жанын құрбан етті. Ал біз бүгін сол тұлғаларды лайықты деңгейде ұлықтай алмай отырмыз.

Қарағандыда кезінде "Алаш аллеясы" деп аталған орын бар. Қазір ол "Сарыарқа дарыны" деп аталады. Ортасында ту тұратын флагшток бар. Мен Әлиханның ескерткішін сол жерге, туға қарама-қарсы тұсқа орнатуды ұсынып жүрмін. Бұл орынның өзі Алаш идеясын ұлықтауға лайықты деп есептеймін. Алайда билік бұл ұсынысымызды әзірге қабылдаған жоқ. Ең өкініштісі, кезінде Алаш аллеясы деп аталған жерде де Алаш арыстарына қатысты ешқандай белгі жоқ. Алаштың рухын сездіретін нышан да көрінбейді. Бұл орынды ресми түрде "Алаш аллеясы" деп атаған да жоқ. Бастапқыда ұлтжанды азаматтардың талабына жауап ретінде осындай атау айтыла салды ма, оны білмеймін. Сол алаңды тәуелсіздік үшін күрескен тұлғаларға тағзым ететін, кейінгі ұрпақ олардың кім болғанын біліп өсетін орынға айналдырсақ деймін. Әлиханның ескерткіші де сонда тұрса, құба-құп болар еді.

– Қарағандыдағы Әлихан Бөкейханов атындағы ауданда ұлт қайраткерінің суреті бір үйдің қабырғасына ғана салынған. Ал Алаш зиялыларын ұлықтайтын өзге нышандар байқалмайды. Оның үстіне ауданның өзін Әлиханның атымен атауға да оңайлықпен қол жеткізілген жоқ қой…

– Қарағандыда екі аудан бар: бірі – Қазыбек би атындағы аудан, екіншісі – Әлихан Бөкейханов атындағы аудан. Бұрын бұл аудан Октябрь деп аталатын. Оның атауын Әлихан Бөкейхановтың есімімен өзгерту үшін он жылдан астам уақыт күресуге тура келді. Ақыры 2022 жылы бұл мақсатымызға жеттік. Бірақ аудан атауы өзгергенімен, ондағы кеңестік кезеңнен қалған атаулардың бәрі бірдей жойылған жоқ. Бір өкініштісі, Алаш зиялыларын қуғындаған, соттаған, қысым көрсеткен кеңестік жүйенің тұлғаларына қатысты атаулар әлі де бар. Кейбір мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға қарасты мекемелердің атауларында да сол кезеңнің ізі қалған. Мәселен, Бөкейханов ауданына қарасты Пришахтинскіде полиция бөлімі әлі күнге дейін Кировтың атында. "Теплотранзит" мекемесінде Ленин атындағы бригада бар. Аудандағы жалғыз саябақтың өзі ВЛКСМ-ның 40 жылдығы деген атауды иеленіп отыр. Мұны қалай түсінуге болады? Кеңестік империяның сарқыншағынан әлі күнге дейін арыла алмай келеміз. Сонда біз кімнен қорқамыз?

Бірнеше рет осы атауларды өзгертуді ұсындық. Ресейдің өзінде көшелер мен саябақтардың ғана емес, тұтас қалалардың атауы өзгертілді. Мысалы, Ленинград қазір Санкт-Петербург деп аталады. Ал біз неге өз тарихымызға лайықты өзгеріс жасай алмаймыз. Тіпті Қарағандының Орталық саябағының да кеңестік кезеңнен қалған ресми атауы бар. Оған "Тәуелсіздіктің 30 жылдығы" деген атау беруді ұсындым. Мұндай атауға кім қарсы болар еді? Тәуелсіздігімізді ұлықтаудан неге тартынуымыз керек?

– Сонда мұндай атауларды өзгертуді ұсынғанда, ең алдымен қай тараптан қарсылық болады?

– Әдетте мұндай ұсыныстарға алдымен жергілікті жердегі мәдениет бөлімдері қарсы шығады. Одан кейін облыстық мәдениет басқармасы, содан соң әкімдік өкілдері қарсылық білдіреді. Неге қарсы болатынын түсінбеймін. Мәселен, биыл Әлихан Бөкейхановтың туғанына 160 жыл толғандықтан, ескерткіш орнату мәселесін көтердік. Сонда мәдениет саласының өкілдері 160 жыл атаулы датаға жатпайтынын, 165 жылдығында орнатуға болатынын айтты.

Мен оларға: "Жарайды, егер 165 жылдығына дейін күтетін болсақ, онда ескерткіштің орнын қазірден бастап нақтылап, эскизін әзірлеп, оны қоғамдық талқылауға неге ұсынбасқа?", – дедім. Өйткені ескерткіш дегеніміз – бүгін орнатып, ертең алып тастайтын дүние емес. Ол – ұрпақтан-ұрпаққа қалатын мұра. Сондықтан оған салғырт қарауға болмайды. Ескерткіш тек қаланың сәнін келтіру үшін қойылмайды. Ол – тағзымның, тарихи жадының белгісі. Әлихан Бөкейхановқа ескерткіш орнату мәселесінің әлі күнге дейін бір шешімге келмеуі көңілге қаяу түсіреді.

– Қала билігімен ескерткіштің орны жөнінде келісе алмай жүргенде, белсенділер ұйытқы болып Алаш көсемінің туған жерінде бірқатар жұмыс атқарылған екен. Сол туралы айтып берсеңіз?

– Мен өз тарапымнан Әлихан Бөкейхановтың рухын қастерлеу, есімін бүгінгі ұрпақтың жадында сақтау мақсатында біраз шара атқарып жүрмін. Қайраткердің туған жері Ақтоғай ауданында Жекежал деген қыстау бар. Сол жерде тазалық және қалпына келтіру жұмыстарын жүргіздік. Арамшөптерін жұлып, қоқыстарын шығардық. Әлихан Бөкейхановтың өзі туып-өскен үйі, әулеті тұрған екі бөлмелі үй болған. Бұл кейін бастауыш мектеп болған. Сол үйдің іргетасын биіктетіп қойдық. Одан әрі тауда қара тас бар. Ол "Хан тағы" деп аталады. "Әлихан осы жерде отырып, ойға шоматын болған" деген дерек айтылады. Қазір бұл жерге жыл сайын еліміздің әр өңірінен туристер мен жастар келеді. Келген адамдар бұл орынның тарихын біліп жүрсін деген ниетпен қара тасқа жақын жерге мәлімет жазылған ескерткіш тақта орнаттық. Бұл жұмысты Әлихан Бөкейханов атылған күн – 27 қыркүйекте жүзеге асырдық.

Біздің мақсатымыз – Алаш ардақтысының есімі ұмытылмасын, кейінгі ұрпақ оның қазақ мемлекеттілігі жолындағы еңбегін білсін деген ой. Осы бағытта үлкенді-кішілі шаралар ұйымдастырып келеміз. Алда да жоспарларымыз бар. Оны уақыт көрсетер.

Сұхбаттасқан

Арайлым Еркебаева,

Қарағанды облысы

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз