Саясат

Еститін мемлекетте Көлгінов көрмейді, үкімет естімейді

Қарашаның 4-і күні астанада мемлекеттік қызметкерлер ерекше наразылық шарасын өткізді.

Еститін мемлекетте Көлгінов көрмейді, үкімет естімейді

Олар әдеттегідей қас қарайған шақта қолдарына шенеуніктердің портреттерін ұстап, аулаға шықты. Егер саясаттанушылар, әлеуметтанушылар осы наразылыққа назар аударса, бұл өзі тәуелсіз Қазақстан тарихындағы терең зерттеуге тұратын елеулі құбылыс болар еді. Өйткені бұрын-соңды бюджет пен мемлекеттік қызметке қатысы барлар, оның үстіне елбасы тұрғызған қаланың тұрғындары дәл осылайша жергілікті билікке наразы болып көрген емес.

Сөз басында әдеттегідей деуіміздің себебі бұл наразылық сонау көктемнің басында басталған және содан бері басылмай келеді. Есіл ауданының  тұрғындары көктемнен бері қала әкімі Алтай Көлгіновті «кешкі» кездесуге шақырып жүр. Кездесуге кешке шақыратын себебі – тұрғындардың көбі күндіз мемлекеттік немесе бюджеттік қызметте.  

Мұндағы басты мәселе мынау: әкім Алтай Көлгінов қала тұрғындарын қара суықта, қас қарайған уақытта қан қақсатып, кездесуге келмей жүр.

Жалпы, теледидардан өте әдемі көрінетін Нұр-Сұлтанның сол жағалауында бүгін түйіні шешілмесе, ертең әлеуметтік қақтығысқа итермелейтін үлкен проблема бар. Ол – үш ауысымды мектеп. Иә, жап-жаңа қалада үш ауысымды мектеп көп. Бұрынырақта жергілікті билік мектептің жетпей жатқанын арман қалаға көшіп келушілердің көптігімен түсіндіретін. Қазір бұл сылтауға жұрт сенбейді. Өйткені коммерциялық биік-биік тұрғын үйлер бірінен кейін бірі салынып жатса, ал мектеп пен  оқушылар сарайына келгенде құрылысқа не қаржы, не жер телімі кем болып шығады.

Бүгінде мектептің жетіспеуі, үш ауысымды оқытудың әуресі  ата-аналардың жүйкесін жұқартып бітірген. Балаларына сапалы білім бергісі-ақ келеді. Ал мемлекеттік мектепте бір сыныпта қырық бала отырғанда қайдағы сапа? Содан ата-аналар репетитор жалдауға мәжбүр. Олардың бағасы да аспандап тұр. Қысы алты айлық астанада баланы репетиторға, үйірмеге тасу да оңай емес. Ал нағыз оқитын кезде оқымаған бала көп кешікпей-ақ қиын балаға айналып, қылмыс әлеміне  қосылады. Жастар ұрлығы, кісі тонау, ішімдік, нашақорлық, зорлық өршігелі тұрған сондай ауданның бірі ­ сол жағалаудағы №59 лицейдің айналасы болып тұр.

Осы ауданның тұрғындары Қабанбай батыр даңғылы мен Сығанақ көшелерінің қиылысында, яғни сол жағалаудың ортасында бос жатқан соңғы жер теліміне әкімдік мектеп пен оқушылар сарайын салып берсін дейді. Тұрғындардың бұл талабы жаңа мектеп пен оқушылар сарайы өз үйіміздің қасымызда болсын деген әңгіме емес. Өйткені талас тудырып жатқан жер телімі, шындығында, тоғыз жолдың торабында тұр. Мәселен, қала әкімдігі Қабанбай даңғылын 92 млрд теңгеге қайтадан жасағалы жатыр. Оған қоса, «мектеп пен оқушылар сарайы салынсын» деген жердің дәл түбінен әзірге құрылысы тоқтап, басы дауға қалған ЛРТ жеңіл рельсті транспорт жобасының жардай қазықтары қағылып қойған. Әкімдік бұл жобаны да аяқтауға бейіл. Егер Қабанбай батыр даңғылы одан әрі кеңейіп, ЛРТ іске қосылса, оның жолындағы әуежай мен теміржол бағытында тұратын тұрғындар үшін жаңадан салынатын мектеп пен оқушылар сарайы керемет сыйлық болар еді. Оның үстіне шағынауданнан орталыққа қатынайтындар үшін де бұл жер өте ыңғайлы.

Бірақ қала әкімдігі тұрғындардың бұл қалауын ескергісі келмейді. Әлгі жерге 18-24 қабатты жалпы саны 1000-нан астам пәтері бар тұрғын үй кешендерін салғысы келеді. Алайда тұрғындар бұл құрылысқа қарсы шығып, әкімдік күтпеген бір қызықты бастап кетті.  

Мамыр айында наразылық жұмысын бастаған белсенді топпен бастапқыда қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов «апта сайын кездесейік, диалогқа дайынбыз» деген. Бірақ іс жүзінде әкімдік белсенді топпен үш отырыс өткізген соң, олардан ат-тонын ала қашып, есіктерін іштен жауып алды. Неге? Белсенді топтың мүшесі, қала жобалау маманы Олжас Биляловтың  журналистерге айтуынша, қала әкімдігі салынатын кешен  құрылысының дұрыс-бұрыстығына қатысты қарапайым сұрақтарға жауап бере алмай жүр.

— Үш заңсыздықты байқадық. Біріншісі – құрылыс жобасына келісім берген қалалық кеңес пен оны қолдаған әкімнің құжаты жоқ. Көпшілікке түсінікті болу үшін айта кетейін, қала құрылысы жобасында әкім жеке өзі жер бөліп таратып немесе 35 қабатты үй салуға өзі дара шешім шығара алмайды. Ондай шешімді шығаратын астана үшін арнайы құрылған қалалық кеңес бар. Салынатын ғимараттың көрінісі, биіктігі қандай боларын осы қалалық кеңес шешеді. Енді қараңыз, сөз етіп отырған алаңқайда құрылыс салуға шыққан шешімнің құжаты, хаттамасы жоқ. Ал қалалық кеңесте жобаны құрылыс жүргізуші мен жобалаушы қорғауы керек. Заң бойынша қала әкімі қалалық кеңесте алаңқайдағы құрылысқа шешімін айту керек болған. Бірақ бізге қала әкімінің орынбасары Нүркенов қол қойған хаттаманы қолымызға ұстатты. Қала билігі ұстатқан бас жобаға қарасақ, алаңқайдың 70 пайызына 10-17 қабатты тұрғын үй кешені салынады деген жазуды көрдік. Олай болса, 24 қабатты үй салуға кім рұқсат берді? Қаланың бас жобасы үкімет қаулысымен бекітіледі және ол қаулы әкімнің кез келген шешімінен жоғары тұрады. Ал қалалық сәулет басқармасы бізге келгенде «бәрі генпланмен» дейді. Өздеріне 24 қабатты үй қажет болғанда генпланды ысырып  қояды. Заңдылық жағын қарасақ, қаланың бас жобасы қала құрылысының ата заңы. Оны аяқасты етуге болмайды. Ал мына жағдайда бас жобада көрсетілген 10-17 қабатты 24-ке өзгертіп тастаған. Кім өзгерткенін айтпайды, – дейді белсенді топ өкілі Олжас Билялов.

Бір қызығы, тұрғындар ресми орындарға қайта-қайта ашық хат жазып, шерулетіп, наразылықтарын үдете бастағанда қала әкімдігі әлгі таласқа түскен жердің бір бұрышына мектеп салып беруге келіскен. Алайда тұрғындар оған да разы емес. Өйткені әкімдіктің бұл ісі де заңсыз екен. Заңсыздығы сол – әкімдік «генпланда» тұрғындарға арналған жасыл желекті аймақ деп белгіленген жерге мектеп сала салмақ. Ал астананың «генпланы» тек премьер-министрдің қаулысымен өзгереді.  Қала әкімі Алтай Көлгіновте ондай құзырет жоқ дейді тұрғындар.

— Белсенді топ жобалаушылар мен кескіндеушілердің құжатынан 24 қабаттың емес, 26 қабатты үйді санап шықты. 25 қабаттан асатын үй құрылысы өте қауіпті нысан болып есептелінеді. Ал 24 қабатты үйді жобалаушы компанияның категориясы екінші деңгейлі, жұмысын бастағанына алты ай ғана болыпты. Лицензияны сатып алатын мұндай шағын компаниялар көп. Ал ертең бір жағдай болса ше? Жоба қауіптілігі өте жоғары. Тұрғындар қала заңнамасында өздерінің құқығы, таңдауы бар екенін түсінуі керек. Ал біздің құқығымыз бен таңдауымызды аяққа таптап жатыр. Сауатты сәулетші жоба сызғанда демалатын жерді, демографиялық өсімді, таза ауамен қамтамасыз ететін саябақты, тағысын тағыларды ескереді және мұндай талаптары қарастырылмаған жобаны қалалық кеңесте өткізбеуі керек, – дейді Олжас Билялов.

Байқадыңыз ба, үш ауысымда оқитын балаларға жаңа мектеп салдыра алмай жүрген астана тұрғындары тұрғын үй кешенін салудағы әкімдіктің заңсыздықтарын әшкерелеп кеткен. Айта кетерлігі, заңға жетік тұрғындар әкімдікке «жұмыс тобын бірігіп құрайық, бірге ақылдасайық, мұндай амал заңда да жазылған» деумен келеді. Былай қарасаңыз, нағыз азаматтық қоғамның белсенділігі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан еститін мемлекетке аса қажетті элемент. Алайда Алтай Көлгіновтің өзі де, әкімдігі де еститін мемлекетте отырып, тұрғындардың талаптарын естімегендей, көрмегендей боп келеді. Әкім көрмедім, естімедім, айтпадым дегендей кейіп танытып жүргенде, бұл мәселені кейбір депутаттар көтеріп үлгерді. Мәселен, жақында ғана парламент мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова премьер-министрге сауал жолдап, тұрғындар сұратқан құжаттар мен талаптарға үкіметтің құлақ асуын сұрады.   

Ал тұрғындардың талабы көп емес – жаңа басталған тұрғын үй кешенінің құрылысын тоқтату, тұрғын үй кешені салынады деген жерді мемлекет иелігіне кері қайтару.  Жер телімін заңсыз берген, құрылыс құжаттарын заңсыз рәсімдеген мемлекеттік қызметкерлерді жауапқа тарту. Сосын, дау тудырған жерге мектеп пен оқушылар сарайын салдыру. Осы талаптан қайтпаймыз деген тұрғындар әдеттегідей жұмыстарынан кейін, үйлеріне жеткен қас қарайған шақта білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, бала құқығын қорғаушы Аружан Саин мен қала әкімі Алтай Көлгіновке үндеу жасап, құрылыс алаңының маңына наразылыққа шықты. Айтпақшы, астанадағы мектеп жетіспеушілігі, үш ауысымды мектеп жайын шешуге білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те ашық үн қатып жүрген жоқ.

Ал белсенділер қала әкімі Алтай Көлгінов, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және қазақ билігі біз көтерген мәселені көрмегендей, естімегендей болып ештеңе айтпаймыз деп отыра берсе, онда халықаралық ұйымдарға қазақ билігі бала құқығын қорғамай, білім алуына жағдай жасамай жүр деген шағым түсірмек.

Тегтер: Без Тега
Қылыш Сламжан
Қылыш Сламжан Қылыш Сламжан

Оқыңыз