Еуропадағы аптап ыстықтан 10 мыңнан астам адам көз жұмды
Маусым айының соңында Еуропаны шарпыған аптап ыстық салдарынан 10 мыңнан астам адам қайтыс болды.
Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) қолдауымен жұмыс істейтін EuroMOMO еуропалық өлім-жітімді мониторингілеу бағдарламасының деректеріне сілтеме жасаған Deutsche Welle хабарлады.
Мамандардың айтуынша, аптап ыстықтан көз жұмғандардың басым бөлігі – егде жастағы адамдар. Қаза болғандардың 9 мыңнан астамы 65 жастан асқан азаматтар.
Дәрігерлердің түсіндіруінше, ауа температурасының күрт көтерілуі тек күн өту қаупін арттырып қана қоймай, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйесі ауруларының асқынуына да себеп болады. Мұндай жағдайды қарт адамдар ең ауыр көтереді.
Зерттеушілер Еуропаның 27 еліндегі статистиканы саралаған. Соңғы маусым аптасында «артық өлім-жітімнің» ең жоғары көрсеткіші Франция мен Бельгияда тіркелген.
Жекелеген елдердегі зерттеулер де алаңдатарлық мәліметтерді көрсетіп отыр:
-
Германияда Роберт Кох институтының мәліметінше, маусымдағы аптап ыстықтан шамамен 5100 адам көз жұмған. Қайтыс болғандардың 80 пайыздан астамы 75 жастан асқан, олардың басым бөлігі – әйелдер.
-
Ұлыбританияда (Англия мен Уэльсте) аптап ыстық салдарынан шамамен 2700 адам қайтыс болған.
-
Еуропаның 12 ірі қаласы бойынша жүргізілген жеке зерттеу Милан, Париж және Барселона тұрғындары ең көп зардап шеккенін көрсетті. Бұл үш қалада жалпы 2300-ге жуық адам көз жұмған.