Сараптама

Граффити өнер ме, әлде вандализм бе?

Қандай да бір қаланың әр көшесінің өз үні, өз тарихы бар. Оны кейде көше бойындағы қарбалас тіршіліктен емес, мен ғимараттардың қабырғасынан-ақ байқауға болады. Мән беріп қарайтын болсақ, арагідік ғимараттардың қабырғасынан түрлі-түсті суреттер көзімізге оттай басылады.

Тоқаев

 Көлемді әрі көркем туындылар бір сарынды өмірге жан бітіріп, қаланың ажарын аша түсетіндей. Бұл – граффити. Әлемнің ірі қалаларында граффити көше мәдениетінің бір бөлігіне айналған. Қабырғаға салынған сурет арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, тарихи оқиғаларды еске салуға немесе белгілі бір әлеуметтік мәселеге назар аудартуға болады. Ал кей жағдайда көше өнері автордың наразылығы мен азаматтық ұстанымын білдіріп жатады.

Енді Қазақстанда қабырғаларға сурет салғысы келетіндердің әрекетіне тосқауыл қойылуы мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке қоғамдық ғимараттардың қабырғаларына заңсыз граффити салатын адамдарға қатысты қатаң шара қолдануды тапсырды. Президенттің айтуынша, қалаларда бұған жол берілмеуі керек. Сондай-ақ әлемде вандализм мен бұзақылықтың сорақы көрінісі саналатын, қоғамдық орындарды бүлдіретін «шығармашылықтың» мұндай түріне толық тыйым салатын заңдық-нормативтік шаралар қабылдаған жөн.

Граффити мәселесіне назар аударуға Астанадағы соңғы оқиға түрткі болған. Естеріңізде болар, жуырда белгісіз адамдар LRT вагондарының сыртына сурет салып кеткен-ді. Оқиғаға қатысты материалдар полицияға жолданып, вагондардағы жазулар арнайы құралдардың көмегімен тазартылды. Мұндай жағдай бұған дейін де қайталанған. 2021 жылы вандалдар Байқоңыр ғарыш айлағының аумағына заңсыз кіріп, құрылысы аяқталмаған «Буран» ғарыш кемесіне граффити салған. Биыл мамыр айында Париждегі Эйфель мұнарасының маңында «Қазақстан» деген жазу пайда болды. Бұл жағдай әлеуметтік желілерде сынға ұшырап, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мұндай әрекеттер елдің халықаралық имиджіне кері әсер ететінін мәлімдеді.

Дегенмен осы тұста мынадай сұрақ туындайды. Көше сурет өнерінің барлығын вандализмге теліп, жаппай тыйым салу қаншалықты орынды? Егер қоғамдық орындарда рұқсатсыз граффити салуға шектеу қойылса, бұл жағдай көше суретшілерінің жұмысына қалай әсер етуі мүмкін?

Санжар Сырғабаев

Суретші әрі өнертанушы Санжар Сырғабаевтың пікірінше, граффити мен муралды ретке келтіру көше өнерінің дамуына кедергі болмауы керек. Керісінше, бұл сапалы стрит-артты қалыптастыруға мүмкіндік беретін тетікке айналады.

«Мен осы өнерді ретке келтіруге қатысты әрекеттердің барлығын қолдаймын. Себебі біздегі бір ғана қаланың өзіндегі граффити мен муралдардың үлгілерінің сапасы нашар. Жалпы рұқсат алу үрдісіне граффити жасау үшін арнайы суретшілер комиссиясын құру керек деп есептеймін. Себебі арнайы білімі бар суретшілер, дизайнерлер қауымдастығынан арнайы комиссия құрылып, солардың мақұлдауымен жасалатын болса, граффити немесе мурал сапалы әрі сауатты болып шығады деп есептеймін», – деді С.Сырғабаев.

С.Сырғабаев Қазақстанда стрит-арт қауымдастығы қалыптасқанымен, бұл бағытты әлі де толыққанды дамыған өнер мектебі деп атауға ерте екенін айтты. Себебі қаладағы муралдардың бір бөлігінің мазмұны мен көркемдік деңгейі сын көтермейді. Ал граффити суреттер де белгілі бір эстетикалық нысан құрмай, шашыраңқы күйде жасалып жатқан жайы бар. Сондықтан мұндай жұмыстарды қаланың архитектуралық келбеті, тарихы және жалпы қалалық концепциямен үйлестіре отырып жасау маңызды.

Сарапшы президенттің рұқсатсыз граффитиге қатысты тапсырмасын орынды деп санайды. Оның айтуынша, Үлкен Алматы каналының бойындағы сияқты қоғамдық орындарда бейберекет жазулар мен сапасыз граффитилер қаланың көркіне кері әсер етеді. Ал рұқсатсыз суреттерді реттеу кәсіби суретшілердің шығармашылығына тосқауыл болмауы керек.

«Бұл тыйым өнердің дамуына кедергі келтірмейді. Осы күнге дейін жасалған муралдардың бәрі тексерістен өтіп келді. Арнайы конкурстар мен арнайы тапсырыстар арқылы жасалған. Ешқандай рұқсатсыз салынған жабайы граффити өнердің туын ұстап жүрген суретшілер үшін кедергі деп есептемеймін. Керісінше, рұқсатсыз сурет салып, анайы сөздер жазып кететін вандалдарды тежейтін орынды бастама», – дейді өнертанушы.

Санжар Сырғабаевтың пікірінше, граффитиді біржақты вандализм деп бағалауға болмайды. Мұндай жағдайда ең алдымен туындының сапасы мен мазмұнына қарау керек. Егер сурет арзан әрі сапасыз орындалса, оны өшіруге негіз бар. Ал көркемдік деңгейі жоғары, эстетикалық мәні бар, белгілі бір идеяны жеткізетін немесе қоғамдағы шындықты көрсететін туындыны вандализмге балап өшіру дұрыс емес.

«Кейде көшеде тұрған суретті вандализм деп бағалап, дәл сол туынды музейде тұрса, оны шедевр деп қабылдауымыз мүмкін. Сондықтан граффитиді бағалауда оның қай жерде тұрғанынан бұрын, көркемдік сапасы мен идеясын ескеру қажет. Одан бөлек, көшеде салынған арт-жоба немесе сурет көркемдік жағынан сапалы болып, қоғамдағы шынайы мәселелерді көтеріп тұрса, оны салған адамды емес, сондай туындыны өшіргендерді «вандал» деуге болады. Кейде шынайы мәселеге назар аударудың орнына, сол шындықты көрсетіп тұрған дүниені жойып жіберу оңайырақ көрінуі мүмкін. Граффитиді вандализм деп бағалап, өшіруге асықпау керек. Осындай жағдайда әр туындыға жеке қараған жөн. Өйткені мұндай жұмыстар тек қабырғадағы сурет емес, қоғамдағы белгілі бір пікірді, ойды немесе шындықты жеткізудің формасы болуы мүмкін», – дейді өнертанушы.

Суретшінің пікірінше, сапалы стрит-артты жаппай жоюдың орнына, қалада арнайы орындар бөліп, суретшілерге заңды түрде шығармашылық жұмыстарын ұсынуға мүмкіндік берген жөн.

Жәнібек Жұмағалиев
Жәнібек Жұмағалиев, Фото: жеке мұрағатынан

Ал өнертанушы әрі мурал шебері Жәнібек Жұмағалиев мурал мен граффитидің айырмашылығы ең алдымен көлемі мен орындалу тәсілінен көрінетінін айтты. Оның түсіндіруінше, мурал – ғимараттың тұтас қабырғасына салынатын көлемді бейнелеу өнері. Мысалы, ол көпқабатты үйдің бір қабырғасын толық қамтуы мүмкін. Ал граффити, әдетте, қабырғаның белгілі бір бөлігіне салынады.

Суретшінің айтуынша, өзі және командасы барлық жұмысты тек рұқсатпен орындайды. Алдымен тұрғындармен, кейін қала әкімдігімен эскиздерді келісіп, қажетті құжаттарға қол қойылып, рұқсат алынғаннан кейін ғана жұмысқа кіріседі. Осы ретте Ж.Жұмағалиев граффитидің қоғамдық мәселелерді көтерудегі рөліне де тоқталды. Оның пікірінше, граффитиге шектеу қою стрит-арт суретшілердің қоғамға өз ойын жеткізу мүмкіндігіне әсер етуі мүмкін. Себебі көше өнерінің қалыптасу тарихының өзі қоғамдық пікірді ашық білдірумен байланысты. Граффитидің шығу тарихына үңілетін болсақ, ол өз ойын сурет арқылы білдіру мақсатында пайда болған. АҚШ-та граффити алғашында метро вагондары мен көпірлерде, Еуропада ғимараттардың сыртында адамдардың өз ойын жеткізу құралы ретінде көрінген.

Ж.Жұмағалиевтің айтуынша, заңсыз граффитиге қойылатын талаптар заңды түрде жұмыс істейтін суретшілерге кедергі келтірмейді. Себебі олардың әр жұмысы белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

«Мұндай шектеулердің өзіндік мәні бар. Өйткені қоғамдық орындарға салынған кез келген жазу мен суреттің артында қандай мақсат, қандай идея жатқанын бірден анықтау мүмкін емес. Кей жағдайда мұндай әрекет арандатушылық сипат алып, үлкен қоғамдық дауға ұласуы мүмкін. Әсіресе елдің бірлігі мен тұтастығына әсер ететін мазмұндағы дүниелер қоғамда алаңдаушылық туғызады. Сондықтан мұндай қауіптердің алдын алу тұрғысынан белгілі бір шектеулердің болуы түсінікті», – дейді Жәнібек Жұмағалиев.

Ол қоғамдық немесе тарихи нысандарды «өз ойымды білдіру» деген желеумен бүлдіруді өнер деп қабылдамайтынын атап өтті.

«Еуропаның кейбір елдерінде тарихи тұлғалардың ескерткіштеріне түрлі символдар салып, бояп кететін жағдайлар кездеседі. «Өз ойымды білдірдім» деген түсінікпен қоғамдық немесе тарихи нысанды бүлдіруді өнер деп қабылдай алмаймын. Мен үшін өнердің құндылығы оның айналаға зиян келтірмей, керісінше, қоғамға ой салып, эстетикалық мән беруінде. Қазір біздің командамыз осы мәселеге қатысты арнайы түсіндірме әзірлеп жатыр. Онда заңсыз граффити, вандализм және мурал ұғымдарына нақты анықтама беріп, олардың айырмашылығын түсіндіреміз. Себебі көпшілігі бұл ұғымдарды шатастырады. Мәселен, кей адамдар кез келген қабырғадағы көлемді суретті граффити деп қабылдауы мүмкін немесе керісінше, заңсыз салынған жазуды муралмен теңестіреді», – дейді ол.

Жұмағалиевтің пікірінше, мурал, граффити мен вандализмді бір ұғым ретінде қарастыруға болмайды. Олардың арасындағы айырмашылықты нақты ажыратып, ерекшелігін қоғамға түсіндіру маңызды. Көше өнерінің табиғаты мен ерекшелігі неғұрлым түсінікті болған сайын оған қатысты қоғамдық пікір де соғұрлым сауатты қалыптасады.

Маржан Сәбет

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз