Ғалым Қалиақпаров Алматыдағы концерттерін өзі тоқтатқанын мәлімдеді
Қазақстандық стендап-комик Ғалым Қалиақпаров Алматыдағы концерттерін өзі тоқтатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол Алматы әкімдігінен кешірім сұрады.
Комиктің айтуынша, қазір ол депрессиядан емделіп жүр. Ал Астанадағы концертінде болған оқиға оған қатты әсер еткен. Осыған байланысты әзірге сахнаға шығуға дайын емес екенін айтты.
Қалиақпаров өзін қолдап, араша түскен қыз-келіншектерге алғыс білдірді. Сонымен қатар Алматы әкімдігіне ешқандай шағымы жоқ екенін атап өтті.
«Алматы әкімдігінен кешірім сұраймын. Өйткені Алматыдағы концертімді тоқтатқаннан кейін әкімдікке қатысты жағымсыз пікірлер айтыла бастағанын естідім. Бұл концертті өзім тоқтаттым. Керісінше, олар бізге концерт өткізуге әрдайым рұқсат беріп келді», – деді комик.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада Ғалым Қалиақпаровтың стендап-концерті аяқ астынан тоқтатылған еді. Ол өнер көрсетіп жатқанда сахнаға азаматтық киімдегі ер адам шығып, шараның «заңсыз» өтіп жатқанын мәлімдеген. Кейін Есіл ауданы әкімдігі ұйымдастырушылар концерт туралы жергілікті атқарушы органға 10 күн бұрын міндетті хабарлама бермегенін түсіндірді.
Әкімдік мәліметінше, оның қызметкерлері ұйымдастырушыларға заң талаптары мен көрермендер қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібін түсіндіру үшін барған. Кейін ұйымдастырушылар Есіл аудандық полиция басқармасына жеткізіліп, профилактикалық әңгімеден соң босатылған.
Осы оқиғадан кейін Қалиақпаровтың 21 тамызда Алматыда өтуге тиіс концерті де болмайтыны хабарланған. Енді комик Алматыдағы концертті тоқтату туралы шешімді өзі қабылдағанын нақтылап отыр.