«Ескі Қазақстан» өкілдерінің Дубайдағы жылжымайтын мүліктері анықталды
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарының, Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің және «Ескі Қазақстанның» басқа да өкілдерінің Дубайдағы жылжымайтын мүліктері анықталды. Бұл туралы Vlast.kz басылымы жариялады.
Басылым мәліметінше, экс-президенттің екінші әйелі Құрманбаева 2000-шы жылдары «оффшорлық компаниялар арқылы Назарбаевтың жақын адамдарынан 30 миллион доллар алған».
«Әсел Құрманбаева. Қызметі: «Астана Балет» театрының арт-жетекшісі. Отбасылық байланыстары: бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі. Дубайдағы жылжымайтын мүлік: құны 270 мың доллардан асатын пәтер. Дубайдағы аумақ - Палм-Джумейра – сәнді жылжымайтын мүліктері мен люкс қонақ үйлері бар жасанды арал», - делінген хабарламада.
Ал, Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің әйелі Венера Баймырзаевадан ондаған жылжымайтын мүлік табылған.
«Венера Баймурзаева. Мамандығы: Кәсіпкер. Отбасылық байланыстары – Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің жұбайы. Дубайдағы жылжымайтын мүлік: жалпы құны 4,3 миллион доллардан асатын 50-ден астам жылжымайтын мүлік», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы басшысы Берік Имашевтың ұлы Әлжан Имашевтың Дубайда, Назарбаевтың екінші әйелі қоныстанған жасанды аралда құны 1 миллион доллардан асатын пәтері болғаны айтылады.
Ал, құны шамамен 210 мың доллар тұратын пәтер Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы басшысы Имашевтың әйелі Лейла Айдарбековаға тиесілі болған.
Сонымен, Дубайдағы жылжымайтын мүлкі бар «Ескі Қазақстанның» өкілдері:
- Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовтың әйелі Бағда Баталова - элиталық тұрғын үй кешенінен құны шамамен 210 мың доллар тұратын екі бөлмелі пәтер;
- сотталған бұрынғы қорғаныс вице-министрі Бағдат Майкеев - құны 500 мың доллардан асатын пәтер;
- бұрынғы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың әйелі Дина Қасымова - құны 400 мың доллардан асатын бір бөлмелі пәтер;
- «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бұрынғы басшысы Алик Айдарбаевтың ағасы Ержан Айдарбаев - жалпы құны 570 мың доллардан асатын екі бөлмелі 3 пәтер;
- Назарбаевтың немере інісі, сотталған және түрмеде жазасын өтеп жатқан Қайрат Сатыбалды – құны 2,2 миллион доллардан асатын бес пәтер;
- Дариға Назарбаеваның күйеуі Қайрат Шәріпбаевтың қызы – Қорлан Шәріпбаева – шамамен 250 мың доллар тұратын пәтер;
- Қаңтар оқиғасы бойынша тергеліп жатқан Ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысы Ерлан Тұрғымбаевтың ұлы Марлен Тұрғымбаев - құны 347 мың доллар тұратын пәтер;
- Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Даниал Ахметовтың ұлы Талғат Ахметов - құны шамамен 1,6 миллион доллар тұратын вилла;
- Түркістан облысының экс-әкімі Өмірзақ Шөкеевтің ағасы Серік Естай жұбайы Айжан Асановамен – жалпы құны шамамен $1,7 млн болатын 8 пәтер;
Сондай-ақ тізімде Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиевтің ісіне қатысы бар және екеуімен де тығыз байланыста болған құқық қорғау органдарының бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері Сергей Кузьменко да бар. Кузьменконың Дубайда құны 348 мың доллар тұратын екі бөлмелі пәтері бар екені анықталған.
Фото: KazTag