Live

Ғ.Мүсірепов театрында «ГАМЛЕТ» спектаклінің премьерасы өтеді

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 5, 6 және 11 шілде күндері, сағат 18:30-да  «ГАМЛЕТ» спектаклінің премьерасы өтеді.

Гамлет

Классика қайта жаңғырады. Қазақ театр кеңістігіне Уильям Шекспирдің мәңгілік туындысы – «Гамлет» трагедиясы жаңа тыныспен оралмақ. Көпшілікке таныс, алайда әр кезеңде жаңаша үн қата білетін бұл пьеса енді заманауи сахналық интерпретацияда көрерменге жол тартады.

Қойылымды бүгінгі қоғаммен үндестіре, адам болмысы мен сатқындық, рухани тоқырау сынды күрделі тақырыптарды тереңінен ашып көрсетеді. Режиссері - Дина Жұмабай. Ол ғасырлар бойы өзектілігін жоймаған өмірлік және философиялық сұрақтарды бүгінгі көрермен көкейіне лайықты етіп жеткізуге тырысады.

«Спектакльде көрермен тек тарихи тұлғаны ғана емес, өзін де көреді. Басты кейіпкердің ішкі арпалысы – көпшіліктің ішкі шындығына айналуы мүмкін. Өйткені әділет пен ар, сатқындық пен шындық, билік пен парыз арасындағы тартыс – әр заманның шындығы», – дейді қойылым авторлары.

Туындыда театрымыздың кәсіби әртістері – Дархан Сүлейменов, Сафуан Рысбайұлы, Еділ Рамазан, Елдар Отарбаев, Шағуан Үмбетқалиев, Рахат Жұмаханов, Нариман Егімбеков және басқа да талантты сахна шеберлері өнер көрсетеді.

«Гамлет» – бұл тек спектакль емес. Бұл – рухани ізденіс пен адамзаттың ішкі күйзелісін бейнелейтін сахналық шежіре. Спектакль эстетикалық әсермен қатар, терең ойға, өз болмысымызды қайта қарауға итермелейтін дүние болмақ.

Билеттер театр кассасында және онлайн сатылады.

Тегтер: театр
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз