Граффитиге бақылау күшеймек: Депутаттар заңды стрит-артқа арнайы орын бөлуді ұсынды
Қазақстан қалаларындағы граффитиге қатысты бақылауды күшейту қажет. Мәжіліс депутаты Мейрамбай Кемалов вандализмнің алдын алу үшін бірқатар ұсыныс айтты.
Депутаттың сөзінше, қоғамдық нысандарға заңсыз сурет салатындарды дер кезінде ұстау қиын. Себебі мұндай әрекеттер көбіне түнгі уақытта жасалады. Құқық бұзушылар бет-жүзін маскамен жауып, капюшон киіп алатындықтан, оларды «ізін суытпай» анықтау оңай емес. Мұның өзі кейбір адамдарда жазадан құтылып кетемін деген түсінік қалыптастыруы мүмкін.
Кемалов граффитиге қатысты тағы бір мәселе – заңды түрде стрит-артпен айналысуға арналған орындардың аздығын атап өтті. Оның пікірінше, барлық граффитиді бірдей заң бұзушылық ретінде қарастырмай, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беретін арнайы алаңдар қарастырылуы керек.
Осыған байланысты депутат бірнеше ұсыныс жасады. Соның ішінде граффити жиі салынатын аумақтарды анықтап, «вандализмге бейім аймақтардың картасын» жасау, бейнебақылау жүйелерінің адамның бет-жүзін тану мүмкіндігін жетілдіру және заңды граффити салуға арналған арнайы орындар белгілеу ұсынылды.
Бұл бастамалар бір жағынан қоғамдық нысандарды заңсыз суреттерден қорғауға, екінші жағынан стрит-артпен айналысатын жастарға шығармашылығын заң аясында көрсетуге мүмкіндік береді.