Сараптама

Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты іс: күдікті 11 жылға сотталды

Сот бұрынғы шенеунік Ержан Бабақұмаровты өлтірді деп айыпталған Астана тұрғынын кінәлі деп таныды. Оған нақты жаза тағайындалды.

Ержан Бабақұмаров

Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына Астана қаласы сотының берген жауабына сәйкес, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім осы жылдың 20 ақпанында шығарылып, заңды күшіне еніп үлгерді.

"Басты сот талқылауы жабық сот отырысында өткендіктен, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес іс бойынша өзге де мәліметтер жарияланбайды", - деп хабарлаған елордалық сот.

Ержан Бабақұмаровтың өлімі

Ержан Бабақұмаров 2025 жылдың 30 қазанында қаза тапты. Полиция мәліметінше, ол соққыға жығылған. Алдын ала анықталғандай, бұрыннан таныс адамдар арасында сөз қақтығысы туындап, ол төбелеске ұласқан. Алған жарақаттарының салдарынан 56 жастағы Бабақұмаров қайтыс болды.

Сотқа іс материалдары Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі ("Адам өлтіру") бойынша түсті. Іс бойынша күдікті ретінде 37 жастағы Е.К. өтті.

26 қаңтарда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ержан Бабақұмаровты өлтіру ісі бойынша алдын ала тыңдау басталды.

Отырыс басталған бойда тараптар сот процесін жабуды сұрап, сот өтінішхатты қанағаттандырды.

Күдікті туралы не белгілі

Ержан Бабақұмаровты өлтірді деген күдікті бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 2025 жылдың сәуірінде ол Астанадағы пәтерінде азаматтық некедегі әйелін сабаған.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, жанжал кезінде ер адам әйелдің бетінен екі рет және қабырғасынан екі рет ұрған. Нәтижесінде ол орташа ауырлықтағы жарақаттар алды: қабырғалары мен көз шарасы сынып, бас сүйегі мен мұрын қуысы зақымдалған.

 Ержан Бабақұмаров
Фото: ашық дереккөз

Ержан Бабақұмаров кім болған

Ержан Бабақұмаров 1969 жылы 2 наурызда Талдықорған облысында дүниеге келген. Саяси ғылым кандидаты.

Ол 1996 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. Оның атқарған қызметтерінің қатарында:

  • Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары және Ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі;

  • Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы және вице-министрі;

  • Премьер-министр Кеңсесі басшысының орынбасары;

  • Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры;

  • Президент кеңесшісі – Әкімшіліктің Талдау және болжау орталығының меңгерушісі.

2019 жылдың шілдесінен 2022 жылдың ақпанына дейін ол Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз