Францияда жанармай дағдарысы күшейді
Францияда жанармай дағдарысы ушығып барады.
Елдегі жанармай құю станцияларының 11 пайызы бензин немесе дизель отынының тапшылығына тап болған. Сонымен қатар жанармай бағасы рекордтық деңгейге дейін көтерілді,.
Франция үкіметінің ресми дерегіне сәйкес, елдегі жанармай құю станцияларының 11 пайызында кемінде бір отын түрі жоқ. Бұл көрсеткіш үшінші күн қатарынан өсіп келеді: сәрсенбі кешінде 9 пайыз болса, бейсенбіде 10 пайызға, ал жұма таңында 11 пайызға жеткен.
Ресми есептеу әдістемесінде станцияда бензиннің немесе дизельдің кемінде бір түрі болмаған жағдайда тапшылық тіркеледі. Алайда жанармайдың белгілі бір сұрыбы таусылып, басқа түрлері сатылымда қалса, ол толық есепке алынбауы мүмкін. Сондықтан басылымдар ресми 11 пайыздық көрсеткіш жүргізушілер тап болған қиындықтың толық ауқымын көрсетпеуі ықтимал екенін жазады.
Жеткізілімдегі қиындықпен қатар жанармай бағасы да қымбаттап жатыр. Reuters мәліметінше, бейсенбіде дизельдің орташа бағасы литріне шамамен 2,38 еуроға жетіп, тарихи максимумға жақындаған. Ал AFP дерегі бойынша, жұма күні орташа баға 2,39 еуродан асып, 2026 жылғы сәуірдегі рекордтан жоғарылаған.
Франция үкіметі Таяу Шығыстағы шиеленіс пен Ормуз және Баб-эль-Мандеб бұғаздарының жабылуына байланысты жеткізілімдегі үзілістер жағдайында елді жанармаймен қамтамасыз ету және бағаның өсуін тежеу шараларын қолға алғанын мәлімдеді. Билік мұнай өңдеу зауыттарына өндірісті арттыруға мүмкіндік беріп, өндіріс көлемін барынша көбейту үшін техникалық қызмет көрсету кестелерін өзгертуге рұқсат етті.
Франция премьер-министрі Себастьян Лекорню зардап шеккен салаларға берілетін атаулы көмекті жыл соңына дейін ұзартуды тапсырды. Оның ішінде балықшылардың жанармай шығынын өтеуге берілетін көмекті ұлғайту, сондай-ақ фермерлерге, құрылыс және коммуналдық кәсіпорындарға қолдау көрсету қарастырылған.