Есірткі десе, ең алдымен Шу еске түседі
Соңғы жылдары елімізде есірткіге үйір жастардың саны артып, тиісінше олармен күресудің жолдары да күрделене түскен.
Ақыл-есі сау адамды ессіз күйге түсіріп, есіртіп-еліртетін есірткіге бүгінде талай адам құрсаулы. Ол біреулер үшін бірер сәттік ләззат болса, белгілі бір топтар үшін қомақты қаржы көзіне айналған. Көлеңкелі бизнестің көрігін қыздырып тұрған есірткі саудасы жайында сөз қозғалғанда, Жамбыл облысының аумағындағы Шу алқабы бірінші кезекте еске түседі. Қазіргі таңда Шуда қарасора өсетін алқаптың жалпы аумағы 140 мың гектарға жуықтаған. Бұл ретте Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы биылғы жылдың алғашқы бес айында есірткіге байланысты 205 қылмыстық іс анықталғаны, оның 42-сі Шу ауданында тіркелгені жайындағы мәліметті алға тартты.Яғни Жамбыл облысында жыл басынан бергі бес айдың ішінде бір тоннаға жуық есірткі заттары тәркіленсе, оның 170 келіден астамы Шу ауданынан тәркіленген. Олардың қатарында үш келі героин, 23 келі гашиш және 144 келі марихуана бар. Шу ауданындағы «Дельта-Долина» ауданаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері ағымдағы жылдың алғашқы айы – қаңтарда Еңбек ауылының тұрғынын 21 келі 90 грамм кептірілген марихуанамен ұстаса, артынша, ақпан айының басында Шу ауданындағы Тасөткел ауылының тұрғыны 6 келі 400 грамм гашишпен ұсталған. Арнайы іздестіру жұмыстары барысында аталған тұрғынның үйінен тағы да 12 келі 500 грамм кептірілген марихуана табылған. Сонымен қатар наурыз айында Шу қаласының тұрғыны үш келіге жуық героинмен ұсталыпты.Бүгінгі таңда Жамбыл облысы бойынша наркологиялық диспансердің есебінде 1622 адам тұрған болса, оның 897-сі нашақор ретінде тіркелгендер. Бұл ретте төрт адамның есірткіні шамадан тыс қолданып, өз өмірлерімен қоштасқаны жайындағы ресми ақпарат бар.Апиынға арбалып, марихуанаға масайрағандардың арқасында тірлігін дөңгелеткен қылмыстық топтар қалталарының қалыңдай түсуі үшін нашақорлардың саны арта түсуіне мүдделі екені айтпаса да белгілі. Ал оның алдын алу бойынша облыстық ішкі істер департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы бүгінгі күнге дейін бірнеше іс-шараны қолға алып, жұмыстар жүргізіп жатқанын айтады. Солардың бірі – Шу ауданында маусым және қазан айлары аралығында өтетін «Көкнəр» жедел-профилактикалық іс-шарасы. Бұл шараның дәл осы айларда өткізілуінің де өзіндік себебі бар. Өйткені осы үш-төрт ай аралығында есірткітұқымдас өсімдіктердің көбейетін жəне пісетін уақытымен тұспа-тұс келеді.«Дәстүрлі «Көкнәр» шарасы Шу алқабынан каннабистік топтағы есірткі дайындаумен, шығарумен айналысатын адамдарды құрықтау, сондай-ақ «ауған» есірткі арнасының транзитін жою, каннабистік топтардағы есірткінің алғашқы шығарылатын жері ретіндегі есірткі өндірісін жоюды мақсат тұтады. Сонымен бірге қылмыстық жолмен қаржы табумен айналысатын топтарды түп-тамырымен ұстау да шараның басты міндеттеріне кіреді. Осы мақсатта аудандағы негізгі магистральдік жолда «Рубеж-Есірткі» деп аталатын төрт жылжымалы бекетті құру арқылы өңірдегі нашақорлық жəне есірткі қылмысы деңгейін төмендету қолға алынған. Аталған бекеттер аудан аумағында тәулік бойы жұмыс істейді. Түнде қолданылатын қазіргі заманғы техникалық құралдармен жабдықталған мобильдік жедел-іздестіру топтары да есірткі бизнесіне тосқауыл болу үшін білек сыбана жұмыс істеуде. Жамбыл облысы бойынша арнайы мақсаттағы иіс сезгіш иттер де бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді», – дейді Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Асхат Алметов.Дей тұрғанмен, құмды өлкеде есірткі бизнесімен айналысушылар саны да, нашақорлар қатары да азаяр емес. Оған себеп – есірткі таратушылардың өрімдей жастарды «инеге отырмасаң болды, иіскеп көрген нашақорлыққа жатпайды» деп шырмауына түсіретінінен болса керек. Ал, шындығына келгенде, оның дәмін бір рет татқан адам сол кеселдің тұтқыны болып шыға келетінін статистика көрсетіп отыр. Сондықтан Жамбылда басталған есірткіге қарсы «Көкнәр» шарасына іске сәт дейміз.Нұрболат ӘЛДИБЕКЖамбыл облысы