Forbes: Wildberries сатушыларының ықтимал шығыны 280 млрд рубльге дейін жетуі мүмкін
Wildberries маркетплейсі арқылы сауда жасайтын сатушылардың ықтимал шығыны алдын ала есеп бойынша 215-280 млрд рубльге жетуі мүмкін.
Бұл туралы Forbes басылымына Data Insight зерттеу агенттігінің жетекші сарапшысы Сергей Семко мәлімдеді. Бұл есепке Владимир облысындағы Wildberries логистикалық орталығына жасалған соңғы шабуылдың шығыны кірмеген.
Компанияның өзі дрон шабуылдарынан келген жалпы шығын көлемін әзірге жариялаған жоқ.
Украина шабуылдарынан қанша сатушы зардап шеккені де нақты белгісіз. SellerDen маркетплейс сатушыларына арналған сервистер экожүйесінің бас директоры Денис Ветренниковтің айтуынша, әңгіме бірнеше жүз мың кәсіпкер туралы болуы мүмкін.
Сергей Семконың 2 тамыздағы мәліметіне сәйкес, Wildberries-тің жарияланған 5,2 млн шаршы метр логистикалық инфрақұрылымының 893 мыңнан 1,154 млн шаршы метріне дейінгі бөлігі, яғни 17,2–22,2 пайызы зақымданған. Басылымның есебінше, логистикалық нысандарды қалпына келтіруге шамамен 80 млрд рубль қажет болуы мүмкін.
«Агентство» басылымының дерегінше, Владимир облысындағы қойма – дрон шабуылына ұшыраған Wildberries-тің 15 ірі логистикалық нысанының ішіндегі 12-сі. Оның тоғызы зақымданған, ал жетеуі шабуылдан кейін әлі күнге дейін жұмысын қайта бастамаған.
Зардап шеккен кәсіпкерлер бұған дейін қоймаларда жүздеген миллион рубль тұратын тауарларынан айырылғандарын, компания шығындарын өтемейтінін, қоймалар дрон шабуылдарынан сақтандырылмағанын және өз тауарларын алып кетуге рұқсат бермегенін айтып шағымданған.
Сатушылардың наразылығына жауап ретінде Wildberries негізін қалаушы Татьяна Ким шағымданған кәсіпкерлерді «үрей таратушылар» деп атады. Ол компанияның «террористік шабуылдармен байланысты қауіп-қатерлер» үшін жауап бермейтінін, дрон соққылары сақтандыру жағдайына жатпайтынын және заң бойынша мұндай шығынды өтеуге міндетті еместігін мәлімдеді. Сондай-ақ украиналық дрон шабуылдары басталардан 10 күн бұрын Wildberries офертасына өзгеріс енгізіп, БПЛА соққыларынан тауар жоғалған жағдайда жауапкершіліктен босатылатынын көрсеткен.
31 шілдеде Татьяна Ким компания өтемақының екі кезеңін төлегенін хабарлады. Оның айтуынша, екінші кезеңде 100 мыңға жуық шағын және орта бизнес өкілі қамтылып, олардың көпшілігіне төлемдер аударылған. Алайда нақты қандай сома төленгені жарияланған жоқ.
Сонымен қатар Ким компания кәсіпкерлерді қолдау шараларын Ресей үкіметімен талқылағанын айтты. Бірақ қандай көмек көрсетілетіні әзірге белгісіз. Бұған дейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков билік Wildberries-пен диалог жүргізіп жатқанын, алайда компанияға көмек көрсету туралы нақты шешім әлі қабылданбағанын мәлімдеген.