Ғалымдар латын графикасын үйрететін бағдарлама ойлап тапты
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ғалымдары алғашқылардың бірі болып латын графикасын үйретуге арналған арнайы бағдарламаны ойлап тапты.
Ғылыми жоба «Латын графикасына өтуге байланысты интерактивті үйретуші бағдарламалар жасаудың лингвистикалық негіздері мен мультимедиялық технологиялары» деп аталады. Бұл жобаның арнайы бағдарламасында Android, iOS, Windows платформасындағы лингвистикалық сөздік, латын әрпіне автоматты түрде аударма жасайтын арнайы сайт пен дыбыс және бейнематериалдарымен сүйемелденген сандық электронды оқулықтар бар. Одан бөлек, латын графикасын үйрету үшін балаларға арналған ойын бағдарламалары мен мобильді қосымшалар енгізілген екен. «Ғылыми жаңалық университет базасында ашылатын Қазақ алфавитін латын графикасына көшіру жөніндегі орталықта тәжірибеден өтеді. Сонымен қатар орталықта оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттері латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиі бойынша оқып, жазуды меңгереді. Сондай-ақ мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және жетілдіруге бағытталған қосымша кәсіби білім беру бағдарламалары жүргізілмек. Бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейтін орталыққа білікті тіл мамандары жұмылдырылған. Орталықта оқу ордасының ғалымдары жаңа әліпбидің орфографиясы мен орфоэпиясын қалыптастыру бағытында арнайы сабақтар мен курстар өткізеді. Жаңа әліпби бойынша оқу-әдістемелік кешен жасалып, алдағы уақытта арнайы оқу құралдары да жарық көрмек. Қазіргі күнде арнайы тұжырымдама жасалып, негізгі басым бағыттары түзілді», – дейді университеттің баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан.Сондай-ақ «Жаңа заманның жастары өзгермелі уақытта өмір сүруге қабілетті болып қана қоймай, оқиғалар мен үдерістердің ортасында, көш басында болуы тиіс. Бұл – терең түйсіне білгенге бәсекелестікке апарар жолдың басы, ұлттық кодымызды көздің қарашығындай сақтаудың негізі. Қазіргі мемлекетімізге ұлтты ұйыстыра алатын, тың бағыттағы рухани ағым керек. Латын әрпін енгізудің басты өзегі де осында жатыр. Сондықтан да жаңа әліпби еліміз үшін қажетті, уақыт талабынан туындап отырған жаңа атрибут, аса маңызды фактор деп санаймыз», – дейді Ж.Асан.